Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз жазбасақ, кім жазады?

Біз жазбасақ, кім жазады?

Айтылған нәрсе – әңгіме, жазылған дүние – тарих. Ауданның тамыры терең тарихын таңбалап, қағаз бетіне түсіріп, бір өзі бір музейдің жұмысын атқарып келе жатқан аудандық газеттің жұмысын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның үстіне газетте жазылған дүние ешқашан өшпейді, ескірмейді, ұмытылмайды. Сірә, сөз құдіреті, қалам қасиеті деген осы шығар.

Бұқаралық ақпарат құралы қысқартылғанда БАҚ деп жазылады. Сол БАҚ талайдың бағын ашты. Биіктетті. Мерей-мәртебесін көтеріп, абыройын асырды. Сүйінші жаңалық болса, қуанышты хабарды ел-жұртқа жеткізіп, жар салды. Талай тұлғалардың сыры мен жыры басылым бетінде көрініс тапты. Тұлғалар еңбегі, ерлігі кеңінен насихатталды. Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер қарапайым халыққа газет арқылы жеткізілді. Сондықтан мерзімді басылымның елдің, қоғамның дамуында, күнделікті тыныс-тіршілігінде алатын орны ерекше.

Біздің ауданда бір ғана аудандық газет бар. Тарихы сонау 1939 жылдың 26 наурызынан басталатын аудандық басылым алғашында «Сталин жолы» деп аталды. Кейін, яғни 1956 жылдың 1 маусымынан бастап «Еңбек майданы», 1963-1967 жылдары «Сырдария», 1967-1992 жылдары «Еңбек Туы» ретінде таратылды. Басылымда ауданға ғана емес, облысқа, елге белгілі қаламгерлер жемісті еңбек етті. Олардың орнықты ойлары мен пайымды пікірлері газет тарихында сайрап жатыр. Оқырман ешкімді ұмытқан жоқ. Ұмытпайды да.

Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін идеологиялық маңызы бар көптеген атаулар өзгертілді. Бұл уақыттың заңдылығы еді. Сол жұмыстар аудандық газетті де айналып өтпеді. Басылым ел егемендігінің алғашқы жылдарынан бастап «Тереңөзек тынысы» деген атауды иеленді. 1997 жылдан бастап «Тіршілік тынысы» деген атаумен аптасына екі рет жарыққа шығып келеді.

Басылым қоғамдық-саяси газет болғанымен рухани-танымдық, әдеби дүниелерді де оқырман қауымға ұсынуды үрдіске айналдырған. Сынға да орын беріледі. Кейде тереңірек жазып, тақырыпты кеңінен талдап жібергенімізде телефон сыңғыры көбейеді. Бұл басылым үнімен басшы да, оқырман да санасады деген сөз. Айтылған ұсынысымыз да жерде қалып, желге ұшып жатқан жоқ. Газетке жазылған дүниелер жергілікті атқарушы билік тарапынан еленіп, ескеріліп келеді. Бұл ашықтық, жариялылық саясатының жемісі. Түптеп келгенде, сын түзелмей, мін түзелмейді емес пе?!

Шығармашылық топ мүшелерінің жалпы жиналысында «Біз жазбасақ, кім жазады?» деген тақырып жиі талқыланады. Расында да біз бәрін жазуға тиістіміз. Өйткені, тұрғындар аудандағы жалғыз аудандық газетті күтеді, не жазылды екен деп елеңдейді. Сондықтан ұжым қызметкерлерімен шығармашылық ізденістер мен сәттіліктер тілеймін. Сала ардагерлері мен мамандарды төл мерекелерімен құттықтаймын! Сөзіміз өтімді, қаламымыз қуатты болсын!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 

27 маусым 2020 ж. 497 0