ЖАСАМПАЗ ЕЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ БІЛІМДЕ
Болашақ ұрпақтың сапалы білім алуы бүгінгі күні ұстаздар алдындағы үлкен міндет. Елбасы Н.Назарбаев еліміздің болашағы білімді жастардың қолында екенін әрдайым айтып келеді. Мемлекет алдында еліміздің дамыған 30 мемлекет қатарына ену мақсаты тұр. Бәсекеге қабілеттілер ғана алға шығып, жаңа технологиялар игеріледі. Жас ұрпақты мектеп қабырғасында жүргеннен бастап ғылымға үйрету келешек мемлекеттің дамуына мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда білім беру мекемелері мұғалімдердің біліктіліктерін арттырып, жаңа инновацияларды дамыту үстінде.
Шын мәнінде өз мамандығын жетік меңгерген маман бәсекеге төтеп беріп, шәкірттеріне сапалы білім береді. Ондай ұстаздар қатары ауданымызда баршылық. Жаңашыл, шығармашылық жолында ізденімпаз ұстаздардың бірі №42 Қ.Баймағанбетов атындағы орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Зейнұр Жаманқұлов. Ол өз мамандығының майталманы, жоғарғы санатты ұстаз. Зейнұр өзі туып-өскен ауылында, оқушы кезінде өзіне сабақ берген ұстаздарымен бірге еңбек еткеніне де биыл он жыл болды. Жас мұғалім ұстаздар әулетінің ұрпағы болғандықтан болар оған басқа мамандық иесі болу мүмкін еместей көрінеді, мұғалімдік оның қанында бар қасиет. Ал, химия пәніне мандануының себебін өзінің байырғы ұстазы Мырза Жұмабековтың есімімен байланыстырады. Шәкіртке ғылымның күрделісін, әрі қиын жолын таңдауға ұстазының алғашқы сабағы әсер еткен. Бұл естен кетпес керемет сәттер Зейнұрдың әлі күнге дейін көз алдында.
«Химия пәнінің мұғалімі алғаш сыныпқа кіргеннен-ақ өзін өлеңдетіп таныстырып, әрі қарай өлең жолдарын осы пәнге арнап кетті. Аң-таң болған оқушылар мұғалімнің бұл әдісіне, шеберлігіне тәнті болды. Мырза ағай әрбір сабақты түсіндіргенде химияның соншалықты қиын екенін сезбей де қаласың. Әсіресе, оның тақтаға жазуы тайға таңба басқандай анық, түсінікті болатын. Ол кісіге еліктеушілік, ұқсап, ұстаз болу арманым сол бала кезімнен басталды», дейді арманына қол жеткізген мұғалім Зейнұр. Мектеп бітірген жас түлек көп ойланбастан Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке оқуға түседі. Химия және биология пәнінінің мұғалімі атанып, жас маман еңбек жолын туған ауылынан, өзі түлеп ұшқан мектептен бастайды. Қызметке кіріспес бұрын ол аталмыш университеттің «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығының магистратурасына оқуға түседі. Ғылыми зерттеу жұмыстарына машықтанған магистр мектепте өз оқушыларына бар ынтасымен сабақ беріп, ғылымға баулиды. Алғашқы қызмет еткен жылдардан бастап жетістіктерге жетіп, әріптестерінің арасында зор беделге ие болады. Аудандық пән олимпиадаларында Зейнұрдың оқушылары бірінші орын алып, облыста үшінші орынға шығады. Ғылыми жоба дайындауда алдына жан салмайтын ұстаз мерейі тасиды. Бас-аяғы бір-екі жыл ішінде «Ауылдың үздік жас маманы» атанады. Ал, 2011-2012 оқу жылында «Үздік мұғалім-2012» атағын иелену оған зор жауапкершіліктер жүктеді. Осы жылы ұстаз республикада өткен «ҚР-ы химия және биология пәні мұғалімдерінің І съезінің» делегаты атанып, әріптестері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады. Еңбектері, үлгі сабақтары мен оқушыларының ғылыми жобалары оқу-әдістемелік құралы ретінде таратылды. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған маман соңғы 7 жылдан бері тұрақты химия пәні бойынша ҰБТ-да аппеляциялық комиссияның мүшесі. Өткен оқу жылында Қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен республикалық пән олимпиадасында оқушысы Нарқыз Жамбылбай жүлделі орын алып, университеттің грант иегері атанды. Бұл үздік нәтиженің жемісі ретінде биылғы оқу жылында Зейнұр Жаманқұлов ҚР Білім және Ғылым минитсрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.
- Менің мақсатым оқушыларға химия пәнін меңгерту. Оны қиын сала болса да ел келешегі үшін қажет екенін ұғындырып, жақсы маман атануларына жол көрсету. Болашақ өндіріс орындарында. Осындай өндіріс орындарының маманы атануға оқушы мектеп қабырғасында жүріп икемделу керек, - дейді білікті ұстаз. Қазір Зейнұр мектептің бірнеше оқушыларын Әлия Әмірбекова, Айғаным Жалғастың талаптарына қанат бітіріп, оларға сенім артуда.
Зейнұр бүгінде жаста болса бас болып, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде. Бұл жауапты қызметке ол осы оқу жылында кірісті. Сондықтан оның алдында үлкен ұжымның зор жауаркершілігі тұр. Жас маман бұл қызметті де абыроймен атқаратынына әріптестері сенімді.
Б.ЖАНӘЛІ