Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың дамуында өзіндік орны бар

Ауылдың дамуында өзіндік орны бар

«Ауыл» жобасы аясында Ша­ған ауылына барған сапарымызда аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Бердібек Қадыровпен пікірлесудің сәті түсті. Ауылдың дамуында өзін­дік орны бар азаматтың ту­ған күні Тәуелсіздік күні ме­ре­ке­сімен тұспа-тұс екенін атап өтуіміз керек. Нақтырақ айт­қанда, ол 1957 жылғы 16 жел­тоқсанда дүниеге келген.

– Тәуелсіздік күні мерекесін жыл сайын асыға күтеміз. Себебі бұл күні отбасымызға екі қуаныш қатар келеді. Біріншісі, ең ұлық мерекеміз болса, екіншісі туған күнімді атап өтеміз. Бұл күні біздің отбасында азаттық, егемендік, тәуелсіздік ұғымы туралы келелі әңгімелер айтылады, – дейді Бердібек Қадыров.

Кеңестік кезең мен Тәуелсіздік жылдарында Шаған ауылының дамуы үшін жемісті еңбек еткен азамат – ауылдағы №37 орта мектебінің түлегі. Ол еңбек жолын 1975 жылы «Тереңөзек» кеңшарында жұмысшы болып бастаған. 1976-1978 жылдары әскери борышын өтеген азамат «ПМК-15» мекемесінде жұмысшы ретінде еңбек еткен. Кейін Қызылорда қаласындағы Жамбыл гид­ромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығы бойынша жоғары білім алған. Жастайынан шаруашылық жұмысында ысылған, аға буын өкілдерінен мол тәжірибе жинаған Б.Қадыров 1987-1991 жылдары «Тереңөзек» совхозында инженер-гидротехник қызметін де атқарған.

– Кәсіпкерлік – ауыл дамуының негізі. Кәсіпкер Б.Қадыров ұзақ жылдар ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосты. Кешегі төтенше жағдай кезеңінде де қайырымдылық іс-шараларына атсалысып, мұқтаж отбасыларға көмектесті. Сондықтан ауыл әкімдігі тарапынан алғыс айтамыз, – дейді ауыл әкімі Ұ.Абдраманова.

Ауылдың дамуында өзіндік орны бар Б.Қадыров еңбек жолында «Рауан» кіші кәсіпорнында цех бастығы, «Мақсат» кіші кәсіпорнында атқарушы инженер қызметтерін де абыроймен атқарған. Биыл зейнеткерлік жасқа жетіп отырған ол 1998-2005 жылдары «КУТТ» серіктестігінде РММ бастығы болса, бас механик ретінде «Казнефтегазстрой» мекемесінің дамуына да еңбек сіңірген. 2005 жылдан 2020 жылдың сәуір айына дейін «Шаған Жер» ЖШС директоры болып еңбек етті. 2011 жылы өндірістегі жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.

– Еңбек жолымызда ауылдың дамуына қолдан келгенше өз үлесімізді қостық. Кәсіпкерлік саласын дамытып, сол арқылы елді мекеннің әлеуетін көтеруге тырыстық. Еткен еңбегіміз халықтың көз алдында. Елбасының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі бар. Сол секілді жетістіктеріміз жоқ емес. Адал еңбекпен жеткен жетістіктеріміздің барлығы ауыл тұрғындарымен бірлесе атқарған қажырлы еңбегіміздің жемісі, – дейді халық қалаулысы.

«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, зейнет жасына жетіп отырған Б.Қадыров уақыттың, бейбіт заманның баға жетпес құндылық екенін айтады. Сол құндылықты көздің қарашығындай сақтау әр азаматтың парызы екенін алға тартады. Ендеше, өзі туып-өскен, азамат болып қалыптасқан Шаған ауылының тыныс-тіршілігін, өткені мен бүгінін бағамдай білетін әрі елді мекеннің дамуына әркез тілектес азаматқа біз де амандық тілейміз.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

21 желтоқсан 2020 ж. 311 0