Төребек ЖҰМАБЕКҰЛЫ, Нағи Ілиясов ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: Адамды еңбек – ширатады, өмір – үйретеді
– Негізінен, адам баласы өмірге, қоршаған ортаға, айналасына жанашырлықпен қарағаны абзал. Әркез өзі үлгілі, ниеті түзу болғанда ғана көпшілік арасында сый-құрметке ие болады. Сонымен бірге әрбір жақсы істің басы-қасынан табылып, жақынға тілеулес болғаны – құптарлық іс.
– Ер азаматтың басты қасиеті не?
– Асылында, ер азамат өзін әркез лайықты ұстай білуі маңызды. Мұның астарында барлық нәрсе жатыр. Ер азаматтың орны қайда? Отбасында тірек болып, ел ісінде нақты шешім қабылдай білуі керек. Сондай-ақ үлкен-кішіге, өз ортасына, күнделікті жүрген айналасына қамқорлық танытқанын құп көремін. Қолынан келгенше өзіміз секілді қариялар елге, әсіресе өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуі – нағыз көрегенділік нышаны. Өз орнымен, яки жөнімен сөйлеуді, әдептілікті, тәртіпті мейлінше сақтауды кейінгі буынға ұғындыруымыз керек. Бүгінгі жалынды жастар үлкеннің айтқан ақылын жадына тоқып, егемен елімізді мәңгілік сақтап қалады деген сенім мол.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Саналы ғұмырымда кітап оқуды үнемі үйреншікті дағдыма айналдырғанмын. Соңғы уақытта Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» кітабын оқып шыққан болатынмын. Аталған кітаптан Әбіш туралы терең мағлұматқа, астарлы ой-толғамға, жазушының жүріп өткен жолына көз жеткіздім. Басты кейіпкерді нағыз ғұлама, білгір, білімді, ұлтымыздың ғажап ұлы жазушыларына теңесе алатын бекзат болмысты жан ретінде тани алдым. Сондықтан менің сүйікті әдеби кейіпкерім – Әбіш Кекілбаев.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Ең басты кемшілігім – адамға тез сенетінім. Менің сеніміме ие кейбір кісінің таза ниетімді теріс пайдаланатыны қынжылтады. Адам арадағы сыйластық пен татулықты, мызғымас достықты, жақын қарым-қатынасты, өзара таныстықты көңілге сызат түсірмей сақтауы дұрыс деп санаймын.
– Неден жиіркенесіз?
– Шын мәнінде, үнемі өтірік сөйлейтін немесе мақтаншақтыққа бой алдыратын адамдардан жиіркенемін. Кісіні көрер көзге алдайтын жанның ісі ешқашан алға баспайтыны белгілі. Сосын, іштарлыққа салынып, біреудің жақсылығын көре алмайтын адамнан бойымды аулақ ұстауға тырысып келемін. Қоғамда сан алуан тұлға қалыптасады. Біз аралас-құралас болатын әрбір кісінің өзіне тән мінезі мен болмысы қалыптасқан. Тек олардың жаман қасиетінен жиреніп, жақсылығынан ғибрат алуымыз керек.
– Жастарға айтар ақылыңыз?
– Қазақ ұлты жер шарында тату өмір сүріп жатқан аз ғана халықтың қатарында. Өскелең ұрпақ ата-баба жолымен келе жатқан ауызбіршілікті сақтаса игі. Олар ежелгі халқымыздан бізге мирас ретінде берілген әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге құрметпен қарағаны абзал. Мемлекеттің басты құндылығын барынша дәріптеп, көзінің қарашығындай бағалау керек. Әркез жастарға айтарым, адамды еңбек ширатады, өмір үйретеді.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Отбасында ер азамат айналасатын шаруаның тіршілік ауаны жеткілікті. Қонысымыз ауылда болғаннан кейін бау-бақша егіп, жеміс-жидек отырғызып, қорадағы малдың күтіміне қараймыз. «Ер дәулеті – еңбек» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан бос уақытымды қарашаңырағымда шаруаға арнаймын.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Мен жас күнімде тарихшы болуды арман еткен едім. Бірақ мамандығымды басқа саламен байланыстырдым. Осы кезге дейін дүние жүзі және ел тарихына деген қызығушылығым басылған емес. Тереңнен ізденіп келемін. Қазақ елінің хандық құрған дәуірін және Тәуелсіз мемлекеттің тарихын зерделеуден шаршаған емеспін. Әлем картасынан егемен ел болып, орын ала алмаған қаншама ұлт бар. Соларға қарап, бүгініме шүкіршілік етемін. Шын мәнінде, осы өмірімді екінші рет те жалғастырар едім.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Береке-бірлікте, аман бол!» «Әркез намысты, еліңе қамқор бол!» Бұл сөздің астарында ұлт тұтастығы көрініс тапқан деп есептеймін.
– Сіз үшін Абай Құнанбайұлының шығармашылығы несімен ерекше?
– Қазақтың бас ақыны хәкім Абай Құнанбайұлы өз шығармалары арқылы білім мен ғылымға көңіл бөлу керектігін айтты. Өзім Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын түгел оқып шыққанмын. Ұлы ақынның барлық шығармалары әрбір қазақ үшін құнды. Бар ғұмырын үздіксіз ізденіске арнап, ғылымның барлығы Батыс елдері мен Еуропада дамығанын білді. Саналы ғұмырында әлем ғұламаларының зерттеулеріне иек артты. Ұлтқа қажетті бар мұраны қалдырған ұлы тұлға. Абай бар жерде қазақ бар. Қазақ ұлты барда Абай құндылығы мәңгілік дәріптеледі.
– Адам өміріндегі бақыт өлшемі қандай?
– Алла Тағала адамға өлшеулі өмір беретіні хақ. Әркім өз бағына қарай өмір сүреді. Саналы ғұмырында әрбір адам ең алдымен өзін жарылқап алғаны жөн. Отбасы мен көршіңе барынша жәрдем беру туралы ислам дінінде айтылған. Өз ортасына көмектесе білген адам – бақытты жан.
– Ер азаматтың бес қаруы қандай болуы керек?
– Ең бірінші қаруы – білім. Білімдінің алдынан барлық дүниенің есігі ашылады. Барлық ер азаматқа қажетті қарудың барлығы білімнің айналасына топтасқан десем қателеспеймін. Әр қазақ баласы білімді болуға ұмтылып, зердесіне даналықты тоқығаны құба-құп.
– Сырдария ауданы сіз үшін несімен қымбат?
– Сырдария ауданы мен үшін өткен тарихымен қымбат. Аудан өмірінде тегеурінді басшы мен жайсаңдар қызмет етті. Игі жақсылардың ордасына айналған ауданда елеулі оқиғалар орын алды. Талай жанның бағын ашқан тектілер жатқан мекен – мызғымас татулығымен көпке үлгі. Әр жылдары еңбекте еленген даңқты тұлғаларымыз туған өлкенің дамуына сүбелі үлес қосты. Біз үшін туған жер – ырыстың кіндігі.
Сауалнама жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ