ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ САПАСЫ АРТАДЫ
Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді бейне құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін айрықша атап өткені мәлім. Аталған жұмыс арқылы білім саласы қызметкерлерінің жұмысын оңтайландыру көзделуде. Сонымен қатар, сапалы құрылғылардың көмегімен жаңартылған мазмұнда білім сапасын арттыру тиімді.
Аудан бойынша мектептің барлығы 100% интернет желісіне қосылғандығын, бейнеқұрылғылармен қамтамасыз етілгендігін ескергеніміз жөн. Білім ошақтарында материалдық инфрақұрылымын күшейту және жаңа технологиялық білім мазмұнына көңіл бөлу мақсатында өткен жылы 83 млн 289 мың теңгеге физика, химия, биология, робототехника, 3д лаборатория, цифрлы білім беру кабинеттері алынып, пайдалануға берілді.
«Ата-ана - мұғалім – оқушы». Бүгінде осы үш жақты байланыс нығайтуда электронды «Күнделік» жобасы өз жемісін
беруде. «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесінде 17 мектеп жұмыс жүргізеді. BilimLand цифрлы білім беру порталына аудандағы барлық мектеп онлайн режимінде қосылған. Осы күнімұғалімдер үшін 986 аккаунт ашылып, қолданылу үстінде.
Барлық орта білім беретін мектептерде Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру әдісін енгізу қажет, яғни НЗМ-нің оқыту жүйесі мен әдістемесін енгізу керектігі айтылған. Қазіргі таңда ауданға қарасты мектептерде НЗМ-нің әдістемесі, бағдарламаларын, соның ішінде білім мазмұнын енгізуде біршама жұмыс атқарылуда. Осыған сәйкес пән кабинеттері де талапқа сай болуы қажеттігі ескеріліп, аудандық білім бөлімі тарапынан жұмысшы топ құрылып, 2 бағыт бойынша зерделеу жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде үздіктер анықталып, марапатталды.