Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік күні 4 сәби дүниеге келді

Тәуелсіздік күні 4 сәби дүниеге келді

– Аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде Тәуелсіздік күні 3 ұл және 1 қыз бала дүниеге келді, – дейді перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі Марал Ноғайбекова.

Мемлекетіміз үшін ең маңызды мереке күні ең бірінші болып босанған ана, кент тұрғыны, осы бөлімшенің бала аяжаны болып еңбек ететін Ақзат Қозыбағарова өзінің алғашқы перзентін дүниеге әкелді. Жас ана Нұржан есімді ер бала сүйді.

Сонан соң түске таман Қалжан ахун ауылының тұрғыны Эльвира Мықбасова өзінің үшінші перзентін аман есен дүниеге әкеліп, Кәусар есімді қыз бала өмір есігін ашты. Эльвира ауылдағы №126 орта мектепте мұғалім. Түстен кейін жас босанған аналардың қатарын тағы да Қалжан ахундық Ақтоты Өтепбергенова толықтырды. Отбасында үшінші сәби болып дүние есігін ашқан Әлихан есімді бөбек мемлекетіміздің ең ұлық мерекесінің қуанышын еселей түсті. Әлиханның аман есен дүниеге келуіне перзенхана бөлімшесінің ақ халатты абзал жандары барын салды. Мерзімінен бұрын, кесарь тілігімен босанған жас анаға жедел көмек көрсетіліп, салмағы 2200 грамм бала аман есен дүниеге келді. Қазір сәби денсаулығы қатаң бақылауға алынып, ерекше күтімге алынған.

Арайлап атқан жаңа күннің мерейін Ахмедияр есімді нәресте одан сайын арттыра түсті. Отбасын бақытқа бөлеген сәби кент тұрғыны Жансая Қорғанбайдың екінші бөбегі.

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдық меркесі күні дүниеге келген бүлдіршіндер ел мақтанышы болатындай азамат болып өсуіне тілектестігімізді білдіреміз.
Б.ЖАНӘЛІ
18 желтоқсан 2019 ж. 2 890 0