МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ЖОҒАРҒЫ САТЫДА
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман даярлау. Осы орайда, білім саласы Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасы осы жолғы Жолдауында да айқын аңғартты.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселені атап өтті. Қашанда халық баласына сапалы білім беруге бар ғұмырын арнаған ұстаздардың еңбегі орасан. Осы тұста, алдағы уақытта «Педагог мәртебесі» Заңының қабылдануы құптарлық жағдай. Бұл дегеніміз Жолдауда нақты көрсетілген мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастыра отырып, жүйелі жұмыс көзін оңтайландыруға жол ашады. Сонымен қатар, бұл әрбір педагогтың қызметі сапалы, тиімді болуына бірден-бір себепкер.
Жалпы, Елбасы оқыту жүйесін бірыңғай стандартқа сәйкестендіруді атап көрсетті. Яғни, барлық білім ошақтары Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесіне негізделуге тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болмақ. Ал білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделмек. Мұның өзі сапалы білім алуға септігін тигізеді. Жоғарғы дәрежедегі маман даярлаудың алғашқы сатысы мектеп қабырғасынан бастау алады. Ендеше, білім саласына қатысты Жолдауда жүктелген міндеттер мұғалімнің міндетті жүктемесін азайтып, қабілеті жоғары білім алушының жан-жақты өсуіне мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, оқушының кәсіби біліктілік деңгейінің өсіп, жас мамандардың арасында бәселестік жоғарылайды.
Жолдауда балалар қауіпсіздігінің маңызы да ескерілген. Соңғы жылдарда мектеп қабырғасындағы келеңсіздіктер, оқушылар арасындағы қақтығыстар қайғылы жағдайға душар етуде. Міне, соның алдын алып, балалардың қауіпсіздігі үшін бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыру тапсырылды. Бұл өте құптарлық жағдай.
Алмас ЕСНАЗАР,
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы
аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы