Аудан әкімі редакция жұмысымен танысты
Кеше Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев "Сыр медиа" серіктестігіне қарасты аудандық "Тіршілік тынысы" газеті редакциясының жұмысымен танысты. Аудан басшысына шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берілді. Бұл туралы басылым бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.
– Сонау 1939 жылы алғашқы саны оқырман қауымға жол тартқан басылымның жетістіктері жөнінде баяндадым. Газеттің таралымы соңғы бір жыл көлемінде 655 данаға артып, бүгінде аптасына екі рет 3749 данамен кент және ауылдық округтерге таратылып жатқанын айттым. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласынан және Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткіздім.
Аудан әкімі редакция ұжымының жұмысына жеміс тілеп, халыққа сапалы ақпарат тарату бағытындағы жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан әркез қолдау көрсетілетінін айтты, – делінген жазбада.