Ұстазы жақсының...
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Себебі мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді жан. «Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын адам жоқ.
Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып, тер төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ізгі қасиеттер мен білімді жанына серік еткен ұстаздың бірі – Дархан Әбенов. Ол Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің білікті мұғалімі. Тарих және география мамандығын игерген Дархан Есенбайұлының алдынан мыңға жуық шәкірт білім алды. Осы білім ошағында білім алып, жоғарғы оқу орнына түскен ұлағатты ұстаз Оңтүстік Қазақстан араб тілі институтында кәсіби маман атанып шығады. 1998 жылы қолына диплом алған жас маман туған жеріне оралып, ұстаздық еңбек жолын бастайды. Міне, сол уақыттан бері Дархан Әбенов шәкірт тәрбиелеп келеді.
Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басады. Осындай жол сілтеуші ұлағатты ұстаз – Дархан Есенбайұлының шәкірттерінің білім сапасы жоғары. Үлкен өмірге қанат қағып, кәсіби маман атануда. Облыстық, республикалық, халықаралық білім бәсекелерінде топ жарып жүр. Білім сапасы сараланатын ұлттық біріңғай тестілеуге баратын әрбір оқушы «тарих пәнінен Дархан ағай сабақ берсе» деп ойлайды екен. Оның дәлелін ата-аналардың басшылыққа жасаған пікірлерінен байқауға болады.
–«Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады. Адамзат жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. «Мұғалім, ұстаз» деген ұлы есімге лайықты маманымыз деп Дархан Есенбайұлының есімін үлкен сеніммен айта аламын, – дейді мектеп-лицей директоры Ғалия Жаңабаева.
Кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез-келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбектің ұштастырылуы шарт. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» дейді Мұхтар Әуезов. Уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасаған, еңбегін еш кетірмей еңбегінің жемісін көріп отырған білікті ұстаз Дархан Есенбайұлы, қанша жыл тер төгіп еңбек етсе де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтпайды, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондықтан да ол әрдайым білікті маман ретінде ерекшеленеді.
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзінен ұстаз қауымына деген үлкен құрметті байқаймыз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Осы екі қасиетті өз бойында дарыта білген және өз өмірін осы салаға арнаған Дархан Әбеновті ұлағатты ұстаз ретінде жастарға үлгі етуге әбден болады.
Майя ҚОЖАБАЙ