Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік шежіресі: егемен елді әлем таныған жыл

Тәуелсіздік шежіресі: егемен елді әлем таныған жыл

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары етек-жеңді жиып, тізгінді қолға алған еліміз үшін оңай кезең болған жоқ. Оның ішінде 1992 жыл – Қазақстанның егемен ел ретінде әлемге таныла бастаған жыл болды. Біз бүгін «Тәуелсіздік шежіресі» айдарында Тереңөзек ауданының 1992 жылғы, яғни қалыптасу кезеңіндегі тыныс-тіршілігі мен өзгерістері жөнінде ақпарат ұсынамыз.

Жергілікті басылымнан жаңа айдар ашылғалы аудандық газет редакциясының шығармашылық топ мүшелері ізденісті серік етіп, тарихи мәліметтерді жинақтауда. Осы орайда, аудан тарихының үн­жариясы саналатын аудандық газеттің 1991 жылдан бастап толық тігіндісінің аудандық мұрағатта, кітапханада, тіпті редакцияның өзінде сақталмауы көп жұмысқа қолбайлау болып отырғаны да жасырын емес. Ауданда жүргізілген жұмыстар аудандық газетте жазылып, жарияланғанын ескерер болсақ, оқырман қауым газет тігінділерін іздеудегі мақсатымызды түсінеді деп ойлаймыз. Осы ретте, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бас­шысының орынбасары Нұрсұлтан Әбілдаевпен пікірлесіп, жаңа ай­дардың ашылғанын, соған сәйкес мақалалар топтамасы жарияланатынын айтқан болатынмын. Мәселенің мәнісін түсінген басқарма басшысының орынбасары облыстық мемлекеттік архивке жол сілтеді. Сөйтіп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Қуандықовамен бірге қатынас хатымызды қолға алып, облыс орталығына бардық. Бізді қабылдаған Қызылорда облысының мемлекеттік архивінің директоры Жанат Абзалиева ел егемендігінің 30 жылдығына орай ашылған «Тәуелсіздік шежіресі» атты айдар жөнінде оң пікірін білдірді. Бірақ, өкінішке қарай, облыстық мемлекеттік архивте аудандық газеттің тек 1991 жылға дейінгі тігінділері сақталған екен. Сөйтіп іздегенімізді таппай, үмітімізді үзбей Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына бағыт алдық. Мұнда аудандық газеттің 2000 жылдан кейінгі тігінділері ғана сақталыпты. Кітапханада жүргенімізде аудандық мұрағаттың жақында ғана тағайындалған жаңа басшысы Рақымжан Түрікбаев хабарласып, мұрағат қызметкерлерінің қай­та түгендеу жұмыстарын жүргізгенін айтып, тек 1993, 1995, 2004 және 2010 жылғы газеттердің ғана тігіндісі жоқ екенін, ал қалған жылдардағы газеттер бар екені жөнінде хабар жеткізді. Сөйтіп, бұрын мекеме басқарған азаматтардың аудандық газеттің түпнұсқаларын сақтаудың тарих үшін маңыздылығы мен келешек үшін қажет екенін ескермеуі салдарынан газеттің толық тігінділерін таппасақ та керекті мәліметтердің бар-жоғын нақтылап алдық. Осы ретте, Тәуелсіздік жылдарындағы газет тігінділерінің аудандық газет редакциясында да ыждағаттылықпен толық сақталмауы қайран қалдырды...

Аудандық мұрағаттың басшысы Р.Түрікбаев бізбен кездесуде мұрағатқа өткізілген құжаттар заңдылыққа сәйкес қабылданып, мұрағат қорында ұқыптылықпен сақталатынын айтты. Мекеме басшысы біз іздеп, сұрау салған аудандық газеттің 1992 жылғы тігіндісімен танысуымызға жағдай жасады. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға ынталы екенін алға тартып, жоспарларымен бөлісті.

Газеттегі мәліметтерден аңғарғанымыз, 1992 жыл ауданымыз үшін өзгерістерге толы өтпелі кезеңнің ең қиын шағы болған екен. Жаңа мемлекеттің қалыптасуы, әкімшілік-аумақтық құрылымдардың өзгеруі, жаңа кадрлардың тағайындалуы мен жасақталуы жөнінде көп ақпараттарға қанықтық. Енді соның маңыздыларын реттілігімен тарқата жазсақ.

1992 жылдың қаңтар айының 8-і күні жарыққа шыққан «Еңбек туы» газетінде «Алғыс алды» тақырыбында ақпараттық мақала жарияланыпты. Онда сол кездегі аудандық кеңестің төрағасы Жолдасбек Ердешбаевқа, Ильич атындағы совхоз директоры Бақытбек Мыхановқа, осы совхоздың еңбек ұжымы кеңесінің төрағасы Ширек Сқақовқа және совхоздың бас есепшісі Әбдірашит Айдаровқа республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің атынан алғыс жарияланыпты. Газеттің осы нөмірінен қаңтар айында болған маңызды тағайындауларды да аңғаруға болады. Атап айтқанда, Өмірзақ Сәдуов халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Кәрімберді Жолдыбаев Тереңөзек агроөнеркәсіптік бірлестігі басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалыпты. Сондай-ақ Алдаберген Құлбаев Шіркейлі совхозының, Айтбай Көшербаев С.Сейфуллин атындағы совхоздың директоры қызметіне кіріссе, Темірхан Құлмағамбетов халық депутаттары Құндызды ауылдық Кеңесі атқару комитеті төрағасы болып бекіген. Қаңтар айындағы газетте «Жерлесіміз – министр орынбасары» тақырыбында сүйінші ақпарат берілген екен. Бұл мақаладан 1992 жылы тереңөзектік Кеңесбай Әбеновтің Қазақстан Республикасы Баспасөз және ақпарат құралдары ми­нистрінің орынбасары болып тағайындалғанын, жергілікті газет арқылы жерлестерінің лауазым иесіне сәттілік пен абырой тілегенін байқауға болады. Осы жылдың алғашқы айында Іңкәрдария ауылында «Сырлытам» атты жаңа кәсіпорны ашылыпты. Өндірілген өнімді айырбасқа өткізіп, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді мақсат еткен кәсіпорын қарауында сол жылы 8 отар қой болыпты. Жыл жаңалығы ретінде аудандық «Еңбек туы» газетінің редакторы болып Қуаныш Татановтың тағайындалғанын, ал Абызбай Маханбетовтың халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің аға референті қызметіне кіріскенін де атап өтуіміз қажет. Осы жылдың басында ауданды басқарған Тереңөзек аудандық Кеңесінің төрағасы Жолдасбек Ердешбаев белгілі журналист Серік Пірназарға «Қысылшаң шақтан қиналмай шығамыз» тақырыбында сұхбат беріпті. Сұхбатта 1989 жылы қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы жөнінде кеңінен айтылған. Сол жылы ауданымызда Ұлы Отан соғысының 220 көзі тірі ардагері болыпты. Қазір сол 220 майдангерден тек бір ғана ардагер арамызда жүргенін ескерсек, 30 жылда көп нәрсенің өзгергенін сезінуге болады.

1992 жылдың бірінші тоқсанындағы жағымды жаңалықтар қатарына ауданда тәулігіне 40 тонна өнім шығаратын диірмен құрылысының басталғанын, «Құмкөл» меке­месінің көмегімен қа­раөзектік 30 оқушы­ның Алматы қаласына демалуға тегін жолдама алғанын, Тереңөзек аудандық ауруханасы бас дәрігері Шынтас Зетовтің, Тереңөзек өнеркәсіп бірлестігі мелиоратив кәсіпорны бригадирі Ізет Ысмайловтың халық депутаттары облыстық Кеңесінің гратомасымен марапатталғанын енгізуге болады.

Жұртшылық жақсы біледі, 1992 жылдың ақпан айында Ел Пре­зидентінің Жарлығымен Қызылорда облыстық Кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Қызылорда облысының әкімі болып таға­йындалды. Сәйкесінше, облыс әкімінің 1992 жылғы 21 ақпандағы шешімімен Шиелі ауданының әкімі болып тағайындалуына байланыс­ты Жолдасбек Ердешбаев аудандық Кеңес және аудандық атқару комитеті төрағалығы қызметінен босатылып, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Алмагүл Божанова Тереңөзек ауданының әкімі қызметіне кірісті. Халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасарлығына депутат Нұрлан Есмағанбетов сайланды. Бұл кезеңдер туралы бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божановамен пікірлестік.

– Өздеріңіз білетіндей, Тереңөзек ауданын 1992-1999 жылда­ры басқардым. Бұл уақыттар саяси, экономикалық, әлеуметтік бағыттағы түбегейлі реформаларды жүзеге асыру кезеңі болды. Ау­данның барлық саласында реформаларды батыл енгізе отырып, шаруашылықтардың, ауыспалы егіс танаптарының бөлшектенбеуіне күш салдық. Өтпелі кезеңдегі аудан тұрғындарының әлеуметтік қорғалуы, орта және шағын бизнестің дамуы, нарықтық қа­тынастардағы заң талаптарының сақталуы басты назарымызда болды. Өңірге аян өмірбаяным, атқарған қызметім жөнінде аудан жұртшылығы жақсы біледі деп ойлаймын. Жақында ғана ау­дандық газетте сұхбатым жарияланды. Сонда бірқатар маңызды оқиғалар мен шешімдерден нақты мысал келтірдім. Ал 1992 жыл жөнінде айтар болсам, ауылдарды араладық, жиналыстар өткіздік, жоспарларды нақтыладық және сол жоспарларды орындау үшін көптеген тағайындаулар жасадық. Өндірістік қатынастар өзгеріп, қалыптасқан байланыстар үзілді. Ең қиыны қызметкерлер мен жұмысшылар айлық ала алмай, жәрдемақы мен жалақы тоқтап, дүкен сөрелерінде халыққа қажетті азық-түліктер түгесілді. Біздің алдымызда аудан тұрғындарын осындай күрделі жағдайдан аман алып шығу міндеті тұрды. Ол кезде біз демалыс дегенді ұмыттық, күніміз түнге, түніміз күнге ауысып кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары адам айтса сенгісіз қиындықтар болды. Бірақ, Елбасының көрегендігінің негізінде көп ұзамай ел еңсесі тіктелді, аудандардың әлеуеті артты, халық жағдайы жақсарды. «Тәуелсіздік шежіресінде» осындай жұмыстар мен естеліктердің қамтылуы өте орынды әрі құптарлық іс. Жастар егемендіктің қадірін білуі қажет, – дейді Алмагүл Божанова.

Әрине, 1992 жылы атқарылған іс аз емес. Оның бәрін газеттің бір нөмірінде жазып, тауысу мақаланың көлеміне ауырлық етеді. Сондықтан 1992 жылдың наурыз айынан бас­тап жыл аяғына дейін ауданда атқарылған жұмыстарды газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз. Осы ретте, оқырман қауымның ұсыныс-пікірі біз үшін маңызды екенін еске салып, сіздермен байланыс орнатуға, бірлесе еңбек етіп, ізденуге дайын екенімізді жеткіземіз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

27 ақпан 2021 ж. 654 0