Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ШЕРТЕМ... (Әссе)

СЫР ШЕРТЕМ... (Әссе)


Сол бір көктем әркез есімде. Көктемде табиғат оянып, жылы самал желмен қуаныш, бақытты күндерді әкелгендей. Айнала қып-қызыл қызғалдақтар, кілем төселіп қойғандай...
Сол жылы мен «Кәукей» деген ауылға келін болдым. Үлкен, киелі, дәулетті отбасы екен. Өзім жалғыз болып өскесін, осындай көп балалы үйдің табалдырығын аттағаныма қатты қуандым. Сол үлкен әулетте ата-енемді өмірге үлгі еттім. Сол жанұяда бір-біріне қатты ұқсайтын сары үркек балапандар бар екен. Ол менің қайныларым, қайын сіңлілерім. Қайнаға, қайын апаларым және бар. Олардың ойы әр түрлі, әрқайсысының мінезі бар. «Құдай әр адамның санасына берсін»,-дейді ғой. Бірақ мақсаты бір, бірлік пен адамгершілік, еңбек пен сабырлылық. Оның бәрі ананың ақ сүтімен дарыған. Қайын жұртым мені жылы қабылдады. Мені жатсынған жоқ, бір ауыздан жақсы көрді, өздеріне жақын тартты.
«Нәресте анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі– ішсем, жесем, ұйықтасам – бұлар тән құмары. Екіншісі – білсем деген, не көрсем, соған талпынып... көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді – мұның бәрі жан құмары. (Абай Құнанбаев) Сол бір үлкен әулетте Бектас деген қайным енді ғана 7 жасқа толып, бірінші сыныпқа баруға дайындалып жүр екен. Өзі кішкентай, қап-қара, бұйра кекілі бар, әдемі көздерімен мені баурап алды. Әрдайым қолында сыртқы беттері жоқ, әліппе кітабын тастамайтын, маған қоятын сұрақтары да көп.
Уақыт тез өтеді...
Бекен №35 мектепті бітіріп, армандаған мамандықты игерді. Алғашқы махаббатын да кездестірді. Алдына үлкен мақсат қойып, дәрігертравматолог болып ауылға, Тереңөзекке келді. Халыққа алған білімімен қызмет жасады. Өзі білікті дәрігер, сезімтал, жан-жақты, қиялдан туған ғажайып туындылары қаншама. Домбыра тартып, өлең айтатын еді, өлең жазып, оны домбырамен орындайтын. «Нағашыма», «Ауылға барғанда» тағы басқа, одан бөлек гүл өсіруді жақсы көретін.
Сабырлы, парасатты, Сыр өңіріне белгілі дәрігер, халқына қалаулы, еліне елеулі, бір асқар таудай азамат еді.
Абай Құнанбаев атамыз айтқандай «Үш – ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Осы қасиеттердің бәрі Бектас қайнымның бойынан табылатын. Мен іштей өкінемін. Үлкен болғаным осы ма? неге қорған болмадым?, іштегі жанын жеген сырын білмедім? - деп. Неге асықтың екен? Әрине, бәрі Алланың қолында!..
Десе де қайран дүние-ай, деген өкініш өзегімді өртеп барады. Күні кеше ғана ортамызда ойнап, күліп, балалық бақытты шақтарын, ең қызықты сәттерін бастан өткізген аяулы әулетіміздің баскөтерер ұлы Бектас өмірден озды. Егіле отырып Бектастың жазбаларын қарадым. Кенет көзіме мына жазғаны түсті.
Жүзінен шуақ төгілген,
Жан едің жарқын сымбатты.
Орын ап әрбір көңілден,
Досқа адал болдың қымбатты.
Жамандыққа бармадың,
Алдыңда мақсат көп еді.
Таудай боп арман, талғамың,
Тағдырға бір-ақ не дауа.
Қысқа да болды өмірің,
Сағынып енді ағайын.
Жаспенен басар көңілін.
Есіктен күліп енер деп,
Бауырларың күнде іздейді.
Жарқырап жүзі келер деп,
Үмітін әлі үзбейді.
Жер ана тербеп бесігін,
Жалғасып өмір тілекке.
Нұр жүзің, жарқын есімің,
Сақталар мәңгі жүректе.
Бұл өлең жолдары Бекеннің осыдан бір жыл бұрын өмірден өткен ұлына арнап жазғаны-ау деп топшыладым. Іштегі өкінішін, шерін, сағынышын қағазға түсірген қайран қайным, өзі де келместің кемесіне мініп кете барды. Үнемі адамдық биіктен көрінетін, ағайын-туысқа, жора-жолдасқа сыйлы жанның бұл жан тебіренісі, өз отбасына саялы ағашты морт сындырып құлатқандай.
Сыр шерткен Құралай ДОСМАҒАМБЕТОВА,
ардагер – ұстаз.
19 қыркүйек 2018 ж. 1 077 0