Ерлікке тағзым

Жалпы Қазақстаннан барған 1 миллион 600 мыңдай жауынгер жауға қарсы жан аямай шайқасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Олардың қатарында ауданнан Жаппасбай Нұрсейітов пен Нағи Ілиясов бар.
«Ерлік ешқашан ұмытылмайды» десек, кескілескен шайқаста ел үшін жан пида еткен жауынгерлер есімі ел жадында мәңгі сақталады. Олардың есімі ескерткіш тақтаға ойылып жазылып, кейінгі ұрпаққа Отанды қорғаған батырлар ерлігі әркез дәріптелуде. Осы мақсатта әрбір аудан, елді мекенде боздақтардың құрметіне Тағзым алаңы орнатылып, онда соғысқа қатысқан жауынгерлер есімі арнайы тақтаға жазылған.
Аудан орталығындағы Жаппасбай Нұрсейітов атындағы саябақта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған Тағзым алаңы бар. Бұл сырдариялықтардың Жеңісті жақындатып, майдан даласынан оралмай қалған жауынгерлер ерлігіне тағзым ететін орын.
Боздақтарға арналған ескерткіш 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде ашылған. Мұнда аудан көлемінде Ұлы Отан соғысына қатысушылардың тізімі мәрмәр тасқа жазылған. Мұнда аудандағы әр ауылдан барлығы 2902 боздақтың есімі бар. Қақ ортада қолындағы жарылғышты лақтыруға бейімделген жауынгер бейнесі орнатылған. Алдында мәңгілік от алауының орны бар. Сондай-ақ «Тағзым» алаңында зеңбірек тұр. Ескерткіш ұзындығы – 120 метр, ені – 50 метр.
Тағзым алаңында мәдени шаралар ұйымдастырылып, онда соғыс және еңбек ардагерлерінің қатысуымен жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл сайын мұнда 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде арналған салтанатты шара өткізіліп, сырдариялықтар жауынгерлер ерлігіне тағзым етеді. Ескерткіш аудан орталығындағы бірден-бір мәдени шара өтетін орталыққа айналған.
Тағзым алаңындағы «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген жазу бүгінгі бейбіт өмір кешіп жатқан халықтың боздақтарға деген ерекше құрметін сездіріп тұр.
Ердос БЕРКІНБАЕВ