Алма Бақтиярова, Сырдария ауданының Құрметті азаматы: Рухани жаңғыру отбасынан басталады
– Адамның басты қасиеті бойындағы адамгершілігі арқылы танылады. Сондықтан әр адамнның азаматтық болмысы қалыптасқаны абзал. Өз ойын ашық айтып, өтірік сөйлемеуге дағдыланғаны жөн. Ой-өрісімен көпшілікке танылып, қоғамдағы өз орнын сақтағаны дұрыс.
– Әйел затының ең нәзік қасиеті қандай?
– Әйелдің ең нәзік қасиеті – сезімі. Ата-анаға, балаға, жарға, туған-туысқа деген сезімі арқылы бойындағы нәзіктікті аңғартады.
– Қоғамдағы әйелдердің рөлі қандай?
– Жалпы алғанда өмір тоқтаусыз жалғасын табады. Біздің қоғам өміріне араласуымыз, тұлға ретінде қалыптасуымыз өзгеше болды. Бүгінде әйел затының өмірден алған өнегесі, өзіндік әйел болып қалыптасуы басқаша. Заманына қарай сан қырлы бағытта өздерін жетілдіріп отырады. Біз де көштен қалған жоқпыз, олар да түрлі бағытта өздерін сын-қатерде сынап келеді. Ер азаматпен қатар, әйелдер де саяси аренада өзіндік позициясымен танылуда.
– Сіздің ойыңызша ана перзенті үшін не істеу керек?
– Ана баласы үшін барлығын жасауға міндетті. Баланың өмірге қалыптасуына әкемен қатар ананың атқарар қызметі зор. Ана мен баланың арасы ажырамағаны абзал. Әр отбасында ахуал түрлі деңгейде өрбиді. Шындығында әрбір шаңырақтың жазылмай қалған заңдылығы бар. Тұрмысы мен ғұрпы сан алуан.
Жас кезімізде «Анасын көріп, қызын ал» деген мақалдың байыбына бара бермейтін едік. Балалы-шағалы болғанда дөп айтылған сөз екенін ұқтық. Ана қай кезде де қыз тәрбиесіне көңіл бөлгені жөн. Өйткені қыз – қоғамның айнасы.
– Сүйікті қаламгеріңіз кім?
– Көбіне Фариза Оңғарсынованың поэзиясын оқығанды ұнатамын. Әбіш Кекілбаев шығармашылығы өмірде де, қызметте де жол бастаушым болды. Сыр қаламгерлерін келер ұрпаққа дәріптеу маңызды. Біз солардың еңбектерін оқып есейдік. Әдеби шығармалар адамның ой-санасын жетілдірсе, мәдениет – руханияттың темірқазығы.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Шын мәнінде әйелдің бос уақыты бола бермейді. Жетпіс жасқа дейін мемлекеттік қызметте болып, қоғам өмірімен біте қайнастым. Отбасының барлық күтімін жасап, бала-шағаға саналы тәрбие беру әрбір ананың тікелей міндеті. Осы күні ел мүддесі жолында өскелең ұрпақты тәрбиелеу абыройлы борыш деп санаймын. Оның ішінде немерелеріме тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді ұғындыруға тырысамын.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Бойымдағы басты кемшілігім – төзімсіздік. Кейде өмірлік тәжірибемде сабырсыздық орын алып тұрады. Әрбір істің уақытында шешімін тапқанын құп көремін. Сосын адамның бет-жүзіне қарамай тіке айтатын кездерім жиі кездеседі. Турашылдық қасиетім кейбір адамға жақпағанымен, орнымен айтылған мезетте көпшілік құптап жатады.
– Неден жиіркенесіз?
– Қолының сұғанағы бар адамнан жиіркенемін. Ұрлық жасаған адам түбінде оңбайды. Мемлекет және қоғам жұмысына қол салған адамның қайсібірі де жақсы атаққа қол жеткізбейді. Өтірік сөйлеп, екіжүзді көрінген адамның болашағы жоқ.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Өткен өмірімде жіберген қателіктерімді қайталамас едім. Жақсылықтан бой түзеп, бұдан да басқаша ғұмыр кешуім бек мүмкін. Дегенмен бұл өмірімнен сабақ алатын тұстарым баршылық. Қатаң қағида жоқ. Адам болып қалу маңызды.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Анам Күлбарам Бақтиярова ақын болған. Сол кісінің жанында жүріп, өнегелі, тағылымды тәрбиеге қанық болып бойжеттім.
«Уайымсыз ішкен қара су мен қара нанға ештеңе жетпейді» деген сөз бар. Ұрлықтан аулақ бол дегенді жиі еске түсіреді. Аз сөйлеп, көп тыңдаған, үнемі ізденісті серік еткен адамның ісі алға басатындығын бәріміз де білеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алдыңа қарап тәуекел де, артыңа қарап тәубе де» деген сөзі үнемі тұрмыста да, қызметте де ойымда жүреді. Мұны ұрпақтарыма айтып отырамын.
– Абай шығармашылығы сіз үшін несімен ерекше?
– Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың әр сөзі тағылымға толы. Соның ішінде қара сөздері адамды үлкен өмірге тәрбиелейді. Меніңше хәкім Абайдың пайым-парасаты мен көрегендігі жастар үшін ғибрат. Біз ұрпақты оның рухани құндылығымен сусындатуымыз қажет. Бұл жұмыстар жоғарғы оқу орындарында, мектептерде, тіпті балабақшалардан басталуы тиіс. Меніңше рухани жаңғыру отбасынан басталады.
– Жастарға айтар ақылыңыз?
– Қазіргі жастар бақытты. Шетел асып, ел болашағы жолында толайым табыстарға жетуде. Дегенмен жастар саясатында олқылықтар да жоқ емес. Еңбек ардагері ретінде мені кейбір жастардың тәрбиесі алаңдатады. Ұлы ғұлама Әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы». Бала тәрбиесіне әр ата-ана жауапкершілікпен қарау қажет.
Алдыңғы толқын ағалардың тарихын білмеген адамның келешекке үміті болмайды. Үйренемін, оқимын, білім аламын деген жасқа барлық мүмкіндік бар. Тек жастар жалқаулықтан бойын ада ұстап, еңбек ете білуі керек. Біреудің затын рұқсатсыз иеленбеу де үлкен тәрбие. Ал «Дайын асқа тік қасық болу» сен тіршілік ететін ортада қадіріңді қашырады.
Сонымен бірге заманауи бағытта жастардың өзгеруі келешекке деген қорқынышты ұялатады. Өзгеге еліктеймін деп, қазақылықты жоғалтып алмасақ игі.
– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?
– Сырдария ауданы буынымды қатайтып, барлық қызметте дәрежелі болуыма септігін тигізді. Мен үшін Сырдария ауданы өткенімен, тарихымен қымбат. Ауданның мәдениеті, әдебиеті, саяси тұрақтылығы, қоғамдағы дамуы, рухани өрлеуі жанашыр тұлғалардың жетістігі мен өлшеусіз еңбегі арқылы қалыптасты. Еңбек адамдарының өнегеге толы өмір жолдары мен бірегей ұстанымдары ауданды жақсы жағынан танытып келеді.
Сауалнама жүргізген
Балтабай ОРДАБЕКОВ