Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрмағанбет ҚУАНДЫҚОВ, Нағи Ілиясов ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы: Ең ауыр айып – сенімді ақтамау

Нұрмағанбет ҚУАНДЫҚОВ, Нағи Ілиясов ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы: Ең ауыр айып – сенімді ақтамау

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамның басты қасиеті – адалдығы. Саналы азаматтың атқарған қызметі, айналасындағы қаумалаған көпшілікке жасаған қамқорлығы адами болмысын айшықтайды. Өз басым өмірде өтірік айтудан бойымды ада ұстап, шыншыл болуды мақсат тұттым. Барлық адам адалдық пен шыншылдықты жанына серік еткені абзал. Сонымен бірге еш уақытта кісі артынан жамандауға, ғайбаттауға болмайтындығын білсе деймін. Теріс жолға түскен кісіні көрсек дұрыс жолға түзеуге ұмтылғанымыз жөн.

– Ер азаматтың басты қасиеті не?

– Қазіргі таңда қоғам өмірінде сан түрлі жағдайлар орын алып жатады. Ер азамат қашанда сүйген жарына, отбасына, ұрпағына қорған бола білгені дұрыс. Отбасының тұтас беріктігін сақтаған әрбір ердің жауапкершілігіне Отанның тыныштығын күзету кіреді. Әрқашан татулықты, сыйластықты сақтай білген ер азаматтың абыройы биік екені рас. Бейбіт күннің қадірін білген әрбір азамат мұқтажға қамқор, жақынға тілеуқор, жастарға ақылшы атанғаны абзал.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Біз бала күнімізден кітапты сүйіп оқыған болатынбыз. Менің сүйікті кейіпкерім – Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» атты әйгілі романындағы Павел Корчагин еді. Барлық уақытта Павел Корчагиннің романдағы басты рөлін, еңбегін, өн бойындағы рухын, тынымысыз қасиетін айтып жүремін. Біздің заманымызда теледидар жоқ. Газет-журнал республикада аздаған тарылыммен шығады. Сондықтан біздің кітапқа құмартуымыз заңдылық еді. Келесі менің кейіпкерім – Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдағы Қайрош екенін айта кеткен жөн. Асылында, бізде де Қайроштың бойындағы Отанды қорғау, еліннің патриоты болу деген ұлы мақсат тұрды.

– Ең басты кемшілігіңіз қандай?

– Менің бойымдағы кемшілігім – адамға сенгіштігім. Барлық адамды өзім секілді санаймын. Жаныма жақын тартқан кісінің қиянат жасамайтынына сенемін. Олар маған өтірік айтады деген ой еш уақытта болған да емес. Жанымдағы серігіме шын көңілмен иланатын кездерім көп кездеседі. Уақыт өте келе өз көзқарасымның қате екенін түсінемін. Көз алдымда шынайы кейпімен танылып, басқа уақытта сыртымнан сөз тасығандар баршылық. Ең ауыр айып – сенімді ақтамау. Дегенмен, «Біреудің мінін кешірсең, сені де Құдай кешеді» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Бала кеземізде біз бос уақытымызды тиімді пайдалана білдік. Үй шаруасынан босаған уақытта шахмат ойнауға әуес болдым. Мектеп қабырғасында бірге оқыған досым, марқұм Сарыбай Құрманбаев екеуміздің үйімізде шахмат тақтасы қай кезде де құрылып тұратын. Жастайымыздан «Ойлана білген адам абыройға жетеді» деген зерделі сөзді мықтап санамызға тоқыған секілдіміз. Әр маусымда үй шаруасына икемді, тыңдырымды болуға талпындық. Қазіргі жастар ақылды гаджетпен өмір сүрсе, менің замандастарым ақылды адам ретінде қалыптасу үшін үнемі іздене білді.

Кейіннен талай шаруаға араластық. Келелі істің басы-қасынан табылдық. Әрқашан қоғам өміріне белсене араласып, өткеннен көргенімізді, санаға түйгенімізді жастарға айтып келеміз.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Менің бала кезімдегі арманым – тарих пәнінің мұғалімі атану еді. 1975 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетің тарих мамандығы бойынша бітірдім. Сол кезде Қазақ КСР ғылым академиясындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына кіші ғылыми қызметкері ретінде жолдама берді. Мен бұл жолдамадан бас тартып, туған ауылымдағы мектепке ұстаздық қызметке орналастым. Сондағы мақсатым ауыл балаларына көне тарихымызды, сан жыл бойы қалыптасқан шежіре, құндылықтарымызды оқыту болатын. Өмірге қайта келер болсам, тағы да ұлағаты мен ғибраты мол ұстаздық жолды таңдар едім.

– Неден жиіркенесіз?

– Саналы ғұмырымда көз алдыңда қарап тұрып, өтірік айтатын кісінің жасанды болмысынан жиіркенемін. Шын мәнінде, адам қолыннан келмес іске ұмтылмауы керек. Дарақыланып, өзгенің алдында нағыз болмысын жоғалтып алмау маңызды.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– Мектепте оқып жүргенімде С.Торайғыровтың шығар­маларын көп оқитынмын. Ақынның «Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде надан болып» деген сөзін өмірлік ұстаным еттім. Үнемі бұл сөзді сабақ дайындайтын үстелімнің үстіне, қойын дәптеріме, күнделіктеріме жазып қоятынмын. Тағы айта кетерлігі, ақынның «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне, Күн болмағанда, кім болам?» деген өлеңі жаныма жақын болды.

Сонымен бірге саяси қызметкерлердің ең бірінші кезекте сыбайлас-жемқорлыққа жол бермеуі маңызды. Қызмет бабында жүріп, қарамағымдағы жұмысшыларға «Қара нан жеп, қара су ішсек те жемқорлыққа жол бермейік, уайымсыз отырайық» деп айтатынмын. Таза, адал еңбекпен жұмыс жасағанға ешнәрсе жетпейді.

– Жастарға айтар ақылыңыз?

– Біріншіден, адалынан еңбек ет, екіншіден таза ниетте қызмет қыл. Біреуге қиянат жасама. Жақында Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылынан шыққан Темірбек Есжанов деген кісінің кітабын оқып шықтым. Сонда: Қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың кезінде жастарды жұмысқа алатын тұста айтқан сөзі бар екен. Қонысбек Төрешұлы жас маманды ең бірінші ішімдіктен аулақ болуды, екінші жеңіл жүріске бармауды, үшінші жемқорлыққа жол бермеуге шақырады екен. Үлкен мәселеге айналған жоғарыдағы үш жағымсыз фактор күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жастар болашағын жарқын, келешегін жақсы жағынан қалыптастырғысы келсе, қайраткер тұлғалардың өсиеттерін жадынан шығармағаны абзал.

– Адам өміріндегі бақыт өлшемі қандай?

– Осы кезге дейін қызметімнің барлығы ел-халық үшін арналды. Ұстаздық қызмет ете жүріп, ел алғысын арқалау ерекше дүние. Ал саяси қызметтегі адалдығым арқылы көпшіліктің көңілінен шығу, талай істі мүмкіндігінше жауапкершілікпен атқару нағыз бақыт. Ел-жұрттан алған алғыс – қызметіне берілген лайықты баға.

– Сырдария ауданы сіз үшін несімен қымбат?
– Әр уақытта туып өскен ауылымды, тарихы терең ауданымды мақтаныш етемін. Сырдария ауданы еңбекпен аты шыққан даңқымен қымбат. Тарих жылнамасында талай қиындық пен ауыртпалық басымыздан өтті. Қазіргі күнімізге шүкіршілік етемін. Сыр халқының мызғымас бірлігінің арқасында әр жылдары Сырдария ауданы барлық жағынан даму үстінде. Бұл ретте осындай жасампаз жолда жаңғырып келе жатқан Сырдария ауданының Құрметті азаматы атанғанымды зор абырой санаймын.

Сауалнаманы жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 қаңтар 2021 ж. 611 0