Ұлы халықтың ұлы Абайы
Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Ұлы халықтың – ұлы Абайы» тақырыбында әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Оған аудандық білім бөлімінің мамандары, мектеп-лицей ұстаздары мен оқушылар қатысты.
Ұлы ақынның балалық кезеңі мен жастық шағын сахналаған ұстаздар кеш шымылдығын түрді. Кеште мектеп-лицей директоры Ү.Жұмабаева мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Айтмұханова сөз алып, Абайдың рухани дүниесіне терең бойлады. Қазақтың бас ақынының ағартушылық бағытын, өмір шындығын, пәлсапалық және логикалық құндылығы терең екенін айтты.
Ал мектеп оқушылары данышпан ақынның өлеңдерін орыс-қазақ тілдерінде жатқа оқыды. Сонымен бірге көркемдік, әлеуметтік, гуманистік, діни көзқарасы айқын көрініс тапқан қара сөздерін көпшілікке ұсынды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Абайдың бірнеше әнін жанды дауыста айтты. Сондай-ақ «Абай мен Тоғжан» арасындағы махаббат диалогы сахналанып, жиналғандардың көңілінен шықты. Жас ұстаздар ұлы ақынның ағартушылық бағыттағы жырларын оқып, жас ұрпаққа тәрбиелік мәнін насихаттады.
Абай – адамзат ақылшысы. Ақынның шығармалары – халқымыздың алтын қазынасы. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында «Абайдан асқан бұрынғы-соңғы заманда, қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп аса жоғары баға береді. Бұл дегеніміз Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры, ағартушылық еңбегі, пәлсапалық ой иірімдері қазақ қоғамы үшін құнды екендігін көрсетеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ