Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 180 дана аудандық газетке жазылды

180 дана аудандық газетке жазылды

Бүгінгі күніміз жақсы жаңалықпен басталды. Әркез игі істердің басы-қасында жүретін Дархан Жұмашұлы ағамыз аудандық газетке зор қолдау көрсетіп, өзі басқаратын серіктестіктің 180 қызметкеріне аудандық басылымды жаздыртып берді. Бұл 80 жылдық тарихы бар аудандық "Тіршілік тынысы" газеті үшін зор қолдау болды.
Осы ретте, серіктестік төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев ағамыздың нағыз істің адамы екенін атап өтуіміз керек. Өйткені, халық қалаулысы аудандық газетке жаздыртуға қолдау көрсетемін деген уәдесін уақытылы орындады. Сол арқылы серіктестік қызметкерлерінің аудандағы маңызды жаңалықтармен танысуына жол ашты.
Мен Дархан ағаны 2014 жылдан бері білемін. Республикаға үлгілі ауыл атанған Нағи Ілиясов ауылдық округінің бүгінгідей биік белесті бағындыруында Дархан ағаның сіңірген еңбегі зор. Серіктестік басшысы таңертеңнен бастап кеш батқанға дейін елді мекеннің еңсесін тіктеу бағытында күнделікті еңбектеніп келеді. Соның негізінде ауыл абаттанып, көркейді. Елбасы "Әр ауыл Нағи Ілиясов ауылындай болуы керек" деп баға беруінің астарында да маңдай тер мен ізденіс және ұзақ жылғы қажырлы еңбек жатқаны белгілі.
Ерекшелігі сол, мен білетін Дархан Жұмашұлы ағамыз ешқашан болдым-толдым демейді. Жылдың қай мезгілінде көрсеңіз де бірқалыпты. Үлкенмен де, кішімен де сөйлесіп, пікірін тыңдай біледі. Тазалықты сүйеді және өзгеден де соны талап етеді. Тектілік қой.
Дархан ағаның тағы бір қыры ақын-жазушылардың шығармаларын тыңдағанды, оқығанды ұнатады. Бұрнағы жылы абыз Әбіш пен терең білім иесі Мырзатай ағаны арнайы алдырып, құрмет те көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлының бастамасымен облысымызда бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан "Парасатты поэзия" фестивалінің қонақтары да Нағи Ілиясов ауылында қонақта болды. Ақындарды аялап, құрметтеген ағамызға әдеби ортаның өкілдері ризалышықтарын білдіріп, алғыс жаудырғанын көзімізбен көрдік. Көрдік те сүйсіндік. Болсайшы, ағалардың бәрі осындай деп қызыққанымыз да рас.
Жазбаны жазып отырып бір ой келді. Жалпы, бүгінде біз бір-бірімізді көп мақтамаймыз. Бұл қоғамның уақыттың тапшылығы немесе мейірімнің азайғаны шығар. Бірақ, мүмкіндік бар кезде бір-бірімізге демеу болып, қолдау көрсетіп, қолдан келетін көмегімізді аямағанымыз жақсы емес пе?! Сондықтан аудандық газетке қолдау көрсетіп, ағалық қамқорлығын аямаған Дархан ағаға зор алғыс білдіре отырып, біз білетін және білмейтін жақсы қасиеттері мен үлгілі істеріне Алла мол сауаптан жазсын демекпін.



06 желтоқсан 2019 ж. 644 0