АЖАЛ ОҚПАНЫ
Бұрнағы күні аудандық газеттен аудан халқына арналған Үндеуді оқып, бей-жай қарай алмадым.
Шынында да ғасыр тажалына айналған, құлаққа түрпідей тиетін есірткі сөзі тұрмысымызға дендеп енгенін естігенде төбе шашым тік тұрды. Иіріміне түссе ажал оқпанына қарай сүйрелей жөнелетін есірткіге тәуелділік, одан мол пайда табуды көздейтін ашкөздік – жолында кездескенді жайпап тастайтын зор күшке ие. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» демейтін бе еді мұндайда. Оңай жолмен келетін мол пайдаға құныққандар үшін адам өмірінің, тағдырының құны көк тиын. Сондықтан әр ата-ана, әрбір саналы азамат ондай кеселді кесапаттың жолын кесуіміз керек. Балаларымызға, айналадағы өзіміз танитын, көрші-қолаң, ағайын-туысқа есірткінің зияны, оның құрдымға кетіретіні, бала болашағына балта шабатыны жайлы айтып, насихаттап жүру керек деп ойлаймын. Адамның жанын уақытша рахатқа бөлейтін кесел түптің түбінде тәнді азапқа салады, орны толмас өкінішке ұрындырады. Тіпті өзі өмір сүрген ортадан оқшаулап, өз әлемімен арпалысып кететін ондай адамдар ақыр соңында тірі өлікке айналады. Сондықтан есірткіге, есірткі бизнесіне қарсы тұрып, оның таралуына тосқауыл қою әрбіріміздің азаматтық парызымыз деп есептеймін.
М.КЕНБАЕВ,
еңбек ардагері, Аманкелді ауылы