Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үшінші басымдық: сапалы білім беру

Үшінші басымдық: сапалы білім беру

Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жылға жуық уақыт ішінде елдегі білім жүйесін дамытып, әлемдік стандартқа сай ету мақсатында мемлекет тарапынан көптеген игі істер атқарылып келеді. Білім беру жүйесі, сапалы білім беру мәсе­лесі әр жылдардағы Мемлекет бас­шысының Қазақстан халқына Жолдауында да назардан тыс қал­ған емес.

Президент үшінші «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында аса маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Жеті басымдыққа баса мән беріп өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы үшінші басымдықты «Сапалы білім беру» деп атап, онда келелі мәселелерді кеңінен қозғады.

Президенттің тікелей тапсырмасымен ұстаздардың жалақысы белгілі бір мерзім ішінде өсіп отырады. Қ.Тоқаев «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді» деп атап өтті. Бұл өз ретінде мұғалімдерді жан-жақты қолдауға жасалып отырған жағдай. Кейінгі уақытта педагогтерге артылар жүк те оңай емес. Сондай-ақ, педагогика саласына оқуға түскен студенттердің де шәкіртақысы өскен. Десек те, аталған салаға қойылар талап пен оқуға түсу үшін сұралатын балл күрт өскен. Мемлекет басшысы Жолдауында бұл мәселе жөнінде де сөз қозғады.

«Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа», деген Мемлекет басшысы пандемияға сәйкес жүргізілген онлайн білім жүйесіндегі қиындықтар мен кедергілерді атап өтті. «Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті» деп турасын айтты. Расында, әлеуметтік желі мен компьютердің сан түрі күнделікті серігіне айналған қалалық бала үшін онлайн сабаққа қосылу қиындық туғызбағанымен, интернеті болса компьютері жоқ, компьютері болса интернеті жоқ ауыл баласы үшін бұл мерзім үлкен сынақ болғаны белгілі. Мұғаліммен бетпе-бет жүздесіп, оқушылармен пікір алмаса отырып жүргізілмеген онлайн білім беру білім сапасына да едәуір ықпал етті.

Дегенмен, бұл деградация дегенді білдірмейді. Қандай жағдай болмасын, білім алуға деген талпынысы жоғары адам биік белестерді бағындыра берері сөзсіз. Осы тұста, Президент пандемияға қарамастан, халықаралық пән олимпиадаларынан озық шыққан оқушы, студенттердің бар екенін мақтанышпен атап өтті. Ондай оқушылардың өзіне де, жетекшісіне де ұдайы қолдау көрсетіліп, арнайы грант пен сыйақылар табысталатынын айтты.

«Шәкірттің жақсы болуы – ұстаздан» деген, Прези­дент білім беру саласын сөз еткенде мұғалімдердің білік­тілігі туралы да тілге тиек етті. «Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, келелі мәселенің бірі – мектептердегі орын жетіспеушілігі. Дәл қазір 225 мың оқушыға мектептен орын тимегенін айтқан Президент шұғыл шара қол­данылмаса, бұл көрсеткіштің 2025 жылға қарай 1 мил­лионға жететінін атап өтті. Бұған дейінгі Жолдауында Үкімет алдына 2025 жылға дейін 800 мектеп салуды тапсырған Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті мыңға жеткізуді тапсырды.

Мектептен кейінгі білім беру орындары туралы да саралап берген Қ.Тоқаев «Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деп атады. Бұл өз кезегінде тұрмысы төмен отбасыларға жасалған жағдай болса, екіншіден жас­тарды негізгі мамандықтар бойынша даярлап шығаруды көздеуден туындаған.

Сонымен қатар, ғылым саласына айрықша көңіл бөліну қажеттігі айтылды. Бүгінгідей қиын кезеңде екпе де, ем де ойлап тауып жатқан ғалымдар екені анық. Демек, ғылым саласына саналы ғұмырын арнап жүрген білікті мамандарды жан-жақты қолдау өте маңызды. Бұл ретте, Президент «Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек» деді.

Үшінші басымдық – білім беру сапасы туралы негізгі мәселелерді қорытындылаған Мемлекет басшысы «Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз» деді.

Білім жүйесі мемлекеттің негізгі саласы болғандықтан, бұл кезге дейін де аталған салаға баса назар аударылып, арнайы заң жобалары әзірленіп, қолданысқа енген еді. Президент өзінің кезекті Жолдауында Үкімет алдына жаңа тапсырмаларды міндеттеді.

Осы ретте, аудан бойынша да білім беру саласында айтарлықтай жұмыс жасалуда. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Съездұлы:

– Аудандағы білім саласы айтарлықтай жанданып келеді. Атап айтатын болсақ, оқу ғимараттары жыл сайын жаңарып, жаңа технологиялармен жабдықталуда. Өткен оқу жылында білім саласы жоғары жетістіктерге жетті. 2020-2021 оқу жылының нәтижесі бойынша ҰБТ-дан 50 оқушы 100-ден жоғары балл жинап, түлектердің 90 па­йызы мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті. Көптеген оқушыларымыз республика деңгейіндегі жарыстарда топ жарып жүр. Биыл оқуды дәстүрлі форматта бастадық және күтілетін нәтижелер жоғары. Біз, білім саласы қызметкерлері, Мемлекет басшысының Жолдауын бір ауыздан қолдай отырып, Президент атап өткен мәселелер төңірегінде жұмыс жасайтын боламыз. Себебі, білімді ұрпақ – елдің ертеңі, біздің кемел келешегіміз, – деді.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп М.Әуезов бекер айтпаған. Ендеше, еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді.


Расул Есенов,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі
18 қыркүйек 2021 ж. 405 0