Сайыпқыран директор
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. Сол айтқандай, баланың болашақ таусылмас азығы – мұғалімнің тәлімді тәрбиесі мен өрелі өнегесінде. Жақсы ұстаздың шарапаты шәкірт бойында өмір бойы сарқылмас байлық ретінде сақталып, оның есімі мәңгі жатталып қалады. Ондай ұлағатты ұстазға көпшіліктің де құрметі бөлек болары белгілі. Олай дейтініміз, Сақыбек Алданазаров есімін айтқанда ол кісінің білікті ұстаз болғанын, артында ауыз толтырып айтарлықтай өнегесі қалғанын аудан халқы, тіпті облыс жұртшылығы естелік ретінде айтып береріне кәміл сенімдіміз. Өйткені тұғырлы тұлға – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздардың бірегейі болған.
Тереңөзек тумасы 1929 жылы өмірге келген. Оның балалық шағы қиын-қыстау кезеңмен тұстас. Ер жетіп, бозбала болғанда екінші дүниежүзілік соғыс басталып, соның тауқыметін көрді. Барлық қазақ баласындай еңбекке араласып, ерте есейді. Тетелес өскен бауырлары Жорабек, Бердібек, Әмірбектер колхоздың жылқысын бақса, Сақыбек жеңгесіне бие саууға қолғабыс етті. Оны Тереңөзектегі сүт қабылдау пунктіне ат арбамен әкеліп, өткізудің де басы-қасында жүрді. Одан кейін осындағы астық қабылдау пунктінде де жұмыс істеп, есепші, табельші болды. Еңбек ете жүріп білім алуды ұмытқан жоқ. Оның білімге деген құштарлығының, зеректігінің ерекше болғанын көз көргендер айтады. Сондай қасиетінің арқасында ол орта білімді игеріп, Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскен. С.Алданазаров жоғары оқу орнында «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін үздік бітіріп шығады. Ұстаздық жолды таңдап, оны игерген соң шәкірт тәрбиелеу ісіне кіріскен.
Оқуды бітірген жас ұстаз өзі білім алған Крупская мектебінде қызмет етеді. Еңбек жолын бірден директорлықтан бастайды, яғни жиырма үш жасында мектеп директоры атанған. Ол кезде жоғары білімді мамандар тапшы болған. Сол себепті де жас маман оқу бітірісімен мектеп басшылығына тағайындалады. Өзі жастайынан директор болған жандар санаулы. Сондықтан Сақыбек Алданазаровтың бұл қызметке білім-білігінің жоғары болуының септігі тиген.
Ұйымдастырушылық қабілетімен танылған ұлағатты ұстаз 1953 жылдан 1964 жылға дейін №39 қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек ауылындағы №39 «Қызылөзек» орта мектебінде директорлық қызметті атқарды. Әуелде бұл білім ошағы жеті жылдық болса, 1948 жылдан он жылдық мектеп болған. Осындағы ұзақ жылдық еңбегіне қатысты С.Алданазаровтан дәріс алған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қазыбек Әшірбекұлы бір естелігінде:
– 1953 жылы осы мектептің бірінші сынып табалдырығын алғаш аттағандардың бірі едім. Сақыбек ағай ол кезде осы мектептің басшысы болатын. Ағайдың оқушыларға сабақты түсіндіру тәсілі өте ерекше еді. Әр оқушының сабақты қабылдау қабілетіне орай зейін мен зердесіне аса мән беретін. Ағай мектепте өтетін барлық іс-шараларға өзі ұйытқы болып, ұжымда аса беделді әрі сыйлы болды. Облыс көлемінде оқушылар арасында өтетін әр түрлі жарыстарда «Қызылөзек» орта мектебінің оқушылары алдыңғы қатардан көрінетін, – дейді.
Қараөзек ауылындағы білім ордасында атқарған ерекше жұмысын інісі Бәрзубек Жылқыбай да тебірене еске алады.
– 1959 жылы Қараөзек совхозы орталығында сол уақыттың талабына лайықты жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Сол жылдары мен 7 сынып оқушысы едім. Совхоз директоры Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов жаңа мектепке оркестр құралдарын сыйға тартты. Ауыл балалары оркестрдегі бас контробас домбра, скрипка, пикалло, прима, дауылпаз сияқты музыка аспабын бірінші көруіміз. Бұл аспаптарда ойнау қол жетпейтін іс болып көрінді. Осы оркестрді ұйымдастырып, балаларды музыка әлеміне енгізу үшін білікті маман қажеттілігі туды. Шаршамай, талмай іздеуінің нәтижесінде Сақыбек ағай Қызылорда қаласынан Алматы консерваториясының түлегі, музыка маманы Көпбай Әлиевті мектепке ұстаздық етуге алып келді. Ол кісіге совхоз басшылығына өтініш айта жүріп, пәтер алуына жәрдем етті. К.Әлиев 6-7 сыныптан 20 баланы таңдап алып, аспапты үйретуге кірісіп, нота үйретті. Біздер, сол кездегі 7 сынып оқушылары бір жылдың ішінде оркестрде әжептеуір күй тартатын дәрежеге жеттік. Аудандық оқушылардың көркемөнерпаздар фестивалінде үнемі бірінші орынды жеңіп алып жүрдік. Музыка маманының басқаруымен оркестр облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болатын, – дейді асқарлық ақсақал.
Он жылдан аса Қараөзекте мектеп директоры болған білікті ұстаздың әрі қарайғы қызметі аудан орталығында жалғасын тапты. Мұнда ол Тереңөзек аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Білім бөлімін басқарған сәтте аудан мектептеріне өзіндік жаңашылдықтар әкелді. Сапалы білім, тағлымды тәрбие беруде өзі үлгі бола жүріп, соны барлық ұстаздан талап етті.
– Сақыбек ағайдың түр-тұлғасы келіскен, тазалықты, тәртіпті сүйетін және өзгелерден де соны талап ететін. Оның қарапайымдығы, сөйлеу мәнері айрықша болатын. Ұжымда өте сыйлы болды. Ойын, пікірін анық, түсінікті жеткізетін. Мектеп директорларын «ұстаздардың ұстазы» десек, мен Сақыбек ағайды «директорлардың директоры» дер едім. Себебі 1964 жылы ағамыз Тереңөзек аудандық оқу бөліміне басшылық қызметке жоғарылатылды. Сәкеңнің адамдармен тіл табыса білуі, ұйымдастырушылық қабілетін атап өту қажет, – дейді Б.Жылқыбай.
Мамандық атаулының төресін таңдаған С.Алданазаров басшылық қызметте жүргенімен оқушылардан алыс жүргенді қаламапты. Олай дейтініміз, үш жыл аудандық білім бөлімін басқарғаннан кейін білім ұясы – мектепке қайта барады. Бұл жолы орталықтағы №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепке директор болып келді (1967-1977 жылдары). Биылғы жылы 100-ші түлек шыққан қасиетті қара шаңырақта білім сапасының жоғары болуына тұғырлы тұлға, ардақты ұстаздың қосқан үлесі зор. Аталған білім ошағында қызмет еткен ардагер-ұстаздар мен тәлім алған шәкірттерден оның қандай ұстаз болғанын сұрай қалғанда ешқайсысы мүдірместен үлгілі, білікті ұстаз болғанын мақтанышпен айтып береді.
Бала болашағының бағбаны бола білген жан 1977 жылдан зейнет демалысына шыққанша мамандар даярлайтын №10 кәсіптік-техникалық училищеде абыройлы қызмет атқарды. Кейіннен білікті басшы аудандық кәсіптік техникалық училищге директор болып тағайындалып, мұнда да оқу орнының материалдық-техникалық базасының нығаюына тер төкті.
Саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнап, ауданның білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан Сақыбек Алданазаровтың көп жылғы еңбегі оны құрметке бөледі. Ол оқу-білім министрлігі мен облыс және аудан тарапынан көптеген «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатпен», төсбелгімен марапатталды. Көп жылғы ұстаздық қызметіне орай ұлағатты ұстаз «ҚазССР-на еңбегі сіңген мұғалім», «Білім беру саласының үздігі» атанды. Аудан бойынша «ҚазССР-не еңбегі сіңген мұғалім» төртеу болса соның бірі – осы Сақыбек ағай.
С.Алданазаров өзгенің уақытын аялай жүріп, жұбайы Гүлбарам екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп, оларды жетілдірді.
– Бала өскесін жан-жаққа тарап өз өмір жолдарын табады. Сақыбек ағайдың ұрпақтары да жоғарғы білімдерін алып, қызметтерін Алматы қаласында жалғастырды. Осыған байланысты ағамыз Алматыға балаларының қасына көшті. Сонда да елге деген сағыныш ағаны ауылға әрбір екі-үш айда жетелеп алып келетін. Ол кісі 70 жасына қараған шағында өмірден озды. Қазір ұрпақтары Қазақстанның әр аумағында еңбек етуде. Бірі – дәрігер, бірі – агроном, бірі – қаржыгер, инженер мамандықтарын игерген, – дейді А.Тоқмағамбетов ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Б.Жылқыбай.
Ауданның білім саласы тарихын қозғағанда білікті ұстаз, ұйымдастырушы Сақыбек Алданазаровты айтпай кету мүмкін емес. Оның осы ауданның білім көкжиегін кеңейтудегі сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Биыл С.Алданазаровтың туғанына 90 жыл толып отыр. Жас ұрпақтың болашақ барар жолын айқындап берген осындай парасат пайымы биік, ұлағатты ұстаздар еңбегі әркез дәріптеле беруі тиіс. Себебі олардың артында қалған өшпес мұрасы кейінгі ұрпаққа өнеге.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ