Сән әлеміндегі ғажайып өнер
«Әрбір әйел заты жылтыраққа құмар келеді. Әсіресе, моншақтан төгілтіп жасалған бисер әшекейі барлық әйелде болуы керек». Бұл – осы ғажайып өнерді меңгерген жерлесіміз, қолөнер шебері Сандуғаш Бегалиеваның өзіндік пікірі. Яғни адам жанын қиял әлеміне жетелейтін өнер туындысын өз қолымен жасайтын шебердің ұстанымы. Сырдариялық жас қолөнер шебері – тұрақты айдарымыздың бүгінгі қонағы. Алматы шаһарында сән әлеміне үлес қосып жүрген түлегіміздің әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
– Сандуғаш Бегалықызы, өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз, туған жерден түлеп ұшқан Сандуғаш бала кезінде қандай болды?
– Ең алдымен, туған жерімнің жақсы жаңалықтарын, үнін еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізіп отырған, ақпарат айдынында өзіндік орны бар, бала кезімізден сүйіп оқып өскен «Тіршілік тынысы» газеті редакциясына алғыс айтамын. Біз секілді сыртта жүрген түлектерді іздеп, еңбегімізді көрсетуге, таныстыруға ниет еткен тілшілер қауымына ризашылығымды білдіремін.
Бала кезімде өте бақытты отбасында өстім. Ата-анам – ұстаздар, елге сыйлы, ағайынға құрметті жандар. Әкем Бегалы – ұзақ жыл бойы шәкірт тәрбиелеген, білім саласында өзіндік орны бар азамат.Зейнеткерлікке жетіп, ардагер-ұстаз атанды. Анам – Жанар бес баланы өмірге әкелді. Бауырларымның ішінде жалғыз қызғалдақты – мені еркелетіп өсіргені жаныма шуақ, қөңіліме қуаныш сыйлайды. Бала кезімде тігінге жақын болдым. Қуыршақтарыма әдемі көйлектерді өз қолыммен тігетінмін, анам тоқыма тоқуды үйретті. Сәнді тоқыма көйлектерді де қуыршақтарыма тоқып үйрендім. Тілалғыш, айтқанды, үйреткенді қағып алатын, бір істі бастасам, аяғына дейін жеткізетін бала болып өстім.
– Мектеп қабырғасында жүргеніңізде өнерге жақын болғаныңызды білеміз, аудандық іс-шараларда сахнаға шығып өнер көрсететін едіңіз. Жалпы ән айтуды кімнен үйрендіңіз? Отбасыңызда өнерлі жандар бар ма?– Мектепте сабағымды жақсы оқыдым, өнерлі болып өстім. Ән-биге жақын болдым. Арнайы музыкалық білім алмасам да, теледидардан көрген өнер жұлдыздарына еліктеп ән айта бастадым. Негізінен нағашыларым – өнерлі жандар. Отбасылық мерекелерде, той-томалақтарда ән айтып, бір серпіліп қалатыным бар. Қазір де жұмысымның барысында қолыма бисерді ұстағаннан-ақ кеудемді ән шумақтары кернейді. Ән айтып отырып, жұмысымды істегенді ұнатамын. Бауырларымның арасында да ән айтатындары бар.
– Армандаған мамандығыңызға қол жеткіздіңіз бе? Қандай оқу орнын тәмамдадыңыз? Алғашқы еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз?
– Бала кезімдегі арманыма қол жеткіздім деп айта аламын. Алматы қаласындағы «Сымбат» академиясында «киім дизайны» мамандығы бойынша білім алып, бітірдім. Сол кезден қолөнер менің болашақтағы мамандығым екенін түсіндім, қызығып бастадым. Еңбек жолымды 2018 жылы оқу бітіре сала бастап, дизайнер Дана Набидің «Сән үйіне» жұмысқа декоратор болып кірдім. Дизайнерден кесте тоқудың қыр-сырын үйрендім. Кесте тоқу саласына кездейсоқ түстім, негізінен тігінші жұмысын іздеп барғанмын. Дана Набидің сән үйінде кестелерді көрдім де, декораторлыққа бет бұрдым.
– Қолөнер шебері болу көздің майын тауысатын жұмыс секілді, жалпы тігін тігу мен бисердің айырмашылығы қандай? Бір сөзбен айтқанда бисерді нағыз сұлулық, әдемілік деуге бола ма? Сіздің ойыңызша бисер дегеніміз не?
– Бисермен, майда тастармен жұмыс жасау әрине көздің майын тауысатын жұмыс. Бірақ сүйікті ісіңмен айналыссаң қиындықты жеңуге болады. Мен көз жаттығуларын, көбіне отырып жұмыс жасағаннан арқа жаттығуларын жасап тұрамын. Жалпы бисер ол – өзіңді басқалардан ерекшелендіру, қарапайым киімді одан да қымбат және стильді көрсету. Тігін тігу мен бисер – екеуі де қолөнер. Қолөнермен айналысу кезінде адам рухани нәр алады. Бисер басқа да көркем өнер секілді жылдан жылға тез тарап келеді. Яғни күрделеніп, қиындап, түрленіп дамуда. Қазіргі заманға сай жаңаша, қызықты, көз тартарлық етіп өзгеріп тұруы да заңдылық. Олардың құрылымы шыны, металл, фарфор болып келеді. Маңыздысы әр бисерде ине сұғатын арнайы тесіктері болады. Ұсақ моншақтардан әшекей бұйымдарды, басқа да көптеген заттарды қолдан жасап шығару өнері – ғажайып. Бисер – ең қызықты, әрі жұмбақ және көпқырлы, әрі сан ғасырлы дәстүр. Шығармашылықтың бұл түріне қызығушылық бірде жоғалып, бірде қайта жанданды деуге негіз бар. Тарихи деректерде ХХ ғасырдың басында бисер өте танымал болған. Бұл ерекше сәулелі моншақ ХХ ғасырдың ортасында мүлдем жоғалып кеткен. Алайда өткен ғасырдың 70 жылдардан бастап бисер өнері қайта жандана түскен. Ал ХХ ғасырдың 90 жылдары бисер – танымал қолөнер болып халыққа жетті. Жалпы бүгінгі таңда көптеген ел дизайнерлері үшін бисердің маңызы жоғары деуге болады.
– Бір өнер туындысын бисермен тоқып шығару үшін қанша уақыт кетеді? Ең алғашқы қолыңыздан шыққан өнер кімге арналды?
– Бір киімді бисермен әрлеу көлеміне байланысты, бір күн немесе бір аптада, кейде бір сағатта аяқтауға болады. Ең алғашқы бисермен жұмысым анама арналған, бар қымбат тастарымды, бар өнерімді анамның үстінде көруге асығамын. Қазір анамның кез келген көйлегін бисермен әдемілеп қойғым келеді. Менің қолтаңбам анамның жүрегіне жақын тұрса менен асқан бақытты жан болмас.
– Керемет. Елімізде бисермен айналысатын кімдермен шығармашылық байланыстасыз? Бисердің өрнегін тоқу үшін сізге ой қайдан келеді? Ательеңіздің жұмысы жайлы айтсаңыз?
– Қазіргі таңда «Myrza brand» отандық өнім ұсынатын цехпен серіктеспін. «Myrza brand» отандық сән үйімен бізді дәстүр біріктірді. Қазіргі уақытта екі жылдан аса жұмыс жасап келеміз. Біз бірге қазағымыздың ұлттық ою-өрнегінің дамуына үлесімізді қосып жүрміз деген ойдамын. Ал өрнекті тоқу менің қиялымнан, ізденіспен келеді. Ательемнің атын «SandaBegali» деп әкеме арнап қазіргі заманға сай етіп ойластырып қойдым. Ательемнің бағыты – өзімді және өзіммен қатар қыздарды үйретіп, елімізде кесте тоқу саласын дамыту. Біздер әрбір тапсырысты ең әдемі, әрі сәнді етіп шығаруға ұмтыламыз. Ательеге бір рет келген адам міндетті түрде қайта оралады. Өйткені қолөнерді бағалайтын адамдар біздің еңбегімізді құрметтеп, жоғары бағасын беріп кетеді. Ательемді ашқанға дейін Дана Наби, Балжан Ерсерік, Азамат Арғымбаев есімді дизайнерлерден тәжірибе алдым. Сегіз жылдық тәжірибемді жинап басқа қыздарға да үйретудемін. Қазір ательемде 5 қыз болып жұмыс жасаймыз. Біздің қолымыздан шыққан туындыны әлемге, елімізге танымал өнер жұлдыздарының киіп шыққаны бізге мақтаныш сезімін ұялатады.
– Мықты дизайнер, қолөнер шебері ретінде қазақтың сән әлеміне қандай өзгеріс әкелдіңіз немесе әкелу жоспарыңызда бар?
– Болашақта өз стилімді тауып, бүкіл қазақты қазақша өрнекті киімдермен киіндіргім келеді. Басқа ұлттың азаматтары біздің киімді «қазақтың өрнегі» деп мақтанып тұтынғанын қалаймын. Қазақы нақыштағы қамзол мен шапанды оюлап, бисермен әрлеп, әлемдік деңгейге шығару – арманым. Бұл жолда табанды еңбек етіп келеміз.
– Қазір жастардың ұлттық нақыштағы ою-өрнегі бар дәстүрлі киімдерге қызығушылығы қалай, сұраныс бар ма?
– Иә, қазір ұлттық ою-өрнекпен киіну жастар арасында стильді. Бұрынғы уақыттары тек той-томалаққа үлкен кісілер ғана киетін еді. Қазір жұмысқа, серуендеуге болсын қазақы оюмен киімдер сұраныста. Кеңседе, көшеде, той кештерінде ұлттық нақыштағы киімді кисе қандай керемет болар еді. Бұл бір жағынан ұлт құндылығын насихаттағанымыз болса, екіншіден, еліміздің нағыз патриоты екеніміздің көрінісі болар еді.
– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз?
– Отбасым жайлы айтатын болсам, өзім отбасыда бір қызбын, екі ағам, екі інім, ардақты әкем, аяулы анам бар. Өзім Алматы қаласында тұрамын, тұрмыстамын, мені қолдап отырған арқа сүйер азаматым бар.
– Әңгімеңізге рақмет, алдағы жоспарларыңыздың сәтті орындалуына тілектеспіз!
Сұхбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ











