Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ – БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ

МЕНІҢ ТАҢДАУЫМ – БАЛАЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУ


Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттерінің бірі саналады. Өйткені, көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек көрінісі осы қасиет арқылы байқалады. Мұқтаж жандарға жақсылық жасау – бұл адам баласының ең ізгі амалы. Сондықтан жақсылыққа жаны құмар жандар өмірдегі бақытты адамдар екені анық.
Қазақта «Кең болсаң – кем болмайсың» деген нақыл бар. Мұның астарына үңілсеңіз, адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзейді. Яғни, «Атымтай Жомарт» атанып, мұқтаж жандарға көмектесіп, кең болғанда, төрт құбыла тең болады деген сөз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Демек, жақсылыққа жаны құмар жандар толассыз қайырымының қайырын көретіні анық.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында рес­публика көлемінде «Мектепке жол» акциясы өтеді. Мұндағы мақсат аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептермен мектепке бара алмай қалған балаларға көмек көрсету болып табылады. Яғни, «бар жақсылық балаларға» деп, олардың сапалы білім, тағлымды тәрбие алуына ел болып атсалысып, мүмкіндік жасау. Осы жолда жомарт, қайырымды адамдар қолдарынан келгенше көмек көрсетіп, игі іске жұмыла атсалысу қажет.
Биылғы жылы ұйымдастырылып отырған рес­публикалық акция «Менiң таңдауым – балаларға көмек көрсету!» ұранымен өтуде. Осының барысында көмекке мұқтаж балаларды оқуға қажетті құралдармен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде еш аянып қалмау керек. Өйткені, бала қуанса – ол қуаныштың төресі. Сол себепті, жақсы жандар игілікті іске бір кісідей жұмылып, қайырымды іске жанашыр болғанда ел тізгінін ұстар бала­лардың болашағы баянды болары сөзсіз. Пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – делінген емес пе?!

Е.БЕРКІНБАЕВ
22 тамыз 2018 ж. 3 275 0