Егемен елдің перзенттері
Жаңа дәуірде еліміздің қол жеткізген ең табысты жемісі – Тәуелсіздігі. Академик Жабайхан Әбділдин «Тәуелсіздікті тек атқан таңмен, шыққан күнмен ғана теңеуге болады» деп орынды баға береді. Ұлық мереке әрбір қазақ үшін қастерлі. Отыз жылға жуық уақытта елдің еңсесі тіктеліп, мәртебесі жоғарылай түсті. Ел Егемендігіне қол жеткізген айтулы күнді Ақжарма ауылындағы Алдамжаровтар отбасы асыға күтеді. Өйткені, «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекесінде Арысбек Алдамжаровтың ұлы мен келіні туған күнін бірге тойлайды.
Ұлық мерекеде туған отбасы мүшелері Фархад Алдамжаров пен Фариза Жұмаділдаева – ауылдағы жас отбасылардың бірі. Отағасы Фархад – жеке кәсіпкер. Қазіргі таңда мал шаруашылығы саласын дамытуда. Бес жылдан аса уақытта ірі қара малын бордақылау үстінде. Жас кәсіпкер отбасында 4 ағайынды. Ол 1988 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. Ал жары Фариза болса, қазақ елі егемендікке қол жеткізген күні туған.
– Жарым Фархад екеуміз отасқанымызға 9 жыл болды. Біздер 2010 жылы әлеуметтік желі арқылы танысқан болатынбыз. Отағасы өзінің туған күнімен бірдей өмірлік серігін іздеп жүр екен. Алла Тағала біздерді жолықтырды. Шүкір, бақытты отбасымыз. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз, – дейді Фариза Әнуарбекқызы.
Бүгінде Фариза Жұмаділдаева – №130 Абай атындағы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бұған дейін ол Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде еңбек еткен. Ақжармаға келін болып түскен жас ұстаз – Шиелі ауданының тумасы.
– Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Бұл күнде ата-бабамыздың асқақ арманы орындалып, егемендікке қол жеткіздік. Бізге әрқашан ата-анамыз өткен күннің естеліктерін айтып отырады. Жас отбасы үшін өткен тарихтың берері мол, тағылымы зор. Отбасында үлкеннің тәлімін алып, шаңырақтың берекесін кіргізу – перзенттік борышымыз. Әрқашан ұлық мерекеде қуанышымызды атап өтеміз, – дейді жас ұстаз.
Бала күнінен ұлық мерекенің қадір-қасиетін ұғынған Фариза Жұмаділдаева білімнің көкжиегін кеңейтуде. Әркез ізденіс жолында жүріп, кәсіби деңгейін шыңдап келеді. Үлкен әулеттің кенже келіні атанған ол ата-енесінің бабын табуға тырысады. Кәсіпкерлік саласында табысқа қол жеткізіп келе жатқан отағасына үнемі демеу болады. Тәуелсіз мемлекеттің перзенттері еліміздің өркендеуіне үлес қоса бермек. Асылында, «Отан – отбасыдан басталады» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ