Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰСТАЗ БЕДЕЛІ ШӘКІРТІНЕН

ҰСТАЗ БЕДЕЛІ ШӘКІРТІНЕН


Әрбір шығармашылық жұмыс өз иесінен ойлылықты, ізденгіштікті, жаңалыққа жаршы болуды талап етеді. Ұстаздық еңбек жас талғамайды, бұл жолға түскен жанға тек жалықпай іздену, өз ісін сүйе білу қажет. Осы ақиқатты толық түсінген адам оның қиындықтарын жеңеді әрі шығармашылық қуанышқа бөленеді. Демек, ұстаз білімді болса, шәкірт жүрегіне жол таба алады. Өзі үйренумен қатар әріптестеріне де үлгі көрсетер дәрежеге жетеді. Осындай ұлағатты ұстаздардың қатарында.
№42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Перуза Ми- янова Уәлиқызының есімін айта аламыз.
«Мерейлі кісінің мінезі – адамдық болмыстың айнасы» деген қағидаға сүйенсек, Перуза Уәлиқызы Миянова ұстаздардың ұстазы деуге толық негіз бар. Ол мол өмір тәжірибесін алып, зиялы аға-апалардың ақылойын тыңдап, білімін толықтырып өз өміріне пайдалана білген ұлағатты ұстаз. Сондықтан Перуза Уәлиқызы жайлы қалай айтсақ та, мақтансақ та жарасады. Неге десеңіз, ол кісі үнемі ізденіс үстінде, қайтсем шәкірттерімді толыққанды біліммен сусындандырамын деп алға қойған мақсат-межесіне жету үшін еңбек етеді. Соның бір дәлелі: бірнеше жылдар бойы демократиялық білім беру орталығы мен « Сорос- Қазақстан» қорының «Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлауды дамыту» курсынан алған біліктілігін тәжірибеде кеңінен қолданып, озық тәжірибесін әріптестеріне таратты. Ал өз іс-тәжірибесінен алған «Жаңа технология – жаңа ізденіс», «Оқушыны іздендірудегі жаңа ізденіс қадамдары» баяндамалары облыстық педагогикалық оқулар мен конференцияларда тыңдаушыларынан қолдау тапты.
«Шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі» десек, Перуза Уәлиқызының шәкірттері де талай табыс биіктерін бағындырып, ұстаз еңбегін ақтауда. Ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілі пәні бойынша шәкірттері ауданда үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, пәндік олимпиадаларда топ жарды. Былтырғы оқу жылындағы жеткен жетістіктерін атап өтер болсақ; «Мың бала» республикалық мәдени ағартушылық жобасына 11-сынып оқушысы Нұргүл Зәкірқызы қатысып, жеңімпаз атанды. 10-сынып оқушысы Динара Биғали үш тілде өткізілген аудандық «Абай» оқуында бас жүлдені иемденіп, облысқа жолдама алды.
11 сынып оқушысы Шарапат Қадір аудандық олимпиададан 1-орын алып, облыстық олимпиадаға қатысты. 2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ көрсеткіші бойынша төрт оқушы оқу сауаттылығынан шектік 20 балға ие болды.
Ұстаз еңбегі елеусіз қалмасы анық. Талай жылғы атқарған еңбектері арқасында аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды. Перуза апай-ұстаздықпен қатар отбасының ұйытқысы, аяулы жар, Исабай аға екеуі бес бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Жанұясы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып жеңімпаз атанды.
Бір сөзбен айтқанда, Перуза Уәлиқызын ұжым арасында беделді, үлгі тұтар ұлағатты ұстаз деп айтуға әбден болады.
М.АЛТЫНҒАЗИЕВА,
№42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицей мұғалімі, бірлестік жетекшісі
09 қазан 2018 ж. 1 742 0