Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірті мерейін тасытқан

Шәкірті мерейін тасытқан

«Табиғатынан мұғалім болып жаратылған жан» екен деп аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Үміткүл Батишева жайлы айтуға әбден болады. Бұл сөзбен ұстаздың әріптестерімен қатар аудандағы көптеген ата-аналар да келісетініне күмәнім жоқ. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап ардақты ұстаздарын ерекше қадірлеп, өзі де мұғалім болуды армандаған Үміткүл мақсатына жетуге тырысады. Күн сайын сабаққа мұқият дайындалып, әсіресе, химия-биология пәнін ерекше сүйіп оқиды. Жоғары сыныпта оқып жүргенде мұғалімдікті таңдап, ол жайында ата-анасына айтқанда, ол кісілер де қыздарының таңдауымен келіседі. Бағдар-бағдар беріп, мұғалім болуына тілектестіктерін білдіреді.
Мектепті бітіріп, өзі қалаған мамандық иесі атануға Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтының жаратылыстану факультетіне оқуға түседі. Химия және биология пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді.
Жас педагог алғашқы еңбек жолын кенттегі №36 орта мектептен бастайды. Қазір осы білім ошағында тапжылмай еңбек етіп келе жатқанына 28 жыл уақыт болды.
Үміткүл Жағыпарқызы жаңалыққа жаны құмар, шығармашыл ұстаз. Ол ауданда деңгейлік бағдарлама бойынша 1-деңгей сертификатын алған мұғалім. Жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ беретін ұстаз түрлі әдіс-тәсілді қолданады. Оқушылардың жас ерекшелігіне қарай тірек сигнал, тірек сызба-нұсқа, 7 модуль қолданады. Оның дебат, сынақ, ертегі-сабақ, кірістірілген сабақ түрлері оқушы деңгейін көтеруге, сабаққа деген ынта-қызығушылығын арттыруға бірден-бір құрал.
Ізденімпаз ұстаз әріптестерінің арасында үздіктердің қатарында. Ол әр жылдары облыстық байқауларда «Үздік биолог» атанған мерейлі мұғалім. Халықаралық деңгейде дайындаған «Менің инновациялық сабағым» атты жұмысы, эссе жазу сайысындағы еңбегі жоғары бағаланды.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, мұғалім мықты болса, оқушылар да сол мұғалімнің сабақ беретін пәнін ерекше сүйіп оқиды. Мектеп-лицейдің оқушылары Үміт Жағыпарқызының шәкірті болуға ынталы десек артық айтқандық болмас. Мектеп-лицей түлектерінің арасында биология пәнін таңдап, медицина саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар да жетерлік. Атап айтқанда Арайлым Әбсадықова қазір кардиолог-дәрігер, Санжар Әшірбеков те кезінде облыстық пән олимпиадасында бірінші орын алған шәкірті. Санжар болашақ мал дәрігері. Ұстаз Шарафаддин Маншариповпен де мақтанады. Шарафаддин Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медицина университетінің 5 курс студенті. Осы жоғарғы оқу орнында Үміткүл Жағыпарқызының тағы бір шәкірті оқиды. Ол мектеп-лицейдің былтырғы жылғы түлегі – Әнел Саруарова. Болашақ дәрігерлер әрдайым ұстаз жүрегінде. Ұстаз мәртебесін асырған Светлана Верховодова мұғалімдік жолды таңдап, Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетін бітірген, жас маман.
Мамандығын жоғары деңгейде меңгерген ұстаз жоғары санатты мұғалім. Оның тынымсыз еңбегі жалғасуда. Қазір мектеп-лицейде білім алып жатқан Диана Ерниязова, Жансая Әлтаева ұстаздың үкілеген үміті. Олар келешектің кірпішін қалайтын дарын иелері.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, мұғалім үшін өткен оқу жылы табысты, әрі мерейлі болды. Себебі, алты бірдей оқушысы мемлекеттік грант иегері атанып, ұстазының еңбегін жандырды.
– Мен тағдырыма ризамын. Мұғалімдік жолды таңдауыма себепкер болған ата-анама мың рахмет. Мамандық таңдағанда қателеспей, шын мәнінде өзімнің орнымды таптым. Менің мақсатым – оқушыларым да өмірден өз орындарын тапса, бәсекеге қабілетті азамат болса, мен үшін сол маңызды. Адам баласы мәңгілік емес, ал егер ол өзінің ізін қалдырса, оның есімі жаңғырады.
Республиканың түкпір-түкпірінде шәкіртерім бар. Олар менің жүрегімде, – дейді ұстаз Үміткүл Жағыпарқызы.
Ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі лайықты марапатын да алды. Көптеген мақтау грамоталары, алғыс хат пен мерекелік төсбелгілер жемісті еңбектің нәтижесі. Ал биылғы жылдың наградасы – облыстық білім басқарамасының Құрмет грамотасы мен Білім және ғылым министрлігінің грамотасы ұстазға деген жаңа мақсат пен жауапкершілікті еселей түсті.
Алда талай шәкірттер үшін тынымсыз еңбек пен ізденіс күтіп тұр. Бұл қиындығы мен қызығы мол еңбек ұстазды еш уақытта қаймықтырмаған. Қайта жігерлендіріп, тың серпін береді.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
05 қазан 2019 ж. 731 0