Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл ұстаз мерейі

Жаңашыл ұстаз мерейі

Журналистика саласында қызмет еткен жылдардан бастап «Менің кейіпкерім» деп басталатын мақалаларыма арқау болған түрлі мамандық иесі болды. Олардың қатарында ұстаз, дәрігер, инженер, мәдениет, әлеуметтік қызметкер, құқық қорғау саласының маманы, Батыр ана және қарапайым еңбек адамдарын атап өткен абзал. Бүгінгі мақаламның да басын осы сөз тіркесімен бастағанды жөн көрдім. Себебі кейіпкерім нағыз қадірлі мамандық иесі, өз ісінің майталманы – ардақты ұстаз Кенжегүл Тұрғанбекова.

Менің кейіпкерім қасиетті де мәртебелі мамандық – ұстаздықты таңдап, бүгінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мол тәжірибе жинады. Ол бүгінде 28 жылдан бері №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде ұстаздық етіп келеді.

Кенжегүл Ерденқызы 1990-жылдары Қызылорда қала­сындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте оқыды. Тарих пәнінің мұғалімі атануды алдына мақсат етіп қойған Кенжегүл Сыр елінің мықты тарихшыларынан жоғарғы білім алды. Университет қабырғасында жүргенде өзінің білімге деген құштарлығымен білім сынақтарынан үздік баға алып, тарих ғылымының қыр-сырына қанықты. Қолына дип­ломын алған жас маман аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге мұғалім болып қабылданды. Міне, содан бері білімнің қарашаңырағы атанған мектеп-лицейде алдыңғы толқын аға ұрпақ – ұстаздардың қамқорлығымен мол тәжірибе жинақтап келеді. Бүгінде саналы ұрпаққа білім беруді үздіксіз жалғастырып келе жатқан ұстаз – жоғарғы санатты маман, жаңашыл мұғалім.

Биылғы оқу жылы Кенжегүл Ерденқызына толағай жетістігімен келді. Ол мұғалімдердің төл мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Үздік мұғалім шығармашылығының арқасында осы жылы аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Иман – 2013» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Рухани келісім – бірлік пен татулық кепілі» тақырыбындағы шығармалар байқауында Бас жүлде иесі атанды. Сонымен қатар «Инновация» республикалық ғылыми педагогикалық орталығының «Білім. Ғылым. Инновация» атты үздік ұстаздар еңбегінің жинағына «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша есімі енгізілді.

Айта кету керек, шығармашыл ұстаздың «Жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу және сараптау үлгілері» атты оқу-әдістемелік жинағына «ХІІІ – ХV ғасырлардың бірінші жартысындағы Қазақстан» бөлімі бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары енгізілді. Сондай-ақ «Жаңартылған білім беру мазмұнында сабақ жоспарын үлгілеу» атты тағы бір жинаққа «Неліктен Шыңғыс хан әскерлері Отырарды алты ай бойы ала алмады» тақырыбында жазылған қысқа мерзімді жоспары да енді.

Білікті ұстаз өткен жылы «Үздік өлкетанушы – 2019» байқауында бірінші орын алып, облыстық оқу орталығының сертификатын иеленді. Сонымен қатар «Darun. Online» білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған І республикалық «Кемеңгер ұстаз» олим­пиадасының ІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Бұл жоғарғы санатты ұстаздың соңғы үш жылда жеткен жетіс­тіктерінің бір ғана мысалы.

– Ұстаздың еңбегі – шығармашылығымен, шәкірт жетіс­тігімен бағаланады. Жыл сайын мектеп-лицей бітірушілері білім сынағында жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Дүниежүзі тарихы пәнін таңдаған оқушылардың барлығы дерлік грант иесі атанды. Оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жыл бойы жүргізіледі. Ол үшін барлық негізгі пән бойынша қосымша сабақ кестесіне сәйкес дәріс беріледі. Дегенмен оқушының ізденісі мен мықты дайындығы өте қажет, – дейді ұстаз Кенжегүл Ерденқызы.

Оқушы жетістігі қашанда ұстаздың мерейін өсіреді демекші, биылғы жылы тарих пәні мұғалімінің оқушысы жетістікке жетті. Жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» атты ІІІ республикалық интеллектуалдық байқауының аудандық кезеңінде «Менің кіші Отанымның болашағы» номинациясы бойынша Нұрбек Әбіласан жүлделі бірінші орынды иеленіп, облыстық байқауға жолдама алды.

Әріптестері арасында зор беделге ие, шәкірттерінің сүйікті ұстазы атанған Кенжегүл Ерденқызы – отбасында үлкен әулеттің келіні. Қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырған аяулы жар – өмірлік серігі Бостанмен үш қыздың ата-анасы.

Тұңғышы Айым – Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетті қызыл дипломмен аяқтап, сол оқу орнында қызмет етеді. Екінші қызы – Арайлым өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Кішкентайы Сағыныш – мектеп оқушысы, оқу үздігі. Ерлі-зайыпты Кенжегүл мен Бос­тан – бес немеренің ата-әжесі.

Мақала басында замандасымның жаңашылдығы туралы айтуым бекер емес. Ол білім саласындағы жаңашылдығымен қатар заман талабына сай әлеуметтік желі белсендісі. Аудан жаңалықтарына үн қосып, жақсы пікір білдіріп отыратын ұстаз – аудандық газеттің тұрақты оқырманы. Шығармашылығын әлеуметтік желі арқылы насихаттап, саналы ұрпақ тәрбиелеуде білікті ұстаз атанған жанның қиындығы мен қызығы мол еңбек жолына табыс тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
29 желтоқсан 2020 ж. 1 109 0