Аудан әкімі лауазымына тағайындалып, жұмысқа кіріскен бойда аудандық газет редакциясының жұмысымен таныстым. Шығармашылық ұжымның тыныс-тіршілігі, атқарып жатқан жұмысы және алдағы жоспарлары көңілімнен шықты. Бүгінде басылымның тұрақты оқырманына айналып, аптаның сейсенбі және сенбі күндері жарыққа шығатын аудандық газетті үзбей оқып келемін. Міне, бүгін газеттің 8888-ші саны оқырман қауымға жол тартты. Бұл – аудан жаңалығын жария етуде қажырлы еңбек етіп жатқан газет ұжымы үшін ғана емес, аудан тарихи үшін аса маңызды.
Аудан айнасы саналатын «Тіршілік тынысы» газетінің сырдариялықтардың қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, дамытуға айрықша үлесі зор. Облыстағы өзіндік орны қалыптасқан басылымда елге белгілі болған қарымды қаламгерлер, білікті журналист-жазушылар, ғалым-публицистер қажырлы еңбек етті. Аудан үнжариясының қалыптасу мен дамуы жолында өмірін журналистикамен ұштастырған белгілі қаламгерлердің қызмет атқаруы газет тарихының әріде жатқанын аңғартады.
Кешегі аға буынның салған сара жолын бүгінде жас буын өкілдері жалғап, аудандық басылым дамудың жаңа дәуіріне көшкен. Ақпараттық саясатты жүргізуде бүгінгі газет замана көшінен қалмай, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени жаңалықтарды, құндылықтарды аудан халқына мерзімінде жеткізіп келеді. Бұл ауызбіршілігі мол редакция ұжымының өз қызметтеріне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі екені анық. Сондықтан да әр күнгі жұмысымыз осы аудандық «Тіршілік тынысы» газетін оқудан басталады. Тарихы 80 жылдан аса уақытты қамтитын төл газетіміз әрқашан төрімізде тұрады.
Талғат Дүйсебаев,
Сырдария ауданының әкімі