Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫРАҒЫҢДЫ ӨШІРМЕ, ШЫРАҒЫМ

ШЫРАҒЫҢДЫ ӨШІРМЕ, ШЫРАҒЫМ


Асылында әйел затының табиғи жаратылысында ерекше нәзіктік символы анық байқалады. Бір басына жететін ұяңдығына сүйсіне қарап, нағыз қазақ ханымының бітім болмысына қайран қалатынымыз тағы бар. Әркез айналасына шуағын төгіп, мейірім шапағатына бөлеген әйелдің мінсіз болуында тазалық пен тектілік иісі аңқып тұрғандай. Қашанда алтын босағаны аттаған қыз баласының төркінінен жиған өсиетті өмір бойына санасына тоқығаны ғажап. Өркениет көшіне ілескен қоғам өмірінде текті қазаққа таңсық көрінетін тосын құбылыс тұрмысымызға еніп кеткені өкінішті. Ақиқатында түзу жолдан тайқып, отбасы қадіріне жете алмай жүрген отанасының қателігі бүгінгі күннің басты қиындығына айналды.
Отбасында бір жастыққа жантайған екі жастың ғұмыры ұзағынан болу үшін сыйластық пен татулықты берік ұстану қажет. Өрімдей жас кезінде ерімен шағын мемлекеттің іргесін бірге тұрғызамыз деп серт байласқан кейбір келіншек осы күні отбасынан безініп жүр. Соңғы уақытта қараңғылықтан көзі көрмей шатасқан талай жанның қарекеті өз арына нұқсан келтіреді. Ашығын айтқанда өмірлік қосағынан жиреніп, желікпе мінездің жетегіне ерген әйелдің қорлығы өзегімізді өртейді. Алғашқыда сүйген жарына сенім артқан ер азамат адам төзгісіз мұндай шырғалаңға тап боларын ойламаса керек-ті. Асқан байлық пен мансап немесе материалдық қажеттілік, өзге біреудің мүлкіне иелік ету шындығында түзу жолдағы нәзік жандыны демде жаңылыстыра алғаны ма? Бұдан басқаның барлығы берекесі тасыған шаңырағыңда да жеткілікті емес пе еді? Талай жыл ошағында оты маздаған отбасы құндылығы құлдырағанда тоз-тозы шыққан тағдыр иелері өздігінен пайда болатыны сөзсіз. Қазіргі таңда барға қанағат қыла алмайтын қаракөздеріміз ес білген баласы мен асыл азаматын өзге біреуге айырбастап кетуді әдетке айналдырды. Мейлі осыған дейін қандай қиыншылық басынан өтсе де, шаңырақтың шайқалуына әйел затының себепкер атануының айқын көрінісі рухани тұрғыдан құлдыраудың шегіне жеткеніміз.
Заманның күн сайын құбылып өзгеруіне адамның санасы лас дүниемен былғанып жатқанымен байланыс­ты. Шырылдаған баланың үніне құлақ аспаған ананың бассыздығы келешек басқа адаммен бақытты болуына кепілдік бере алмайды. «Мінсіз күйеу – мінсіз әйелім бар деп есептейтін еркек» демекші, ер азаматтың абыройы мен асқан парасатылығы аяқ астына тапталғаны кешірілмейтін жағдай. Ертеректе ері қазанды күзетіп, әйелі базар жағалаған уақытта осындай оқиғалар жиі кездескен деседі. Қазіргі уақытта ғаламтордың дамыған шағында әлем желіге байланған отанасының түрлі мінез шығарып, тосыннан байлам жасағаны шошытады. Өзінен бірнеше жас кіші немесе тұрмысы айтарлықтай жақсы еркекті арбауына түсіріп, некелі жарының жанынан ғайып болады. Өз отбасынан сырт айналған олар көп уақыт өтпей шатасудың құрбаны болғанын сезгенде барлығы да кеш болатын. Сонда осыған дейін дүйім елдің ортасына ер азаматын қауқарсыз қалдырғаны, намысын жаншығаны, әулет атына кір келтіргені әйел затына тән қасиет емес.
«Қайта кірер есігіңді қатты жаппа» демекші әрбір отанасы отбасының шырайын келтіріп, жақсылық атау­­лыны ұрпағына ұғындыру парыз. Ерінің разылығын алып, жидесіне кір шалдырмай, көңіліне кірбің түсірмей, мәртебесін арттырғанда шайтан атаулы шаңыраққа жуымайды. Қызығушылық пен құштарлықты, сүйіспеншлік пен адал махаббатты ер азаматына сезіндірген жағдайда мәңгілік тұрақтылық отбасында көрініс табады. Осы ретте айтпағымыз қыз-келіншектер қиын-қыстау күнде де, қатал тағдырдың сынағына мойымай бақытты өзгенің бағынан іздемесе дейміз. Өйткені, кез келген отбасының берік сақталуына ақылы тасыған арлы әйел себепкер атанады. Сонымен қатар алтын босағаның қадірін ешуақытта ұмытпау, қазақ келінінің санасында мәңгі жаңғыруы тиіс. Отбасынан теріс айналған әрбір жанның шырмауға түскен тағдырының не боларын кім білген?!


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
15 қаңтар 2019 ж. 1 036 0