Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы өнеркәсіптік жобалардың жай-күйімен танысты

Аймақ басшысы өнеркәсіптік жобалардың жай-күйімен танысты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовпен бірге сол жағалаудағы шағын өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысты.

Өткен жылдан бері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалаудағы «Тұмар» жеке кәсіпкерлігі мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің базасында шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылмақ. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 52 млн теңге.

«Тұмар» ЖК құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, 1,9 мың шаршы метр нысан аумағын абаттандыруда. Қазіргі таңда 682 шаршы метр аумаққа 7 жоба орналастырылуда. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін шағын цех, кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш бұйымдары мен жартылай фабрикаттар өндіретін екі цех іске қосылмақ.
«Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі де құрылыс жұмыстарын толық аяқтаған. Жалпы ауданы – 1,9 мың шаршы метр.

Айта кету керек, шағын өнеркәсіптік парк – жалға алушы кәсіпорындардың өндірістік қызметін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған арнайы аймақ. Мұнда қажетті инфрақұрылым, инженерлік желілер, өндірістік, қойма және әкімшілік ғимараттар толық қарастырылған.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 

06 шілде 2025 ж. 161 0