Өмір жолы өнеге
Тағдыры тағылымға толы Аршагүл Қаржаубаеваның саналы ғұмыры білім беру және тәрбие саласымен, оның ішінде аудан орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы оқу ордасымен тығыз байланысты болды. Бүгін газетіміздің жанашыры әрі тұрақты оқырманы Жадыра Бағдатованың ұсынысымен ұлағатты ұстаздың ізгі ғұмыры туралы бір үзік сыр шертпекке қолға қалам алдық.
«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деп данышпан әл-Фараби жақсы ұстаздың қасиеттерін айшықтайды. Өнеге толы өмірін білім беру саласын дамытуға арнаған Аршагүл Қаржаубаеваның бойынан аталған ізгіліктің бәрі табылатын еді...
Аршагүл Мешітбайқызы 1952 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1959 жылы мектеп табалдырығын аттап, он жылдан кейін «Жас түлек» атанып, үлкен өмірге қадам басқан. Ұстаздық ұлы жолды таңдаған үлкен жүрек иесі мектеп бітірген жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институына оқуға түсіп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Қызметтік жолын 1973 жылы Қызылордадағы №253 мектептен бастап, білімі мен білігін тәжірибемен толықтырған. 1977 жылы Тереңөзек кентіне көшіп келіп, сол жылдан бастап 35 жыл табан аудармай аудан орталығындағы білімнің қара шаңырағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектепте ұстаздық еткен. Аршагүл апай саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен ұлт болашағының білімді, кемел азамат болып өсуіне арнаған. Әріптестерінің ортасында сыйлы болған жанға үлкеннің де, кішінің де ілтипаты ерекше еді. Себебі, Аршагүл апай ар мен намысты бәрінен биік қойған, туралықтан таймаған, тік мінезді педагог-психолог еді. Ол үлкен құрметке лайық болатын. Әріптестері ақжүрек жанды ерекше сыйлап, 2012 жылы зейнет демалысына шығарып салды. Білім берумен ғана шектелмей, мектеп өмірімен тығыз байланыста болған Аршагүл Мешітбайқызы жас мамандарға да көрген-білгенін, өмірлік тәжірибесін үйретті. «Апайдың алдына қандай да бір мәселемен барған адам жарты сағаттық шүйіркелесуден кейін бәрін ұмытып, өмірге ынталана түсер еді. Себебі, ол – нағыз педагог, әрі білікті психолог болатын» деп сыр шертеді ардагер-ұстазбен қызметтес болған жандар. Өкініштісі, ардақты ана, аяулы әже, асыл жар болған Аршагүл Қаржаубайқызы 70 жасқа таяған шағында бұл дүниемен қош айтысты. Артында кейінгіге қалдырған өлмейтұғын ісі мен мыңдаған шәкірті қалды.
Аршагүл апай мектепте білікті маман болса, отбасында ақылшы әже, ардақты ана еді. 1977 жылы Әбілқасым Сүлейменовпен отау құрып, екі ұл, бір қыз өсіріп, оларды оқытып-тоқытып, үлкен азамат еткен. Бүгінде балалары отбасылы, олардан тараған он бір немере бар.
– Аршагүл апаймен ұзақ жыл қызметтес болдық. Жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы жан еді. Турашылдығы мен біліктілігінің арқасында ортамызда сыйлы болды. Бетке ұстар, бойтүзер алдыңғы арбамыз еді. Ерен еңбегінің арқасында Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», сондай-ақ, облыс, аудан әкімдері мен білім бөлімі, кәсіподақ ұйымдарының арнайы марапаттарына ие болды. Апайды зейнет демалысына шығарып салғаннан кейін де мерекелерде құттықтап, шаңырағына арнайы бас сұғатынбыз. Сонда Аршагүл апай балаша қуанып, өткен күндерді еске алып бір жасап қалушы еді. Ұлағатты ұстаздың өсиет-өнегесі мен жарқын жүзі әріптестерінің мәңгі есінде сақталады, – дейді Аршагүл апаймен ұзақ жыл бойы қызметтес болған, 2013-2020 жылдар аралығында білім ордасының директоры қызметін атқарып, бүгінде абыройлы зейнет демалысына шыққан ардагер-ұстаз Әсем Мәлікқызы.
Иә, ұжымдастары мен шәкірттері ұстаз бейнесін естен шығармақ емес. Жақында О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп ұжымы бүгінгі ұрпақ – ертеңгі насихаттаушы шәкірттерді құрметті ұстаздың өмірдерегімен таныстыру мақсатында «Ұстаз туралы толғаныс» тақырыбында арнайы бейнекөрініс дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Өзі өмірден өтсе де, ұрпақ болашағына, тәрбие мен білім кеңістігіне қосқан елеулі үлесі туралы бір үзік сыр шерткен №210 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Әкімтаева:
– Аршагүл апай ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзіндік айшықты ізін қалдыра білді. Ол ерекше болмыс-бітімімен дараланып тұратын еді. Апайдың өмірден озғанына екі айдың жүзі болды. Алғаш суық хабарды естіген кезде сенер-сенбесімізді білмей, жанарымызға жас толып, қимастықпен үрпейісіп қалғанымыз шындық. Енді, міне, жаны жайсаң ұстаз туралы өткен шақта ой қозғап отырмыз. Бұл қаншалықты ауыр десеңізші, – деп толғанысын жасыра алмады.
«Көк дөнен жүйрік пе, уақыт жүйрік пе» дейді қазақ. Сұм ажал біреуге ерте, біреуге кеш келері хақ. Бастысы – тал бесік пен жер бесіктің арасында салиқалы ғұмыр кешіп, артыңа өнеге мен өшпес мұра қалдыру. Осы тұста, Аршагүл апайды өз балаларымен қоса, тұтас халықтың баласын тәрбиелеп, кейінгіге үлгілі өмір өрнегін көрсетті деуге толық негіз бар. А.Қаржаубаева туралы қай әріптесінен, қай шәкіртінен сұрасақ та, тебіреніспен, үлкен сезіммен, қимастықпен пікір білдіруі сөзімізге дәлел.
– Аршагүл апай қандай мақтауға да лайық жан дер едім. Сіздің сауалыңызбен небір естен кетпес шақтар көз алдыма келіп отыр. Ол кісі орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берді. Тек қана білікті педагог емес, жаның мен сырыңды айтқызбай-ақ ұғатын психолог маман еді. Әр баламен ерінбей жеке жұмыс жасап, оқуға деген ынтасын арттыра түсетін еді. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді ғой. Бүгінгі жеткен әр жетістігіміздің алғашқы баспалдақтарында алтын жүректі ұстаздарымыздың ерен еңбектері тұрғанын ешқашан естен шығармаймыз, – деді Аршагүл Мешітбайқызының үздік шәкірттерінің бірі, №210 мектептің 2003-2004 жылдардағы түлегі Ә.Мұханова.
– Анамыз бен әкеміз 35 жыл аудан орталығындағы қара шаңырақ №210 орта мектепте қызмет етті. Отбасымыздағы үш бала да осы білім ордасынан түлеп өсіп, үлкен өмірге қадам бастық. Қазіргі таңда мен медицина ғылымдарының докторы, профессормын. Інім Қайрат – подполковник болса, қарындасым Мәншүк – беделді қызметкер. Айтпағым, бұның бәрі бізге ата-анамыздың берген дұрыс бағыты мен тәрбиесінің арқасы. Өмірде қандай да жетістікке жетсек, оның ұшар басында анамыз бен әкеміздің ерен еңбегі тұрады. Анамыз – отбасымыздың тірегі, жанашырымыз еді. Бір жағымыз опырылып қалғандай күй кешудеміз. Әлі күнге сене алар емеспіз. Жарқылдап, есіктен кіріп келердей болады да тұрады. Тағдырдың салғанына көнбеске амал жоқ. Аяулы анамызға алғысымыз шексіз. Ардақтымызды еске алып, рухына құрмет көрсетіп жатқан баршаға рақмет, – деді Аршагүл Қаржаубайқызының үлкен ұлы Ержан Сүлейменов.
Өмірдің басы – бала, ортасы – адам,
Қартайып, шал болған соң, бітті шамаң
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмәм, – деп өмірдің өлшеулі екенін, ғұмырдың қысқа екенін Шәкәрім Құдайбердіұлы жырға қосады. Бір өмір бар жерде бір өлімнің бары ақиқат. Ал адам боп туып, өмірден адам боп өту – әркімнің арманы. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген. Аршагүл апай ұлы жолдағы жауапкершілігі зор қызметтің, саналы ғұмырдың парасатты да кемел үлгісін көрсетіп кетті. Артында өнегелі ісі мен шәкірттеріне, әріптестеріне берген мол мұрасы қалған Аршагүл Мешітбайқызының бейнесі ұрпақ жадынан өшпек емес.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ