Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҮЛЕКТЕР КІТАБЫ ШЫҚТЫ

ТҮЛЕКТЕР КІТАБЫ ШЫҚТЫ

Тереңөзектегі білімнің қара шаңырағы саналатын №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге қатысты тағы бір кітап жарық көрді. Оны осы білім ордасын 1974 жылы бітірген түлектер шығарды.
«Тереңөзек түлектері – 1974» атты кітап мектеп түлектерінің 45 жылдық кездесуі қарсаңында жарық көріп отыр. Онда қара шаңырақта білім берген ұлағатты ұстаздар Алмат Пірімбетов, Аққайыр Қоржынбаев, Қасымхан Смайылов, Дәнеш Мамытбаева, Алтынай Ешпанова, Бүркітбай Диханбаев, Мырқайдар Мәмбетов, Сұлтанбек Әбдуов, Жоламан Ерманов, Балашбек Шағыров, Аманқос Ақылбеков, Ибрагим Танабаев, Ұлтай Болғанбаева, Нағима Қаражанова, Айткүл Жұқабаева, Доскүл Абдуллинаның саналы шәкірт тәрбиелегені туралы айтылған. Сондай-ақ кітап авторы Шаһарбек Нұрсейітов «Олардан білім алған біздер, яғни 1974 жылғы түлектер қоғамға қажет түрлі мамандықтарды меңгеріп, «сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та бар қалан» деп ұлы Абай айтқандай, өмірден өз орындарымызды таптық. Бұл орайда, білім нәрімен сусындатқан асыл да ардақты ұстаздарымызға мың алғыс дейміз» дейді.
Кітапта сол жылғы мектеп бітірген 100-ге тарта түлектің өмір жолы баяндалған. Арасында сан алуан мамандықты меңгергендердің көп екендігі байқалады. Елші, ғалым, дәрігер, мұнайшы, кәсіпкер, журналист, зергер, теміржолшы, мұғалім, есепші, сатушы, осылай кете береді. Ел басқарған әкім де бар. Жалпы бұл кітап түлектер үшін естелік болмақ. Оны автор өз сөзінде айтады.
– Адамзаттың айтулы, ұмытылмас кезеңі – балдәурен балалық шақ, білім нәрімен сусындаған шәкірттік кезең. Кім-кім де болса балғын балалығын сағынады, ардақты асыл ұстаздарды еске алады. Қолыңызға алып отырған аталмыш кітапта бірге оқыған дос­тарды, сыныптастарды, бал­дәурен балалықты еске ала отырып, жарқын жастық кезеңді ұмытпаудың бір көрінісі. Кітапқа 1974 жылы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепті бітірген түлектердің өмірдеректері, абзал қасиеттері енгізіліп, тай-құлындай тебісіп бірге өткізген кезең қамтылды, – деп жазған Ш.Нұрсейітов.
Бұл да болса небір мықтылар білім алған мектептің мерейі асыруда. Өйткені қасиетті қара шаңырақта білім алғандар жыл сайын кітап шығаруды үрдіске айналдырғандай...

Е.БЕРКІНБАЕВ

03 тамыз 2019 ж. 1 222 0