Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақытын еңбектен тапқан

Бақытын еңбектен тапқан

«Адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылық – еңбек. Адал еңбектің мәні ешқашан жоғалмайды. Әрбір адам биік арманына еңбектің арқасында қол жеткізеді». Бұл бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған «ҚР Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жамиға Іздібаеваның пікірі. Иә, расында да бақ пен дәулеттің, ырыс пен несібенің баян­ды болуы адал еңбекке байланысты болмақ.

Жақында «Қазақстанның Алтын кітабы» атты жинақ қолымызға тиді. «Orda.kz» баспа үйінің бас­тамасымен жарыққа шыққан кітапта адал еңбекті ту етіп, абырой биігіне көтерілген өз ісінің білікті мамандары туралы жазылыпты. Нұр-Сұлтан қаласында басылып, түптелген кітапты парақтап отырып, «ҚР Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жамиға Іздібаева туралы жазылған мақаланы көзіміз шалды. Дереу оқып, танысып, еңбекпен өрілген өнегелі өмір иесінің адал еңбегіне, ауданымыздың әлеуметтік саласында атқарған істеріне қанықтық.

Ауданның әлеуметтік саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен кейіпкеріміз негізінен Арал ауданындағы Қамбаш станциясының тумасы. 1965 жылы Қамбаштағы №21 орта мектебінің табалдырығын аттап, он жылдықты мектепті үздікке аяқтаған ол жастайынан ізденімпаз, оқуға құштар болып өсіпті. Жақсы істі білуге, игеруге талаптанған Жамиға Іздібаева өзінің еңбек жолын Қазалыдағы колхозаралық құрылыс ме­кемесінде бастаған. Кейіннен Жамбыл техно­логиялық институтының «Есеп және экономика» факульте­тіне дайындық курсына оқуға түсіп, 1981 жылы тәмамдаған. Сол жылы жолдамамен Жалағаш аудандық «Қызылордаводстрой» ПМК-14 мекемесіне есепші болып орналасады. Ал, 1983 жылы Тереңөзекке қоныс аударады. Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, аға экономист, қаржыгер болып еңбек етеді. Тәжірибелі қызметші 1997 жылы аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің әлеуметтік сақтандыру қорына маман болып қабылданып, 1999 жылы тұрғын үй жәрдем ақысын тағайындау маманы ретінде еңбек жолын жалғастырады.

Өз жұмысына жауапты әрі тапсырылған іске тиянақтылықпен қарайтын Ж.Іздібаеваның жұртшылықпен жұмыс жасауды терең меңгергенін атап өтуіміз қажет. Алдына жұмыспен келген әр адамның мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, мәселесін шешуге жанашырлықпен қарап, жұмыстың нәтижелі бітуіне күш салатынын әріптестері де жоғары бағалайды. Сол еңбегінің жемісі болар, өз ісінің білгірі 2002-2005 жылдары аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, бақылау және кадр жұмыстары бөлімінің жетекші маманы қызметтерін абыроймен атқарды. Бұл туралы сол кезде ауданда жауапты қызметтерді бірге атқарған Балшекер Өтегенова баяндайды.

– Байырғы әріптестеріміздің болмысы, атқар­ған еңбегі жергілікті халықтың және біздің көз алдымызда болды. Ауданның әлеуметтік саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен, талай ұйқысыз күндер мен түндерді өткерген Жамиға Іздібаеваны өз ісінің майталманы дер едім. Әлеу­меттік саланың жұмысын осы салада еңбек еткен адам ғана түсінеді. Қиын әрі күрделі салада жұмыс істеу тәжірибемен қатар кішіпейілділікті, адалдықты және аса жауапкершілікті талап етеді. Осы қасиеттердің бәрі бойынан табылатын Жамиға Іздібаева қатардағы маманнан бас­тап бөлім басшысының орынбасары, аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесінің директоры секілді лауазымдарды абыроймен атқарды. Өз ісіне, есеп-қисапқа өте мығым маман ретінде ұжымда абыройлы болды. Жастарды тәрбиелеп, әлеуметтік сала жұмысының ілгері басуына зор үлес қосты, – дейді Балшекер Сұлтанбекқызы.

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы 2017 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Ұзақ жылғы еңбегі лайықты еленіп, «ҚР Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы мінсіз қызметі үшін облыс, аудан әкімдерінің, аудан прокурорының Алғыс хатымен, облыстық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Ең бас­тысы, әріптестеріне сыйлы, ағайын-туысқа қамқоршы болды. Бүгінде жолдасы Қимабек Мұхамеджановпен бірге үш ұл өсіріп, екі келінінен тараған ұрпақтардың қызығын көруде.

– Қай заманда да адал еңбектің құндылығы ешқашан жоғалмайды. Мен қатардағы жұмыс­шыдан бастап, басшылық қызметке дейін­гі үлкен өмір мектебінен өттім. Жақсы, іскер кісі­лермен әріптес болдым. Кейінгі буынға білгенімді үйретуден жалыққан емеспін. Жақын­да «Қазақстанның Алтын кітабына» жариялау жөнінде ұсыныс түскенде, еңбек еткен кезеңдерімді ой елегінен өткіздім. Мың да бір шүкір, бейнетіміздің зейнетін көрудеміз. Әлеу­меттік салада еңбек ететін мамандарға сала арда­гері ретінде әрқашан тілектеспін, – дейді Жамиға Іздібаева.

Сый-құрметке бөленіп, есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енген сала үздігі отбасында ардақты ана, асыл әже. Ол үнемі ұрпақтарына ұлттық құндылықтарды, қазақы тәлім-тәрбиені үлгі етіп, ағайын-туысқа өнеге көрсетіп келеді. Осы ретте, Қимабек Мұхамеджанов пен Жәмиға Іздібаеваның ұрпақтарының да үлкен-кішіге ілтипаты мен құрметі ерекше екенін атап өткеніміз жөн. Мәселен, былтыр аталары соғыс және еңбек ардагері Тұрсын Мұхамеджановқа көше берілерде майдангердің есімін жаңғыртуға ұрпақтары зор үлес қосты. Нәтижесінде Шаған ауылындағы Есет би көшесінің тұйығы тұсынан майдангер есімімен аталатын көше берілді. Бұл әулеттің аудандағы өзіндік орны, мәртебелі төрі бар екенін білдіреді. Міне, осындай іргелі әулетке келін болып түсіп, қазір өзі де ардақты ана атанып отырған Жәмиға Іздібаеваны бақытын еңбектен тапқан ардақты жан деп айтуға толық негіз бар.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
06 сәуір 2021 ж. 1 065 0