ӘКЕМНІҢ ҰСТАЗЫ
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, – дейді дана Абай атамыз.
Иә, осы бір ауыз сөзді естіген шақта – бар жан дүниеңді ақтарып, ой теңізіне қиял кемесімен балалық атты әдемі әлемге қалай сүңгіп кеткеніңді де аңғармай қаласың!
Ұстаз қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі – ұстаз. «Мұғалім» десе толқымайтын жүрек, туламайтын жан болмас. Бұл өмірде оның алдынан өтпеген жан болмас!
Бірде әкешім:
Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең... – деп ән салып отыра қалды. Қиялыма қанат бітірген де осы өлеңнің құдіреті. Әкеме қарап:
– Сіздің мектеп қабырғасындағы сүйікті ұстазыңыз кім болды? – деп сұрадым. Әкешім кідірместен:
– Молот ағай! – деді. Аң-таң күйде бір сәт тұрып қалдым. Молот ағайдың аты-жөнін бұрын-соңды естімеппін.
Әкемнің айтуынша, ұстазы сабақ түсіндіруде өзін тым байсалды, сабырлы ұстайды екен. Ал сабақтан тыс уақытта бала біткенді жанына үйіріп әкететін мейірімді де сан өнерді бойына серік еткен бесаспап жан көрінеді. Өмір жолында ол кісі бала оқытудан жалықпай, тек ұстаздық қызметті атқарыпты. Әкешім мектептегі Молот ағайдың қызықтарын, оның білім үйретудегі ерекше әдістерін айтқанда ұйып тыңдадым. Мектепте білім беру жұмыстарын ұйымдастырып, бірнеше марапатқа ие болған екен. Тағылымы мол ұстаздың өмір жолымен танысу маған өнеге болды. Оның үстіне, ардақты әкешімді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз рухына бас идім.
Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түкпірінде сақталуы заңдылық. Әкем айтқан бұл кісінің өмірбаяны маған деректі ақпарат емес, адам мен еңбек туралы әдеби шығарма секілді көрінді. Сол себепті де «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» – дегендей мен де әкемнің ұстазындай ұлағатты жан болуды арман еттім.
Назерке БАТЫРХАНҚЫЗЫ,
№137 орта мектептің
9-сынып оқушысы