ӘРІПТЕСТЕРІ ҰМЫТПАС БАЙДӘУЛЕТОВТІ ҚҰРМЕТТІ ЕҢБЕК ДЕМАЛЫСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Ұзақ жылдар ауданның дамуы жолында жемісті еңбек еткен аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің бас маманы Ұмытпас Байдәулетовті бүгін әріптестері құрметті зейнеткерлік жасқа жеткенімен құттықтады.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев мерейтой иесін қуанышымен құттықтап, Ұ.Байдәулетовтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.
– Ел дамуында маңызды орны бар кадр саласының жұмысы қашан да күрделі әрі өте жауапты екені белгілі. Сондықтан, бұл салаға артылатын жүк те ауыр, жауапкершілік те жоғары. Ұмытпас Байдәулетұлы 1977 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтын бітіргенен кейін еңбек жолын Іңкәрдария орта мектебінде ұстаздық қызметтен бастады. Кейіннен аталған ауылда Комсомол комитетінің секретары болып жұмыс жасады. 1985-1987 жылдары №135, №36 мектептерде жұмыс жасап, өзінің кәсіби білімі мен біліктілігінің негізінде аудандық атқару комитетінің кәмелетке жасы толмағандардың істері жөніндегі инспекторы болып еңбек етті. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1991 жылы аудандық экономика комитетінде экономист, баға жөніндегі инспектор, 1995 жылы облыстық баға және монополияға қарсы саясат жөніндегі комитетте бас маман, 1996-2000 жылдар аралығында аудандық пошта торабы бастығының орынбасары, 2000-2007 жылдары аудан әкімі аппаратының құжатамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Ұмытпас Бәйдәулетұлы өзінің еңбек жолында Шаған ауылдық округінің әкімі, аудандық білім бөлімінің бас маманы секілді жауапты жұмыстарды атқарып, нәтижелі еңбек етті. 2014 жылдың ақпан айынан бастап бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің бас маманы болып жұмыс жасады. Ауданымыздың кадр саласының заманауи деңгейге көтерілуі үшін жоғары дәрежеде қызмет етті,- деген аудан әкімі білікті маманның өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі бүгінгі жастар үшін таптырмас өнеге мектебі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Сырдария ауданының дамуына қосқан зор үлесі үшін Ұ.Байдәулетовке аудан әкімі «Алғыс хат» табыс етіп, иығына шапан жапты.
Өз кезегінде Ұ.Байдәулетов құрмет көрсеткен әріптестеріне шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.