Ұстаз еңбегін бағалай білейік
Ол кісінің сабақты тартымды да қызықты өткізетіні соншалық, бәріміз ұйып тыңдап, сынып ішінде тек шыбынның ызыңы ғана естілетін. Ана тіліміз бен әдебиетіміздің жауһарлары және ақын-жазушылар туралы мақамды дауысымен тәптіштеп түсіндіргенде тәнті болып, жұмбақ, ғажайып әлемге сүңгіп кеткендей күй кешетінбіз. Сабақтың қалайша тез бітіп қалғанын да байқамай қалатынбыз. Анда-санда бірді-екілі оқушы тәртіп бұзса, сабақтан шығарып жіберетін де, ол байғұс директор жағалап ағайдың дәрісіне қатыса алмай жүретін. Осындай талапшылдығы мен қаталдығы да бар тұғын. Ұлағатты ұстаздың сондағысы – шәкірт бойында жауапкершілік, жинақылық, адами ар-намыс қалыптасса деген адал пейіл екенін кейіннен ұқтық қой. Әрдайым тазалық пен турашылдықты, сырбаздық пен салмақтылықты қатар алып жүре алған Жөкең ұстазымыз, бүгінде зейнеткер, ардагер ағамыз Жоламан Ерманов 80 жастың сеңгірінде. Көшеде кездесе қалса жас балаша шүйіркелесе кетеді. Әрине, қарттық қашанда адамды жеңбей қоймайды ғой, шөгіңкіреп қалыпты. Алайда сөздері баяғыдай нық, кесек-кесек, ал жанары әлі де отты, сұсты сияқты. Біртүрлі бала кездегідей сескеніп қалады екенсің.
– Қазақтың басына бұлт үйіріле берді ғой, – деді Жәкең бірде. – Қазір қоғам да, заман да өзгерді. Бірақ білім мен ғылым, еңбек пен талап болса бәрін де жеңеміз. Сондықтан балаларыңды кітап оқуға дағдыландырыңдар, білім алуға құштарлығын арттырыңдар. Абай атамыз «дүниенің кілті – білімде» деп бекер айтпаған ғой.
Иә, ұлт болашағының жарқын көрінісі ғылым мен білім кенін ұлағатты ұстаз сонау бала кезімізден санамызға сіңіріп келеді. Ұлттық болмыс, рух пен намыс, отансүйгіштік қасиетті дамыту – баршамызға ортақ міндет, басты құндылықтар. Осы мақсатта теориялық білімін жетілдіріп, әдістемелік шеберлігін шыңдай білген Жөкең талай шәкірттерін алтын ұядан ұшырды. Қазіргі таңда республиканың түкпір-түкпірінде шәкірттері түрлі салаларда қызмет атқарып жүр. Олардың жақсы істеріне сүйсініп, өз еңбегінің ақталғанына ұстазымыз да дән риза сияқты.
Сол бір оқушылық кезеңде (1965-1974 жылдары) байқайтынымыз – Жөкеңнің қолында әрдайым газет-журналдар жүретін. Облыс және аудан көлеміндегі түрлі конференциялар мен семинарларда Жөкеңнің сөйлеп тұрғанын көргенде кәдімгідей қуанып, кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтін.
Біраз жылдар бойы №35 қазақ орта мектебінде жемісті еңбек еткен Жоламан Ерманов ағамыз кейіннен осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Аудандық білім бөлімінде инспектор болып еңбек еткен жылдары да құрмет-қошеметтен, абырой-марапаттан кенде болған жоқ. Еңбегі жоғары бағаланып, «Оқу ісінің үздігі» белгісімен, республикалық, облыстық білім саласының мақтау қағаздарымен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік төсбелгісімен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен сан мәрте марапатталды.
Жөкең өнегелі де үлгілі отбасының иесі ретінде де жұртшылық арасында мерейі үстем жан. Үлкен қызы Бақыткүл – Қызылорда қаласындағы қазақ-түрік лицейінде ұстаз, одан кейінгі ұлы Алмат Нұр-Сұлтан қаласында жеке кәсіпкер болса, Ернаты – Алматының бір ауруханасында дәрігер, одан кейінгі Қанаты Қызылорда қаласында жеке кәсіппен айналысып жүр, Қайраты – кенттегі емханада дәрігер. Олардан тараған немере-шөберелер жетерлік.
Ұлағатты ұстазымыз зейнеткерлікке шықса да ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосып, ауданда атқарылып жатқан игі істерге белсене араласады. Қоғам өмірінде көтерілген мәселелерге өзінің ой-пікірін, талап-тілегін, ұстанымын айтып отырады.
Иә, ел ертеңі – жас ұрпақтың тәрбиесіне, білімді болуына айрықша еңбек сіңірген Жоламан Ерманов ағамыз бүгінде облыс, аудан халқы танитын сыйлы да қадірлі, құрмет-қошеметке лайықты жан. Сондықтан «Ұстазға құрмет – ұрпаққа міндет» демекші, өмірі – өнеге, тындырған істері үлгі, ұлағатты ұстазымыз Жоламан Ермановқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілуі өте дұрыс та әділетті әрі құптарлық шешім болар» еді дейді жұртшылық. Көзі тірісінде ұстаз еңбегін бағалай білген жөн.
Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ,
журналист