Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің киелі білім шаңырағында бір сыныпта 27 ер бала, 5 қыз бала тәлім мен тәрбиені тең ұштастырып, ұстаз берген білім нәрімен сусындап өстік. Қанатымыз қатаймаған ерке балалық сана толастамаған қызықты шақтар бәрі санамызда сағыныш болып қалды. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген даналық сөз біздерді тек жақсылықтың баспалдағына жетеледі. Бұл баспалдақтың ақылшысы, аяулы ұстазымыз Жайна Кенжебекқызы Асқарова. Бір сыныптағы 32 оқушының әрбірінің анасы болып, ұстазы болып көрегенділікпен санамызға білім, тәрбие шырағын өмірлік азық етіп жақты. Бізді қамқорлығына алып, қателігімізді кешіріп, оң бағыт беріп, өз баласындай қанатының астына алғаны бәрі-бәрі ұмытылмайды. Тек құрмет пен ізеттілік көрсету – біздің парызымыз. Оқушыларға ақыл айтып, бізді тек қайсарлыққа, сабырлы болуға баулыды. Уақыт пен жылдар өз еншісін алып міне біздер терең ойлы, ақылды, білімді қатар ұстаған саналы ұрпақ болып қалыптастық. Ұстаздың бізге ұғындырған ұлағатты тәрбиелі сөздері, қанатымызды одан әрі қатайтып шабыттандырды.
Міне бүгінде біздер ұстазымыз Жайна Кенжебекқызы Асқарованың 2017 жылы мектеп бітірген түлектері жан-жаққа арман мен мақсаттың кемел кемесіне мінген шәкірттері үлкен өмірге студенттік шаққа қадам бастық. Уақыт өте келе біздер де бір-бір мамандық иесі болып, елімізге қызмет етеміз. Осындай үлкен жүрекпен бізге тәрбие берген ұстазымыз Жайна Кенжебекқызын ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймыз.
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің
2017 жылғы түлектері