Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Абай жолындағы» еріктілік

«Абай жолындағы» еріктілік

Биылғы жыл Жастар жылының жалғасы ретінде Еріктілер жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетте көмекті қажет ететін жандарға шынайы жанашырлық көрсету нағыз қазаққа тән қасиет екенін атап өтті. Расында, жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтайтын елде қайырымдылық көрсету, жанашырлық таныту – әуелден қалыптасқан қасиет. Бұл жолда қандай таршылық пен жоқшылық нәубет келсе де бір үзім нанды өзгелермен бөлісіп жеген ұлттыҢ ұлылығы өзгелерге үлгі-өнеге.
Ерікті болу дегеніміз – көмекті қажет етушілерге сүйіспеншілік танытып, жәр­дем көрсету. Қайырымдылық – адам­заттың асыл қасиеттерінің бірі екені айтпаса да белгілі. Сол себепті де еріктілік қызмет – өз еркіңмен істе­летін қайырымды шара. Яғни ерікті болу – жүректің ісі. Міне, осы жүректің қала­уымен жарымжан жандарға, кө­мекті қажет ететіндерге қамқорлық көр­сету – нағыз ерлік. Сондай-ақ жүрек қалауының қызметі қазақ халқының қо­ғамдық-әлеуметтік өмірінде ежелден келе жатқан – жылу жинау немесе асар жасау дәстүрлерінің тарихи жал­ғасы болып саналады. Бұл тұста Мем­лекет басшысы «Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қа­сиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмек­тесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз» – деп атап өткен болатын.
Халқымызда табиғат апатынан неме­се өзге де бақытсыздық салдарынан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылған отбасыға ел болып көмектесу бағ­зыдан қалыптасқан. Оның бір үлгісі – төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман-эпопея «Абай жолында» бар. Бар дейміз-ау, жалпы қазақтың дана, дара тұлғасы жөніндегі эпопея тұнып тұрған еріктілік. Бүкіл қазақтың болмысы бейнеленген шығарма бойында жақсылық жасау, ізгілік көрсету, қайырымдылық, досқа, бауырға деген бауырмалдық, ағайынға деген жанашырлық, қиын-қыстау кезең­дегі көмек көрсету, бәрі бар.
Роман-эпопеяда Абай Құнанбаевтың жеке өмірі мен өсу жолы ғана суреттеліп қоймайды, сонымен қатар ақын өмір сүрген қоғамның қоғамдық-әлеуметтік жағдайы, оның ішінде асарлату, жылу жинау дәстүрі жан-жақты бейнеленген. Мәселен, романның «Қияда» атты тара­уында дана Абайдың жерінен айырыл­ған, малынан ажыраған, жұтқа ұшыраған аш-арық халыққа жанашыр­лық, қайырымды іс-әрекеті баяндалады. Ол «Ағайынға қайырым етіңдер» деген ұранмен көпке көмек қолын созады.
Жалпы қазақ халқы әуелден төрт-түлікті күнкөріс қамы еткен. Жыл он екі айда ішері мен мінері сол. Сояры, сатары да сол. Киер киімі, бас панасы да сол айналдырған аз тұяқ. Ал табиғат апаты, жұт болғанда қорасындағы азын-аулақ тұяқтан айырылса, күнкөрісі әлсіз, осал болмақ. Міне, осындайда іргелі ел, жұрағат, жұрт болып қиындыққа төтеп беру үздік туындыда көрініс тапқан. Жұт деген, жоқшылық, апат деген осындай болып қақ қасын келгенде Абай ерікті түрде жұртқа жанашырлық танытты.
«Малдарын күресін қардың арасына тығып, қоянның кеуегіндей оптың ішін паналаған жандарға жаны ашыды. Әрбір ауылдың үлкендеріне соңғы рет қайтадан соғып:
– Тоңғандарың мына тұс-тұсыңдағы ауылдарға барып, жылынып қайтыңдар. Бір-бір мезгіл ыстық ішіңдер. Осы қо­рықтарда отырған ауылдардың бәрі де ағайын ғой. Қумайды. Жасқанбаңдар!.. – деген сөздерінен данышпанның апатпен алысып жатқан ағайынды бірлікке, бір­лесе қиындықтан шығу жолдарын ізде­генінің көрінісі. Боран болып, ел қиналғанда Абай ат үстінде жортып жүріп, бар қыстауды аралап шығады. Сондағысы халыққа қамқорлық жасауды басты міндеті санайды.
«Әр ауылдың Ызғұтты сияқты үл­кендерін және әсіресе, ас иесі кексе қатындарын тысқа шақыртып алып:
– Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етіңдер! Ауылда неше қазан болса, соның бәріне ыстық істеп, күніне бір-бір рет қорек беріңдер! – деп, қадағалап, тапсырып шықты. Осымен әр ауылдың күтетін аш-арығы белгіленіп, тұс-тұсындағы түтіндерді меншіктеп алды».
Демек, қиыншылық келгенде өзіңде барды өзгелермен бөлісуді, қай уақытта да ағайынға жақсылық жасауды Абай жан-жағындағыларға өзі үлгі бола жүріп, насихаттаған. Тіпті романда қысылтаяң шақта өзінің қамын ғана ойлау қазақтың қанында жоқ қасиет екенін ұғындырады. Оны Қаражанға айтқан мына сөзінен анық аңғаруға болады:
« – Мынау маңайдағы ел жұтап, қырылып жатыр. Бас аманда пішеніңді шабатын, құдығыңды қазатын, ма­лыңды суаратын, барып-келіңе жүретін сол ағайын болатын. Қазір қысылып, басына күн туып кеп тұр. Малдарына жайылыс бердік. Өз қыстаулары алыста. Күн болса суық. Осы маңдағы барлық ауылға кісі үлестіріп беріп келеміз. Біздің ауылда 40-50 жан болады! Орын жетпей жатыр. Жаңа өздеріне атап тапсырдым. Сенің аулыңның тұсында жиырма кісі бар. Төрт ауылдың адамы. Соларға күніне бір мезгіл ыстық істеп беріп отыр...»
Осылайша, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дейтін Абай «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін іспен дәлеледейді, жылы жүрек қалауымен игі іс атқарады.
Бұдан бөлек эпопеяның бірінші то­мының «Өрде» тарауында Бөжей асы туралы айтылады. Ел мен елдің арасы бірде қату, бірде тату болып, сұлтандар өзара бітім-тынымға келе алмай, ара­ларында пайда болған талас-тартыс өр­шіген. Алайда Бөжей дүние салып, асы берілер шақта Абай әкесіне:
– Тағы бір жайды айтуға рұқсат етіңіз. Ол мына Бөжейдің асы туралы. Бұл жөнде біз ада қылмаған ағайын міндеті көп. Жалғыз-ақ, енді мынау ас жалғыз Жігітекке сын емес. Бірнеше дуанның еліне сауын айтып отыр. Ағайынмын, адаммын дегеннің бәріне сын. Өлімінде оқшау қап ек, енді тым құрыса, мынау асына атсалысайық, – дейді.
Елге сыйлы жанға ас беру бір жағынан еске алу рәсімі болса, екінші жағынан елдің татулығын, бірлігін нығай­тады. Осындай аста қонақ күту кәдесі өте ерекше. Бұл жерде асты өткізуде барлығы жұмыла кіріседі. Міне, Бөжей асында да ағайын болып атсалысуға Абай өз еркімен рұқсат алып, жоқ-жітікті түгендейді.
«Қонаққа тігіліп жатқан үйлердің ортасынан Абай өзі тіккізетін үйлерге бөлек орын тілейді. Ол үлкен үйді осы бүгіннен қалдырмай әкеліп тігудің міндетін алады. Он үй – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін үй болмақ. Сол үйлерге арналған ішкі жасау, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ – баршасы үйлермен бірге келеді. Және он үйдің ертеңгі-кеш ас азығы, бар сойысы, барлық күтімі өзіне бөлек. Ол Абайлардың өз мойнында. Ас ошағын да өздері жайлайды. Ас­пазшы, күтуші, даяршы жігіттердің бә­рін де Абай өзі қамдайды». Осының бәрін Абай өзі ерікті түрде абыроймен атқаруға мойнына алады. Жас болса да үлкендер сенімін ақтап, асты абыроймен өткізеді. Мұның өзі түсінген жанға еріктілік, ағайынға деген сүйіспеншілік, жанашырлық. Осы арада барлық істі атқаруда асар әдісі бар екені айқын аңғарылады.
Жалпы, роман-эпопеяның әрбір та­рауынан, шығарманың өн бойынан ерік­тілік тақырыбын айтып тауыса алмас­пыз. Өйткені қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, қазақи болмысты бүкпесіз баяндайтын роман осындай ізгі қасиетке тұнып тұр. Асылында, данышпан Абай­дың өзі риясыз, ерікті түрде бар­шаға жаны ашып, қазақ тарихының бедеріндегі еріктіліктің үлгі-өнегесін көр­сетіп кеткені даусыз.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
18 ақпан 2020 ж. 770 0