Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердің байлығын білесіз бе?

Туған жердің байлығын білесіз бе?

Сырдария ауданында жер асты байлағының қоры жеткілікті. 90 жылдан аса тарихы қалыптасқан аудан аумағында қазба байлықтардың бірнеше түрі бар. Мәселен, құрылысқа қажетті құм, саз, қиыршық тас жер асты байлығына кіреді. Бұл ретте, Арыскұм алаңында кафельдер, фаянс бұйымдарын, түрлі-түсті қыштар, черепица өндіріс орындарын ашуға арналған балшық қоры жинақталған. Сондай-ақ, өткен ғасырдың аяқ кезінен мұнай мен газ кен орындары ашылып, игерілуде.

АУДАНДА ҚАНША СҮТ ҚОРЕКТІ МЕН БАУЫРЫМЕН ЖОРҒАЛАУШЫ БАР?

Негізінен, аудан көлемінде сүт коректілердің елуден астам түрі тіршілік етеді. Оның ішінде, қолқанаттылар 8, насекомкоректілер 4, қоян 1, кеміргіштер 26, жыртқыштар 11, тұяқтылар 3. Ал ірі сүт коректілерге жабайы шошқа, ақбөкен, қарақұйрық жатады. Жыртқыш андар қатарына қасқыр, шағал, борсық, түлкі, қарсақ, тағы да басқалары кіреді.

Сонымен бірге, еліміз бойынша тіршілік ететін бауырымен жорғалаушылардың 49 түрі Сыр өңірінде мекен етеді екен. Аудан аумағында бауырымен жорғалаушылардың 24 түрі кездеседі. Мұнда кісіртке, тасбақа, қалқан тұмсық, құмайдаршасы, оқжылан, полоз, тағыда басқа бауырымен жорғалаушылар бар. Кесірткелер отряды тармағына кіретін бауырымен жорғалаушы кесел ауданда аумағында сирек кездеседі. Кеселдің терісі бағалы саналады. Сондықтан оны өткен ғасырда аяусыз ауланып, жойылуға дейін барған.

ӨСІМДІКТЕР ТАБИҒАТҚА КӨРІК БЕРЕДІ

Сыр табиғаты әр түрлі климаттық белдеулерімен ерекшеленеді. Жылдар бойы өсуін тоқтатпаған өсімдіктер жиынтығы аудан табиғатын айшықтауда. Жалпы, ауданның топырақ жамылғысы сортаңды сұр, құмдақты сұр топырақтан, Сырдария жайылмасында шалғынды сұр топырақтан тұрады. Сырдария өзенінің оң жағалық және сол жағалық жайылым аумағының әр бөлігінде геоморфологиясы, яғни топырағына және өсімдік жабынының түрлік құрамы мен өнімділігіне байланысты қалыптасқан.

Анығын айтқанда, Қарақұм, Арысқұм, Мойынқұм қойнауында еркек арпахан, қара жусан, отмар жусан, ебелек, жер жоңышқа, қоңырбас, қияқ, ақселеу секілді көптеген өсімдіктер өседі. Сонымен бірге, оңтүстік аумақта күйреуік, раң, қызылша, дүзгін кездеседі. Ал сазды жерлерде сан түрлі эфемерлер, итсигек, және изен аралас жусан бар. Сортаң қоңыр топырақта бұйырғынмен аралас қара жусанды таба аласыз.

Өңірде қуаң аймақтың құмды жазықтарында Жаңадария, Қуаңдария сән-салтанат құрады. Құмды алқаптарда қара сексеуіл, қоянсүйек, жүзгін деп аталатын шөптер құрайды. Аталған аумақта соран мен жантақ өсетіні мәлім.

Сырдария өзені мен онан тарайтын сулы өзектердің арналарына жақын жерлерде астық тұқымдас және әр түрлі шөптер жолығады. Олардың қатарына айрауық, қамыс және қызыл мия, есек мия, тергүлді, айбатмия, тағы да басқасы кіреді. Сондай-ақ, жоғары белдікте өсетін ағаштар – жиде, терек, тал, тораңғыл. Екінші белдікте қалың шеңгел, жыңғыл. Топырақ бетіне жақын төменгі белдікте тікен, кендір, мия, жабайы арпаға аралас шөптер бар.

ЖЕР-СУ АТТАРЫ ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

Аудан аумағында тарихы тереңде жатқан бірнеше жер-су аттары бар. Сол жерде орын алған елеулі оқиғаларға байланысты жергілікті халық сан түрлі атау­лар берген. Бір қызығы, сан ғасыр өтсе де, жер-су аттары маңыздылығын жойған емес. Осы ретте, аудан көлемінда орналасқан жер-су аттары жайында мәлімет бермекпіз.

Кілемжайған – Сырдария ауданындағы бірнеше ұсақ көлдер аты, ежелгі қоныс орны. Қараөзек ауылына жақын жерде, Қызылжарма ауылының солтүстік шығысында орналасқан. Зерттеуші Ә.Өтеуовтің айтуынша, Романовтар әулетінің 300 жылдығынан қонақтан күймелетіп келе жатқан патша әулеті осы жерге тоқтаған. Жергілікті би-болыстар көл жағасына 300 кілем жайып, 3, 4 қатар ақ үй тігіп, патша әулетін қонақ еткен. Сол жер кейін «Кілемжайған» болып аталып кеткен.

Қосарық-Баян – Жаңадария арнасының оң жағалық аңғарындағы арық. ХІХ ғасырдың басында қазылған. Қариялардың айтуынша, Баян атты қыз сол жердегі жігітке ғашық болыпты. Қыздың әкесі: «Талас тудырған жерден арық қазып берсең, қызымды беремін», – депті. Жігіт арықты қазып, бір сағадан екі жарманы бөлектеп, бірін ғашығы Баян ауылына, екіншісін өз ауылына бұрыпты. Арықтың қазылуына себепкер болған Баянның және жігіттің арықтары бірігіп, ел оны «Қосарық-Баян» деп атап кетіпті. Сол арықтардың ізі әлі де байқалады.

Қиязды – аудан жеріндегі көл аты. Көлдің аумағы 2,2 шаршы метр, ұзындығы 2,9 шақырым, ені 1,3 шақырым, ең терең жері 5 м, суының көлемі 12,4 млн шаршы метр болады. Көлде қамыс, қоға көп өскен, әсіресе оңтүстігі ну тоғай болып келеді. Жаз айларында су деңгейі түскен кезде көлдің шығысы мен батысы екіге бөлініп қалады.

Қан ағашы – жер атауы. Қазіргі Н.Ілиясов пен Шіркейлі ауылы маңында болған. Ағаштан үнемі қан сияқты қызыл шырын ағып тұрғандықтан оны жергілікті тұрғындар «Қан ағашы» деп атап кеткен.

Шабаққаза – Қоғалыкөл ауылы орналасқан жердің аты. Шабаққаза – балық аулайтын құрал. Ертеде ашаршылық, жұт жылдары, ел осы құралды жасап күн көрген. Кейін халық жер атауын берген.

Балтабай Аябекұлы
18 қыркүйек 2021 ж. 376 0