Киномеханик Бақтияр
Өткен дәуірде кино жанры өнердің төресі еді. Сондықтан ауылдық жерде киномеханиктің беделі жоғары болатын. Тереңөзек ауданында екі шебер киномеханиктің есімі құрметпен аталатын. Оның біріншісі – шағандық Шарай Оразбаев болса, екіншісі онсегіздік Бақтияр Наурызбаев еді. Бүгінгі әңгімеміз Онсегіздік Бақтияр аға туралы болмақ.
Кейіпкеріміз Б.Наурызбаев 1942 жылдың 5 наурызында бүгінгі Асқар ауылының бұрынғы Болтай аталатын елді мекенінде дүниеге келген. Туған ауылда мектеп бітіргеннен кейін Қазақ Мемлекеттік Университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына алынады. Ол кезде жас жауынгерлердің азаматтық борышын өтеу мерзімі 3 жыл болатын.
– Маған әскери өмір үлкен тәжірибе мектебі болды. Алғашында сержанттық мектепте оқыдым. Содан кейін кіші командирлер дайындайтын курста білім алдым. Қиыр Шығыстағы «Охот» теңізінің жағалауында орналасқан әскери ракеталық бөлімде азаматтық борышымды өтедім. Бір жарым жыл «Кабина-У» деп аталатын ракеталық кондырғыны ұшырып бағыттайтын аппаратурамен жұмыс жасадым. Әскерден келіп, киномеханик болғанда бұл машықтанудың пайдасы тиді, – деп өз өмір жолы туралы әңгімелейді Б.Наурызбаев.
Бақтияр аға азаматтық борышын өтеп оралған соң Шіркейлі және туған ауылында бірнеше жыл мектепте тарих, сурет, еңбек пәндерінен дәріс берген. Алайда анасы ауырған соң отбасындағы кенже ұл жоғары білімін жалғастыра алмаған. Сурет салуға, кеңес дәуірінде ұрандар жазуға бейім азамат киномеханик болуға бел байлайды. Сөйтіп ауылдағы киномеханик Бегайдар Хұсайыновқа шәкірт болады. Бірнеше ай тегін жұмыс істейді.
– Өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін ауылда клуб болған жоқ. Көкөніс сақтайтын қоймадан мәдениет ошағын жасадық. Кино көрсететін залға орындық орнына ұзын скамейкалар қойылды. Аудан орталығындағы «ПМК-1608» мекемесін басқаратын Ыбырай Сейпұлов ағамыз ауылға 150 орындық жаңа клуб үйін салып берген соң көзіміз ашылды. Жаңадан салынған ғимараттың орындықтарын көрерменге ыңғайлы етіп орналастырдым, – деп еске алады бүгінде ардагер киномеханик өткен өнегелі жылдарын.
Б.Наурызбаев шаруашылықта киномеханик болып кеңес үкіметі тарағанша 28 жыл жемісті еңбек етті. Әрдайым ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетті. Соның нәтижесінде 1976 жылы «КСРО киномотография үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұл сол кездегі өлшем бойынша жоғары марапат болатын. Сөйтіп, Б.Наурызбаев «Өнердің ішіндегі ең маңыздысы кино» деген қағидаға адалдық танытты.
Бақтияр аға киномеханик болумен қатар шаруашылықтың қоғамдық өміріне белсене араласты. Түрлі мерекелер қарсаңында ауыл мекемелерін безендіріп, ұрандар жазды. Ауылда жылт еткен жаңалықтар болса, аудандық «Еңбек туы» газетіне жазып тұрды. Талантты азамат жергілікті баспасөздің штаттан тыс тілшісі атанды.
Ауыл тұрғындарының сұранысына сай облыстық кинофикация мекемесінен үздік фильмдерді прокатқа алатын. Жұмысына әрдайым сергек қарап, көпшіліктің көңілінен шыға білген Б.Наурызбаев 1978 жылы Қазақ ССР Кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Кезінде «ХҮІІІ партсъезд» атындағы шаруашылықты басқарған өнерге жақын азамат Отызбай Исабаев, Тереңөзек аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы болған Көбейсін Исаев Бақтиярдың еңбексүйгіштігін бағалайтын. Кейін К.Исаев облыстық кинофикация меке-месінің басшысы болғанда Б.Наурызбаевқа әр-дайым қолдау білдіріп тұрды.
Аға киномеханиктің өмір жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. 42 жасында жастайынан сүйіп қосылған асыл жары Лизадан айырылып, үйелмелі-сүйелмелі 4 баламен қалды. Оларды өсіріп жеткізу керек. Балалармен ақылдаса отырып, ауылдың Шынар атты қызымен отау көтерді.
– Мен анамнан 14 жасымда жетім қалдым. Бізге Шынар анамыз тумаса да туғандай қарады. Бүгінде әкемнің 80 жасқа келгенше жас қалпын сақтап отырғаны сол Шынар анамыздың арқасы, – дейді Жанар Бақтиярқызы.
Ата-анасының алқалауымен бүгінде 4 бала да өсіп жетілген. Үлкені Жанболат Құмкөл кенішінде ширек ғасырдан бері оператор болып еңбек етеді. Жанар – Жезқазған қаласында кенші, Айша да осында, Жезқазған кен байыту фабрикасында оператор, ал кенже ұл Ерболат – кәсіпкер. Бұлардың барлығы да үйлі-баранды. Бақтияр аға әлі қунақ, есігі алдына бақша егеді, бильярдтан ауыл, аудан чемпионы. Бақтияр ағаның өнегелі өмір жолы осындай.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі