Әке мен бала
Ұстанған қасиеті қарымына қарай түрленіп отыратын ер азамат болмысы айшықталған сәтте тектілік тұрпаты көрініс табады. Жалпы, қоғамда әкенің алар орны ерекше. Еркек түзде де, үйде де отбасына қорған бола алуы тиіс. Үлкен салған сара жолды жалғаған кез келген азаматтың бағыты айқындалғанда саналы ғұмырын текке жұмсамайды. Қайта табандылығы мен қайратын бойына жинап, ұрпағына үлгі болады. Құндылық өлшемі өмір бойы таразыға түсетін ұсақ дүниеден құралған үлкен мағыналы ұстаным. Ендеше, бүгінгі әкенің отбасындағы рөлін аттырудағы екі тараптың әңгімесін назарға ала отырып, біраз нәрсеге тоқталатын боламыз.
Бесіктегі баласына құшырлана қараған әкенің кескін-келбетінде ашылмаған сыр жатыр. Кенжесін барынша айналып-толғанғанда бала күлкісінен артық бақыт жоқ секілді. Тұңғышы әкесінің жанына келіп, біраз уақыттан бері өзін мазалап жүрген сауалына жауап алғысы келетінін білдірген. Бала ниетін аңғарған Жомарт назарын үлкен ұлына аударды. Сонда ұлы:
– Әке менің жасым он бестен енді асса да өмірде толғандыратын талай дүниені аңғарып жүрмін. Қазіргі таңда қатарластарымның арасында әкесін қадірлемейтін, мүлде адам құрлы көрмейтіндер кездеседі. Аузынан шыққан екі сөздің бірінде жатқан өшпенділік бар. Неге олай?
– «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» – дейді балам. Сауалың орынды. Біз мейілінше жақсы көрінуге тырыссақ та, іште жатқан бір ойлағанымыз маза бермейді. Қашанда перзент санасына жақсылықты сіңірген жағдайда оның болашағынан үміт күтуге болады. Тәлім-тәрбиесін сан бағытта нұсқаған әке артынан өшпес із қалдырады. Ал, мардымсыз дүниеге малданып, мына өмірден мақұрым қалған кей кісі таусылып бітпейтін сөзден құтыла алмайды. Қай кезде де жамандық атаулыға жаны құмар адамның қадірі көпшілік тұрмақ отбасында да жоғалады. Сен айтқан қадір-қасиеттің жоғарғы сатысы балаға берген мейірім-шапағатта жатыр. Күні бойы әкесінен оңды сөз естімеген қатарластарыңның өшпенділікке бой алдыруы отбасындағы тұрақсыздықтан туындайды.
– Тұрақсыздық демекші, кейде отбасындағы кикілжің ерлі-зайыпты арасында жиі орын алатын құбылыс. Әлденеге келісе алмаған екеудің көксегені өз дегенін орындату екені рас. Осындай жағдай белең алғанда көбіне бала психологиялық тұрғыдан қатты соққы алып жатады. Баланың пікірі тасада қалып, ата-ана екі жаққа айырылысып кетеді. Бұл тұста, өмірлік сүйген ерімен ұғыса алмаған әйелдің басты ұстанымы кенет басқа арнаға түседі. Әке жат секілді баласынан теріс айналады. Осы ретте, әділдігін ұға алмай тағы Сізге жүгінемін.
– «Әйел үшін сұлулық ақылдан гөрі маңыздырақ, өйткені еркекке ойланғаннан гөрі қараған оңайырақ» деген тәмсілдің астарына үңілсең көкейіңдегі сауалға жауап табасың. Жалпы, ер мен әйелдің сан түрлісі бір-бірімен жұптасып жатады. Қыз бен жігіт ретінде танысқан уақытта тек сыпайы сыйластық шеңберінен шыға алмайды. Өз кезегінде отбасы құрған жағдайда ортақ міндетті жүзе асыруда жауапкершілікті сезіне алмай қалады. Сосын ортақ түсіністік таба алмай екі бөлінуге тура келеді. Әкенің бала алдындағы борышы жанынан тысқары жүрсе де өтелуі тиіс. Өшпенділіктің бір ұшы кішкентайында дұрыс қамқорлық жасалмағандай шығады. Шындығында, ер азаматтың отбасындағы орны әйелі құрмет тұтып, төрден орын берген кезде айқындалады. Ал, бет алды балағат сөзге ерік беріп, перзенті алдында әкесін төмендету әрбір отбасында сый мен құрметтің пайымына бара алмайтын ұрпақ өсуіне әкеліп соқтырады. Кімге болса да айтарым, жат бауыр болу оңай, зая кеткен уақытты қайтару, сенімге кіру, ардақты әке атану, мейірімді ана болу, ізгілігі мол перзент болу қиын. Перзентінен теріс айналып, жетімге айналдыру құптарлық жағдай емес.
– Кей отбасында әкенің айтқан сөзі бұлжытпас бұйрық саналады. Қаз-қалпында орындалады. Отбасы мүшелері әрбір іске үлкен тарапынан қолдау таппай кіріспейді. Бірізділік байқалады. Екінші отбасында әйелі би, баласы жүгенсіз жүруден тартынбайды. Әкесі болса көше аралап ішімдік ішкенді ғана біледі. Аузына келгенді айтқанда баласы қазіргі тілмен айтқанда психологиялық травма алады. Ақылы толысқан, байсалды, көпті көрген жан мен әлжуаз, дәрмені жоқ әкенің айырмашылығы қандай? Олардың әрекеті балаға қалай әсер етеді?
– «Қазақ әйелін «жан жолдасым» дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой» деп Ғ.Мүсіріпов айтқандай, отбасында үйлесімділік символы орын алған тұста татулық жарасым табады. Бағанадан ойымда тұрған нәрсе «бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегенді санаңа құйдыру болатын. Қанша жерден әке мәнсіз ғұмыр кешкенімен, таңдауынан жаңылғанымен баласына жамандық ойламайды. Сөзі өтімді, маңайына айтқанын тыңдата алатын жанның еш уақытта қисынсыз әрекеті көзге оғаш көрінбейді. Сен айтқан байсалдылық кез келген адамның ішінде жасырынып жатады. Тек орынды көрсете білуі тиіс. Еркектің атына сай болуы орта жаста емес, қылшылдаған жас күнінде білінеді.
– Әке, соңғы сұрайтыным артыңнан ерген ұрпағыңнан не күтесің? Кемшілік пен ағатттықты кешіре білу зор қасиет. Атадан балаға аманат болған дәстүр сабақтастығын бұзбау да басты назарға алынатын не нәрсе? Әкесі еккен саялы бақтағы жеміс ағашын суғармай, айтқанды орындамайтын талай баланы көріп жүрміз. Сіз де отбасы алдындағы міндетті орындадыңыз. Сіз абырой биігінде болуыңыз үшін не істеуіңіз керек?
– «Адам ақылды болған сайын қарапайым келеді» дейді ғұлама Цицерон. Мен ұрпағымның ақылды, парасатты ер жеткенін қалаймын. Қай іске бармас бұрын ақыл таразысына салып, ойланғанын абзал көремін. Кез келген істің кейбірінен жиреніп, жақсысын бойына сіңірсе деймін. Ағайынның арасында тату болған дұрыс. Әрбір перзентім баптап өсірген жемісім. Әрі қарай мен салған ізден адаспай ұлт дәстүріне берік болғанды қалаймын. Теледидардан сен көрген сан құбылған, қызға ұқсаған жігіттің әкесі олай өмір сүрмеген. Бала кезіңде дәл мендей тәрбиесін берген. Бірақ, баласы ортасына қарай бейімделіп кеткен. Айтарым жүретін ортаңды дұрыста. Біреу саған шапағатын тигізсе, сен оған мың жақсылық жасауды ойла. Сонда адами болмысың да, қасиетің де жоғалмайды. Ұрпақтар сабақтастығы өзара байланысқан сәтте ұлт қаймағына іріткі түспейді. Дәстүрдің қайнар көзі әкенің тәлімінде жатыр. Оны ұғынған перзент жамандықтан өзін алшақ ұстайды. Менің қалайтыным көз қуаныштарымның амандығы, болашағынан күтетінім – саналы азамат болуы.
Қоғамдағы әкенің рөлі, жоғарыда аталғандар перзент тарапынан мүлтіксіз орындалған жағдайда айшықталады. «Әкесіз бала жиын болса бара алмас, барса орын ала алмас» деген Бұқар жырау сөзін берік ұстанғаным соншалық көзімнің тірісінде өз орындарынды жаңылыспай тапқандарыңды қалаймын.
Ал, балам, анаңның шайы дайын болған шығар. Осы шаңырақтың арқасүйер азаматы болғаннан кейін төрден орын алып, бүгінше дамыл табайық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ