Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін кино немесе жездемнің мәрттігі

Тегін кино немесе жездемнің мәрттігі

Бақыттың бал дәмін татқың келсе, балалықтың ауылына баруға тура келеді. Ол кезде біз ауылдың орталығындағы қосарлана салынған қос тамның бірінде тұратынбыз. Оң жағымыздағы құдайы көршіміз иманды болғыр Тоқтарбай ағаның шешесі «Дәу кемпір» әжеміз болатын. «Дамбалыма салып алам» деп дауыстағанда, шынымен салып алады екен деп, қорыққаннан далақтап далаға қаша беретінбіз. Қайран, балалық шақ-ай!

Ауылда ол кезде екі Бақтияр болатын. Бірі ауылдың клубында кино қоятын Бақтияр Қожа. Екіншісі біздің құдайы көршіміз Қантай әженің шалы Сары Бақтияр қария.

Ауылда тұрғандар жақсы біледі. Шіліңгір шілдеде күннің беті қайтып, малдың басы өрістен оралғанда аулада «Бестің шәйі» ішіледі. Бестің шәйі деген ауыл тұрғындары үшін үлкен бір церемония. Алдымен аулаға су себіліп, сыпырылады. Қара талдың қою көлеңкесіне немесе тамның күн түспейтін тұсына текемет төселіп, дастархан жайылады. Дастарханның үстіне әжем тападан шыққан ыстық нан, күбіден түскен сары май, қуырылған құмшекер, көлемі кесектей-кесектей шақпақ қант қоятын. Шекерге қонған шыбын-шіркейді қолмен үркітсең, құдды бір шекер салғыштың қара қақпағы ұшып жүргендей әсерде боласың. Дастархан басында құжынаған шыбынмен әлек болып отырғаның. Шыбын ұрғышпен талай шыбын-шіркейдің жанын «жаһаннамға» жібердік-ау. Көрпе төселіп бола берген уақытта, екі иығынан демалып сары самаурын келеді. Патынастың үстіне қоя бергенде әжем жарықтық алақанымен құманшасына бір уыс үнді шәйін салып, самаурынның шүмегін ағыта салатын бейнелер әлі күнге көз алдымда тұр. Кәрлен кесеге сүт қосылып құйылған қою ыстық шәйдің ақ көбіктей қаймағын аузыңмен үрлеп, ұрттай берген тұста бағанағы айтқан киномеханик Бақтияр Қожаның дауысы столбада бекітілген дауыс ұлғайтқыштан саңқылдап қоя береді.

«Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Бүгін ауыл клубында кешкі сағат 20.00 жаңа түсірілген үндінің көркем фильмі «Зита мен Гита»-ны көруге шақырамыз. Бұл фильмді көргенде арманда, көрмегенде арманда» деп Қожекең ауыл тұрғындарын бір қоздырып қоятын.

Содан Құдай салмасын киноның басталуына жарты сағат қалғанда клубқа қарай көшенің бойымен Сталинград шайқасынан қайтқан жаралы жауынгерлердей, шойнаңдаған шал, галошының сіресін басып киген кемпір, баласын қолына алған келіншек, мұрынбоғы аузына түсіп аңырап жылаған бала, қымызға қызара бөртіп, тілін шайнаған ағалар, қылмыңдаған қылықты қыздар мен қыздарға қырындап бара жатқан жігіттерді көруге болатын. Кассада билет жыртып Бақтияр Қожаның өзі тұратын. Билеттің құны ұмытпасам 25-пен 50 тиынның арасы. Содан бір күндері қызық болды.

Қожекең менен ақша алмауды шығарды. Оған менің Жәнібек досым аң-таң, мен де түсінбеймін. Есесіне кино бітерде Қожекең менің басымнан сипап, лимонад ішесің деп қалтама «Лениннің басы» бар күміс бір сомдықты сүңгітіп жіберетін. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» демекші киноға бару мен үшін шығынсыз, тұнып тұрған пайда болды. Тегін кіресің, «Лениннің басымен» шығасың. Құдды бір алыс-берісі бар, құда-жекжаттай Қожекеңмен тіл табыстық. Бермесе ренжитіндей болдық.

Клубтың қасында киоскам бардай, сол жақа қарап, елеңдеп тұруды шығардым. Қысқасын айтқанда, Бәкең менің бизнесіме айналды. Бақтияр Қожаны әжеме келіп мақтаймын, бір сомды кемпірмен бөлісем. Содан әжем екеуміз Бақтияр Қожаны жақсы көре бастадық. Кейін бұл құпияның сыры ашылды. «Балық аулап, қармақ салам десең, қамырыңмен, сабырың болсын» деген. Сөйтсем Бақтияр Қожа қармақты әріден салып, маған қамыр беріп, сабырмен күтіп жүр екен.

Қысқасы Қожекең әкемнің қарындасы Шынар апамның қолын сұрап келді. Тағдыр деген, екеуінің де өз тағдыры бар. Әкем келісіп, әжем батасын берді. Бермейін десе, мен әбден Қожекеңді мақтап тастағанмын. Одан әрі темір бір сомдықтар да әжемнің өңешінен өтіп кеткен. Сөйтсем Қожекең қызды алмай тұрып қалың малын маған темір бір соммен бере бастапты. Не деген көрегендік десеңізші?! Стратегия деген ұрып тұр.

Қарындасын ұзатып салған соң әкемнің жылағанын бірінші рет көрдім. Қимастықтың көз жасы. Оған қосылып әжем жылап жүр. Әкем кетті деп жылап жүрсе, әжем енді қайтып келмесін деп жылап жүргендей.

Апамыздың адуынды мінезі өзімізге мәлім. Бірде дүлей дауыл, бірде құйқылжыған құйын, бірде көгілдір көктемдей мамыражай. Ашығын айтқанда алғашқыда Қожекең үшін күнде адреналин болған шығар.

Берекені Алла Тағала апамның ожауына, Қожекеңнің сабырына берген. Шынар апамыздың былғаған тамағының өзі тіл үйіреді. Бақтияр Қожа жездеміз бен апамыздың шаңырағы бүгінде қонақ арылмайтын, құтты шаңыраққа айналды. Өсіріп отырған ұл-қыздары, келіндері мен күйеубалаларына алғысымыз шексіз. Жанболат пен Гүлжаһанға, Ерболат пен Гауһарға, Жанар мен Әбуге, Айша мен Тұңғышбайға абырой-амандық тілейміз. Бүгінде апамыз бен жездеміз бала-шағасының, немере-шөберелерінің қызығын көріп, рахатына бөленіп отырған бақытты ата-әже.

«Тоқсанның төбесінен қарасаң, сексен дегенің сегіз қадам жер екен» деген екен бір ақсақал. Сол айтпақшы көктемнің алғашқы күндерінде жездеміз Бақтияр Қожа сексеннің сеңгіріне шығуда. Маған жезде деуге болады, себебі мен әжемнің баласымын.

Жетес би айтпақшы: «Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым.

Жиырмаға келдім, көк құрақтай өсіп, күннен-күнге бойладым, түнді ойынмен өткізіп, күндіз тойды тойладым, сәдірмек желі сабылтып, қыз-қырқынды қоймадым.

Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған қарай түйілдім.

Отызға келдім, қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар-құрбымның көңілін қалдырмадым.

Қырыққа жеттім, арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылмадым, айтар сөзден тартынбадым.

Елуге келдім, биік бір қара төбенің басына шықтым, алды артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым.

Алпысқа жеттім, алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсу керектігін білмей дағдарыспен күн кештім.

Жетпіске келдім, жеңілгенімді білдім, билікті ба¬ла-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім.

Тап осы күні сексендемін: алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым – су, оң жағым – от, қалай қарай қозғалсам да маған тірлік тірлік емес-ау! Сегіз белден өтіп тұрмын, жұрттан аулақ кетіп тұрмын, бір Аллаға тек тәуекел етіп тұрмын» деген екен.

Сол айтпақшы, сексенге сергек жеткен қазыналы қарияның тоқсанның төбесіне шығып, ғасыр ғұмырға аман жетуін тілейміз.


Мақсат СҚАҚОВ
06 наурыз 2022 ж. 267 0