Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді

Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамның бас қасиеті келесі бір адамға жақсылық жасай білгенімен байланысты. Өзіне деген сенімділікті ұялата алғанда өзгеге де қадірлі боласың. Адамгершілік тұрғысынан алғанда қызғанышқа, іштарлыққа жол бермеу керектігі құптарлық жағдай. Адалдықтың маңайында сан түрлі адами болмыс қалыптасады.

Ислам дініндегі әділ халифалардың төртіншісі Әзірет әлі өзі секілді сахабалардан ерекшелігі өмірінің соңына дейін адам баласына жақсылық ойлауды көздейді. Ол ұлы адам ретінде жамандықтың арашашысы, жақсылықтың діңгегі болған. Қай кезде де жамандық жасаған жанға қайтарым ретінде жақсылық жасау адами құндылыққа жатады.

– Ер азаматтың басты қасиеті не?

– Отбасы – кіші мемлекет. Ең алдымен ер азамат шағын Отанын қорғайтын дәрежеде болуы керек. Ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек ете білгені абзал. Ер азаматтың бойында намысшыл рухты оятқан жөн. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді». Әрбір азамат ұлтына қорған, өзгеге қайратымен қалқан болуы тиіс. Ел үшін туған ердің міндеті ұлт болашағы жолында басын бәйгеге тігіп, татулықтың дәнекері атанғаны құба-құп.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Кітапты жасымнан көп оқыдым. Бұрындары аудан орталығында екі кітапхана болатын. Сондағы бүкіл кітапты оқып тауыстық. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Менің мектептерім», «Өмір мектебі» шығармаларындағы басты кейіпкерлер азамат болып қалыптасуыма септігін тигізді. Қиыншылық пен жоқшылыққа мойымай оқыған, ілім іздеп санасына тағылымды тәрбие тоқыған кейіпкердің өмір жолы үлгі болды.

Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты», Ғ.Мүсірепов­тің «Қазақ солдаты» романдары мен А.Гайдардың «Тимур және оның командасы» шығармасындағы кейіпкерлер азамат ретінде қалыптасуымызға ықпал етті.

– Ең басты кемшілігіңіз қандай?

– Ең басты кемшілігім – тез сенгіштік қасиетім. Бауырындай жақын тартқан адамдарың кейде алдап кетіп жатады. Шындығымды айтқаннан соң кей адамның кейіннен сатқындық жасайтыны қиын. Дер кезінде айтылатын сөзді айтпай іркіліп қалатын кездерім кездеседі.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Көбіне бақша күтіміне көңіл бөлемін. Қырық жылға жуық уақытта жер қатынастары саласында еңбек еттім. Сон­дықтан егін егуді, тал отырғызуды, олардың күтімін жасауды ұнатамын. Жаз бойы еңбек еткен, шыныққан адам қыста аурушаң болмайды.

Айта кету керек, газет бетіндегі эссе, естелік жанрларын оқимын. Бұрыннан аудандық «Тіршілік тынысы» газетімен қатар, «Жұлдыз» журналын жаздырып алуды әдетке айнал­дырғанмын.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Адам тағдырды қолдан жасай алмайды. Өмірге кел­дің, басқа салғанды көрдің, ғұмырды кештің, бұдан артық ештеңе қайталау мүмкін емес. Өткен ғұмырды саралап, бүгінгі жасаған тіршілікке шүкіршілік етіп, болашаққа се­німмен қарау парыз.

– Неден жиіркенесіз?

– Екіжүзділік пен сатқындықтан. Көрер көзге көпшілік ортада адам бойынан мін тапқыш кісілердің әрекетінен жиіркенемін. Өш алғысы келетін, есе қайтарғысы келіп тұратын жандарға ішім жылымайды. Қателікті түзеудің орнына оны жалпақ жұртқа жария еткісі келетіндер түбінде жақсы болмайды. Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у) бір хадисінде айтады:

«Мұсылман мұсылманның кемшілігін көпшілік арасында айтпайды. Оңашалап бойындағы мінін түзеуге шақырады».

Жақының мен жора-жолдастың беделін түсіру әбестік. Сонымен бірге билік басындағы кісіге жағыну мақсатында сөз тасу адамшылыққа жатпайды. Өзіне ұпай жинағысы келе­тін­дер қазіргі қоғамда баршылық.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Болатын бала – он бесінде «баспын» дейді, болмайтын бала отызында «жаспын» дейді». Қазіргі таңда қырық бес жасында отбасынан бұрын, өз басына еге бола алмай жүргендер бар. Бүгінде масылдық, жалқаулық басым. Жұмыс жоқ деген санамызға кіріп кеткен. Жалданып жұмыс істеп жүрген өзбек ұлтының азаматтарының тірлігін біздің жастар да істей алады. Бірақ істегісі келмейді. Егін егіп, жер жыртса көл көсір табысқа қол жеткізеді.

Тағы бір айтарым көше жағалап әрі-бері өткен адамнан бес-он теңге сұраған кей адамның тірлігі оңып тұрған жоқ. Азғындықты көзіміз көре тұра өзіміз жол берудеміз. «Тепсе темір үзетін» жігіттердің шөлмекке телміріп, өздерін құрдымға итермелегені қынжылтады.

– Абай шығармашылығы сіз үшін несімен ерекше?

– Абай деген толассыз аққан мұхит. Абайдың әр сөзі құнды. Хәкімнің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін әрбір қазақ білуі тиіс. Оның барлық шығармашылығын кез келген уақытта өмірлік тәжірибеде қолдануға кеңес беремін.

Аудармашы, әдебиет зерттеушісі Герольд Бельгер Абай мен Гете шығармашылығын салыстырмалы түрде зерттей келе 132 том жазған Гетеден, 2 том жазған Абайдың ұлылығын мойындайды. Жалғыз «Қараңғы түнде тау қалғып» шығармасын Гете неміс тілінде жазып, орыс ақыны Михаил Лермонтов түп нұсқадан аударған. Ал Абай қазақы иірімдері мен сөз саптауымен ерекше тәсілмен жазып шыққан деп жоғары баға береді. Яғни, Герольд Бельгер Гетенің еңбегіне 3, Михаил Лермонтовке 4, Абайды 5 деген баллмен бағалайды. Сондықтан Хәкім Абайдың әлемі бөлек.

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиет жоғалып бара жатыр?

– Шыншылдық. Бір-бірін қолдау көрсету жоғалып бара жатыр. Өз қамы үшін адами қасиеттерден арылуда. Қазақы рух өлмеуі тиіс. Күндестіктен арыла алмаған адамнан батылдық шықпайды. Досына адал болу маңызды.

– Жастарға айтар ақылыңыз?

– Осыдан ғасырға жуық уақытта Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп айтып кеткен. Аға буын бағындырмаған белестен асып, қазіргі жастар зор жетістік пен ұлы мақсаттарға жетсін дегім келеді. Елін, жерін қорғайтын, ұлтқа үлгі болатын, рухы биік, ар-намысы мықты жастар тәрбиелеу маңызды. Сонымен бірге Баян сұлу мен Қыз Жібек сынды арулардың ізінен ерген бұрымдылардың бақытты болғанын көргім келеді. Отаншылдық пен патриоттық тәрбиені жастардың бойына сіңіргені абзал. Пайда табудың жолында түрлі әрекеттерге бармаса игі.

Қарапайым мысал әлемді дүрбелеңге салған пандемия уақытында бас пайдасын ұлт мүддесінен жоғарғы қойғандар кездесті. Еріктілердің ерен ісі көпке үлгі. Жастарды игі істерге жұмылдырып, теріс жолға түсуден айныту керек.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Бақытты әркім әр түрлі түсінеді. Меніңше, сәл нәрсеге, жетістіктерге қуанудың өзі бақыт. Сонымен бірге туған жерінде орын алған әрбір қуанышқа ортақтасудың өзі бақыт. Достарың мен отбасыңның жасап жатқан жарқын істеріне ризашылық таныту да бақыттың бір нышаны.

– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Біреудің көңілін қимай айтар сөзді іште бүгіп қалуға тырысамын. Маған жамандық ойлаған адамның жұрттың көзінше беделін түсіргім келмейді. Ол адам мен үндемегеннен кейін өзінен тайсалды деп масайрап қалады. Сыртымнан жамандаған кей адамның әрекеті қынжылтады.

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Болашаққа үміт көп, қауқар аз. Сөз де, қол да бастағың келеді. Бірақ барлығы уақыттың еншісінде қалған дүние. Уақытында өмірлік ұстанымды айқын қалыптастырып, алға қарай ұмтыла білдік. Өз ортамызда беделімізді түсірмедік. Жанымыз қалаған істе барымызды салдық. Ерекше қабілетке ие болуға тырыстық. Қызмет барысында жетістікке жетуге талпындық.

– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?

– Мен үшін Тереңөзек – жер жәннаты. Әрбір ауданның азаматы туған жерімен мақтануы тиіс. Сырдария өзенін бойлап, өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде үш жүздің ұрпағы түгел кездеседі. Туған жерде тұрып, оны гүлдендірмеу мүмкін емес. Сыр топырығында ежелгі мемлекеттер өмір сүрген. Аудан атымен аталатын Сырдария өзенінің сағасынан жергілікті халық нәр алып, үлкен өмірге қанат қақты.

Аудан қай жағынан алса да алдыңғы орында болды. Бұл ауданында адамдардың барлығы бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Мысалы адамдары бір-бірін сыйлайды. Ауызбіршілікті сақтаған аудан халқы қоралас жатқан ағайынға жанашыр бола біледі. Сырттан келген қонақтар аудандағы ахуалға, туыстық, бауырмалшылдық қасиетке ерекше қызығады. Сырдария ауданы мен үшін татулығы мен ынтымағы жарасқан, тірлігі толысқан ерекшелегімен қымбат.

Сауалнаманы жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 шілде 2020 ж. 10 318 0