Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетті

Ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетті

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев ұлағатты ұстаздар Ләззат Палымбетова мен Әсем Көшербаеваны қабылдап, құрметті зейнет демалысына шығу мерейтойымен құттықтады. Аудан басшысы ауданның білім саласын дамытудағы ұстаздардың қажырлы еңбегін атап өтті.

– Адам баласын білім нәрімен сусындатып, адам­гершілік жақсы қасиеттерді бойына дарытатын, тәлім-тәрбие беретін басты тұлға – ұстаз. Ұстаз – қашанда қасиетті де қадірлі ұғым. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген қанатты сөздер ұлы мамандық иелеріне деген құрметтің жоғары екенін білдіреді. Сіздердің шәкірт тәрбиелеудегі, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру жолындағы еңбек­теріңіз ұшан-теңіз. Ауданның білім саласында орындарыңыз бөлек. Саналы ұрпақ тәрбиелеудегі қажырлы еңбектеріңізді жұртшылық жақсы біледі. Бүгінде сіздерден тәлім алған оқушыларыңыз еліміздің әр саласында жемісті еңбек етіп, түрлі мамандық иесі атанған. Ауданның білім саласын өркендетудегі еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін, – деген аудан басшысы ұстаздарға аудандағы ең жоғарғы марапат – «Құрмет грамотасын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде ұлағатты ұстаздар аудан әкіміне алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның білім саласының өркендеуіне атсалысатынын жеткізді.

Айта кетейік, Палымбетова Ләззат Әуезханқызы ұстаздық жолын өзі оқы­ған «Шіркейлі» ауылында мұғалім болудан бастаған. Одан кейін комсомол ұйымының хатшысы, мектеп дирек­то­ры­ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, партия комитетінің хатшысы қызмет­терінде болған. Сондай-ақ, аудандық Оқушылар үйінің директоры, аудандық білім бөлімінде бас маман, №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде, №126 орта мектебінде мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарған. 2014 жылдан осы уақытқа дейін №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарып келді.

Көшербаева Әсем Мәлікқызы аудан орталығындағы №210 орта мектебіне аға тәлімгер болып жұмысқа қабылданып, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ретінде бала оқытты. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2013 жылдан осы кезге дейін мектептің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Зейнетке шыққан ұстаздар өз сала­сын­да жоғары жетістікке жетіп, көптеген марапатқа ие болған.
24 қараша 2020 ж. 723 0