Аудандық газет "Ауыл" жобасын қолға алды
Өздеріңізге белгілі, аудан әкімі Талғат Дүйсебаев 10 қыркүйек күні аудандық газет редакциясына келіп, шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Аудан басшысына басылымның тарихы және бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берілген еді. Аталған жұмыс сапарында Талғат Тұрсынұлы халыққа сапалы ақпарат тарату бағытындағы жұмыстарға аудан әкімдігі тарапынан әркез қолдау көрсетілетінін жеткізген. Сол қолдаудың негізінде аудандық газет «Ауыл» жобасын қолға алды.
Тұрақты оқырмандар жақсы біледі, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті аптасына екі мәрте, яғни сейсенбі және сенбі күндері жарыққа шығады. Енді газеттің әр сенбі күні нөміріндегі екінші беті арнайы «Ауыл» қосымшасына арналады. Яғни, шығармашылық топ мүшелері жыл аяғына дейін аудандағы 13 ауылдың тың жаңалықтарын, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарын ақпараттандырады.
Бүгін аудандық газет редакциясының апталық жиналысында аталған бастама кеңінен талқыланды. Тілшілерге ауыл әкімдерімен, сала мамандарымен және басқа да кейіпкерлермен карантин талаптарын сақтай отырып сұхбаттасу тапсырылды. Осы ретте аудан әкімінің салалық орынбасарымен жоспар бекітіліп, ертең шығармашылық топ мүшелері ең шалғай ауылдардың бірі Айдарлыға бағыт алмақ. Тілшілердің «Ауыл» арнайы қосымшасын сапалы, уақытылы әрі мазмұнды әзірлеуге мүмкіндігі мол деп нық сеніммен айта аламын.
Қорытындылай келе, аудандық басылымның жоспарына қолдау көрсетіп, шығармашылық топтың жұмысына серпін берген аудан әкімі Талғат Тұрсынұлына шынайы ризашылығымды білдіремін. Аудандық газеттің басты мақсаты ауданның жаңалығын, жетістігін және мәселелерін басылым арқылы ақпараттандыру екенін ескерсек, біз бұл бағытта жұмыс істеуге, ізденуге әркез дайынбыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
"Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы