Редакция жұмысымен танысты
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Қаюпов ауданға жасаған жұмыс сапары барысында аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының жұмысымен танысты. Басқарма басшысының орынбасарына шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берілді.
Бас редактор А.Ибрагимұлы осыдан 81 жыл бұрын, яғни 1939 жылдың 26 наурызында алғашқы саны оқырман қауымға жол тартқан басылымның жетістіктері жөнінде баяндады. Газеттің таралымы соңғы бір жыл көлемінде 655 данаға артып, бүгінде аудандық газет аптасына екі рет 3749 данамен кент және ауылдық округтерге таратылып жатқанын айтты. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді насихаттау бағытында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Басқарма басшысының орынбасары Руслан Мұхамедәліұлы редакция ұжымының жұмысына жеміс тілеп, халыққа сапалы ақпарат тарату бағытындағы жұмыстарға әркез қолдау көрсетілетінін айтты.
– Аудандық газет редакциясы – шығармашылықтың ордасы, қаламгерлердің құтханасы. Қарашаңырақтың ауданның рухани-мәдени дамуында алатын орны ерекше. Тарихты таңбалап, қағаз бетіне түсіріп, насихаттап келе жатқан журналистер қауымының жұмысын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта Президент Жолдауынан туындаған маңызды міндеттерді насихаттау және атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сараптама жасау, сондай-ақ карантин талаптарын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуге басымдық беру қажет деп есептеймін. Бұл ретте аудандық газет ұжымының шығармашылық әлеуеті жоғары деңгейде әрі мүмкіндіктері де мол екені анық, – деді ол.