Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаздар

Ұлағатты ұстаздар

Ғасырлық белесті бағындырған №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мек­теп-лицейде қызмет еткен ұлағатты ұстаздар көп. Тағылымы мол педагогтардың алдынғы қатарында ерлі-зайыпты Аққайыр Қоржынбаев пен Бибажар Боранқұлованың есімі ерекше құрметпен аталады. Сана­лы ғұмырын білім беру саласына арнаған ғибратты жандардың қызметтегі жолы жастарға үлгі-өнеге. тұрақты оқырманымыз, №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Әкімтаеваның ұсынысымен ағартушылық саланы сан қырынан жетілдірген ұстаздар жайында кеңінен тарқатып айтпақпыз.
Кейіпкерлеріміздің балалық шағы өткен ғасырдағы ашаршылық пен соғыс оты тұтанған уақытқа тұспа-тұс келді. Жиырмадан енді асқан Аққайыр Қоржынбаев Кеңес әскерінің қатарына алынып, сұрапыл соғысқа аттанады. Ер азаматтар соғысқа кеткен уақытта әйел кісілердің иығына батпаңдай жүк артылғаны белгілі. Мектепті үздік оқыған Бибажар Оспанқызы мектептерде педагог жетіспеушілігіне байланысты бастауыш сыныпқа сабақ береді. Осыдан 96 жыл бұрын Қармақшы топырағында дүниеге келген Бибажар ана соғыс жылдары адам төзгісіз ауыртпалықты бастан өткереді. Майдан даласында қан кешіп, мерген-барлаушы ретінде жаудың бетін қайтарған Аққайыр Әлібайұлымен жас ұстаз отау құрады.
Соғыстан оралған майдангер өзі туған ауылда ұстаздық қызметін бастағанымен, кейіннен Тереңөзекке қоныс аударады. Көршілес ауданға көшкен кезінде қос ұстазға қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге жолдама беріледі. Алғашқыда қасиетті қарашаңыраққа жүрексіне келген жас ұстаздарды аудан халқы жылы қарсы алды. Аққайыр ағай сол кездегі орта мектепте физика-математика пәнінен сабақ берді. Әркез сырбаз мінезімен шәкірттеріне үлгі болатын тағылымды жан өз қызметін жетік меңгерді. Ғылыми тұрғыдан сан түрлі жетістікке қол жеткзіп, өзінен кейінгілерге ақылман аға ретінде танылды. Білімнің деңгейін көтеру жолында аянбай еңбек етті. Оның кәсібіне деген ынта-жігері мектеп директорының орынбасары қызметінде жүргенде анық байқалды.
«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрттың ісі» деп ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы айтқан екен. Ел игілігі үшін бар білімін сарп етіп, бала жанының бағбаны атанған Аққайыр Қоржынбаевтың жары Бибажар апай жайында ел аузында толымды естеліктер сақталған. Отыз жылдан аса уақытта Құдай қосқан қосағы Аққайыр ағаның бабын тауып, қызмет пен үйде барынша қолдау көрсетті. Бибажар Оспанқызы халық баласына математика ғылымын меңгертті. Формулаға жан бітіріп, есеп-қисаптың мазмұнын байытты. Тылдағы еңбекті еңсерген ана бір жылдары Орал қаласында педагогикалық білімін жетілдірген.
– Соғыс жылдары барлық халыққа оңай соқпағаны белгілі. Менің ата-анам нәубет жылдардың куәгері атанған. Кезінде талғажу ететін нанды мөлшермен алып, азаннан-кешке дейін масақ терген. Күнделікті еңбегі үшін берілген дәнді сүтке араластырып, күнкөріс көзіне айналдыратын еді. Өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатты. Әншілік қасиетімен танылып, өнер бәсекелерінде топ жарды. Осылайша, жүлдесін 4 үйлі жанға бөліп беріп, ағаларының отбасына жәрдем көрсетеді. Біздің үйде балаларға талап қатаң қойылатын. Мұғалімнің баласы деген атты алып жүру оңайға соқпасы анық. Өзіміз көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Сабақты жақсы оқып, тек жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге тырыстық, – дейді Сәлима Аққайырқызы.
Бибажар ана – өнерге құштар жан. «Мұғалім – құрмет иесі, ол күннің құдіретті сәулесі сияқты» демекші, Бибажар апай ұстаздық етуден жалықпады. Өнерімен көпті тәнті етіп, өнер сүйер қауымның жүрегінен жол тапты. Аққайыр аға екеуі ағартушылық салаға серпін әкеліп, рух пен материя арасында математика барын дәлелдей түсті.
– Мен 1967 жылы мектепті бітірген едім. Жоғары сыныптарда Бибажар апайдан сабақ алған болатынмын. Ұлағатты ұстаздардың шәкіттері үшін еткен еңбегі орасан зор. Аққайыр Қоржынбаев біз білім алған жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Білім ұясында жүргенде түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, бала қабілетін ашуға барын салатын. Ағайдың талапшыл, барлық дүниені ыждағаттылықпен атқаратындығын, кез келген іске жауапкершілікпен қарайтындығын білетінбіз. Бір жағынан екі ұстаз, қос математик, жарасымды жұп ретінде оларға қызығатынбыз.
Ал Бибіжар апай сабақ берген кезінде ешқашан отырған емес. Өнерге жақын мұғалімнің болмысы бөлек болады. Ол сабақты түсіндіріп тұрған кезінде тақтаның алдында ән салып, билеп тұрғандай сезінетінбіз. Балаларға математика терминдерін түсінікті, қарапайым тілмен жеткізетін. Сол кезде мұғалімдер арасында олимпиададан үнемі топ жаратын. Хор солисі ретінде ән салған уақытта керемет дауысымен танылатын. Кейіннен оқуды бітіріп келген соң ұстазыммен қызметтес болу мәрбесі бұйырды. Ерлі-зайыптының отбасындағы тұрмыс-тіршілігінен үлгі алдық. Көп балалы, жарасымды отбасыға бар жағынан лайықты болды. Ұл-қыздары мектеп өміріне белсене араласып, ата-анасының сүйікті перзентеріне айналды. Бибажар апай зейнет демалысына шыққан уақытта да арамыз ажыраған емес. Жалпы, өзім ауданнның әйелдер кеңесін 1993 жылдан бері басқарып келемін. Қоғамдық жұмыстарда да ақылшы апайым әркез жанымнан табылды, – дейді «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева.
Майдангер соғыстағы командалық тапсырмасын мүлтіксіз орындағаны үшін ІІ дәрежелі «Отан» соғы­сы медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ленин» орденімен, «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Соғыста жүріп 3 рет жарақат алған. Ұлағатты ұстаз 1978 жылы бақилыққа аттанды.
Жылдар бойы бір елі ажырамаған ер азаматынан айырылған Бибажар апай еш қамыққан емес. Жасы ұлғайғанына қарамастан ел анасы атанып, думанды кеш пен аудандағы ірілі-ұсақты мерейтойлардың көркін қыздырды. Қажырлы қайраткер, әзиз анаға Қызылорда облысының «Бибіпатыма анасы» деген атақ берілді. Мәртебелі де абыройлы атақтың иегері талай сахнада қазақ әйелінің образын сомдады. Бибажар Оспанқызы 2007 жылы дүниеден өтті. Білімді, білікті ұстаз 2 ұл 6 қыздан 22 немере, 43 шөбере сүйді.
Айта кету керек, ата-анасының жолын қуған қыздары Рсалды, Сәлима, Кәрима ұстаздық қызмет етіп келеді. Өз кезегінде Сәлима Әлібаева Қызылорда облысының үздік ұстаздарының алтын кітабына енді. «Математика пәнінің үздік ұстазы» атанған ардақты жанға сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жоғарғы лайықты марапат ұсынды.
Арада қаншама жылдар өтсе де ұлағатты ұстаздар есімі ешқашан ұмытылмайды. Ардақты жандардың ізгілікті мұрасын ұрпақтары жаңғырта бермек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
11 қыркүйек 2021 ж. 705 0