ҚАЗАҚТЫҢ САЯТШЫЛЫҚ ӨНЕРІ
Қазақ халқының ғажайып өнерінің бірі – осы саятшылық, яғни құс алу арқылы аңшылық құру. Бұл өнер тіршілік қамы ғана емес, көңіл көтеру, бойға күш алу,қызықтау әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған. Саятшылық негізінде аңды құс салу арқылы аулайды. Саят құстарына бүркіт, сұңқар, қаршыға, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстар жатады. Саят өнері ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «бір сырлы, сегіз қырлы» болуды талап етеді. Мұның өзі жеке бірнеше жылға созылатын ғылым десе де болады. Саятшылар ел ішінде өте сыйлы, құрметті адамдар қатарына жатады. Олар кезінде осы құс салу арқылы ел-жұртты тамақпен (етпен), қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілерімен қамтамасыз еткен ел қомқоры, асыраушысы деп те санаған. Сөз басында айтқандай саятшылардың ең негізгі құралы – қыран бүркіт. Бүркіт – текті құс. Оны сол бүркіттей жігіттер ғана ұстап, бабын келтіріп аңға салады. Бүркітті балапан кезінде тай басынан, құз қиясынан әдейі барып алады. Ал сатып алса, бағасы тіпті қымбат.
«ХІХ ғасыр соңында бүркіттің алғырлығына қарай, түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге тең келген. Шу мен Сырдарияда 5-6 түйе, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 (мың) бас қой берген». Бұрын ел жақсылары мен бай, би, серілер бүркіт ұстаған. Әлібек батырдың қыраны бір жылда 60 түлкі, 10 қарсақ, 12 қасқыр алған. Ұлы Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден 10 шақты ірі қараға сатып алған. Бүркіт – текті құс. Ол өз иесін таниды, қарсы шаппайды. Найманда атақты Тіней атты құсбегінің Сарықұсы иесі өлгенде ешқайда кетпей Тінейдің зиратының басында отырып, құсадан өлген.
Құсбегілік халқымыздың қанына туа біткен өнер. Ол туралы аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар жеткілікті. Қазақ тарихында саятшылық өнердің, құсбегіліктің бірнеше отаны бар. Ол Арқа, Жетісу, Табағатай, Еренқабырға, Боғда және Алтай-Сауыр мектебі.
Саятшылар мен аңшылардың тағы бір сенімді серігі — тазы.
Салмағы жеңіл әрі ұшқыр да жүйрік тазыларды иесі күтіп-баптап, таза жылы жерде ұстап аңға шыққан. Алматы облысының атақты аңшысы Е.Атабергенов бір бүркіт, екі тазысымен 3 айда 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық алған. Жаңақорғанның аңшысы Е.Әлиев Лашын атты тазымен бір қыста 47 шиебөрі алған. Сайып келгенде саятшылық біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнер әрі ол еліміздің әр іске, кәсіпке бейімділігін көрсетеді.
Пікір 2