Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Осы ғұмырыма ризамын

Осы ғұмырыма ризамын

Викториян кезеңінде бүкіл Еуропаны шарпыған қысқа сауалдардан тұратын тек қана шынайы жауап беруді талап ететін қызықты ойын пайда болады. Аталған ойынның қызық болғаны соншалық сол кезеңдегі Карл Маркс секілді танымал адамдардың бәрі жауап берген екен. Уақыт өте келе ұмыт бола бастаған бұл дәстүрді француздың танымал модернист қаламгері Марсель Пруст жалғастырған. Осыдан кейін бұл «Пруст сауалнамасы» деп аталған. Бүгінгі «Пруст сауалнамасының» кейіпкері – аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы.

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Меніңше, адамның басты қасиетіне басқа адаммен өзара түсіністік табуында. Ортақ тіл табыса білуінде.

– Ер азаматтың басты қасиеті не?
Ер азаматқа жүктелетін міндет көп. Отбасында және қоғамда адам арасындағы ауызбіршілікті сақтауы керек. Ұрыс-керіс пайда әкелмейді. Азамат атына лайықты, бір сөзді болғаны абзал.

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
Осы уақытқа дейін бірнеше кітапты оқып шықтым. Сүйікті әдеби кейіпкерім ретінде ерекше есімде қалғаны – Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи дилогиясындағы Ораз Мұхаммед. Басты кейіпкер Ресей жерінде жүріп, қазақ үшін барын салады. Ұлт үшін туған азамат екенін дәлелдейді. Дипломатиялық қарымқатынас жолында өзін барынша шыңдай түседі. Сонымен бірге полк басқарып, ұлт мүддесіне айрықша жұмыс жасайды.

– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
Ең басты кемшілігім – бір адамның бойындағы кемшілікті көре тұра айта алмауым. Негізі уақытында айтылуы керек. Бірақ ол адамның кемшілігін айтуға арым бармайды. Кейіннен айтпағаным үшін өкінетінім тағы бар.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
Бос уақытымда газет оқимын. Аудандық, облыстық, республикалық баспасөзде жарық көрген мақалаларды оқығанды жөн көремін. Сосын есіктің алдыңдағы бақшаға күтім жасау адамға серпіліс береді.

– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
Біріншіден, адам өмірге екінші рет келем деп ойламайды. Екіншіден, қайта өмірге келсем, таңдау мүмкіндігі болса осы күніме қайта оралып келетін едім. Осы ғұмырыма ризамын.

Неден жиіркенесіз?
Жарымсақтықтан! Біреуге жалбақтап, жағымпазданғанды аса ұнатпаймын. Бас пайдасы үшін бір адамның көңілін тапқысы келетін кей кісінің әрекетінен жиіркенемін.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– Қазақта нақыл сөз көп. «Аяғыңды көрпеңе қарап көсіл». Бұл дегеніміз сөз бен тірлікте шама-шарқынша әрекет етуді білдіреді. Бір жағынан: «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген тағы бар.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Арсыз болмай атақ жоқ. Алдамшы болмай бақ қайда?» деген Абайдың қанатты сөзін үнемі есімде сақтаймын. Қазіргі кей қоғамның бет-бейнесі тап осылай қалыптасқан секілді.

– Жастарға айтар ақылыңыз?
Негізінен өтіп бара жатқан ұрпақ өзінен кейінгі ұрпаққа еш уақытта көңілі толмайды. Бірақ жаңа ұрпақ өткен ұрпақтан кем дәрежеде өмір сүрмейді. Қоғамды да олардан кем ұстамайды. Сондықтан қазіргі ұрпаққа айтарым бос жалқаулыққа салынбай, адал еңбек ете білу қажет. Қоғамның лайықты азаматы болуы керек.

– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиет жоғалып бара жатыр?
Кешегі мен бүгінгі адамды салыстыра қарағанда өзгешелік көп. Қазір адамдар бір-бірімен жуыспайды. Анығын айтқанда, туысын, жақынын іздейтіндер азайып бара жатыр. Қазіргі таңда адамдар вирустың карантинінде емес, тірліктің карантиніне кіріп кеткен секілді. Барынша жақындасудың орнына, оқшауланып бара жатыр.

– Сырдария ауданы Сіз үшін несімен қымбат?
Сырдария ауданы дегенде өзінің өткенімен, ауданнан шыққан азаматтарымен мақтанамыз. 1960 жылдан бастап аудан тек өрлеудің үстінде келе жатыр. Ең бастысы ауданда елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан мен үшін әңгіме-сөзге ермей, жүйелі жұмыс жасайтын азаматтарымен, туған жер атын шығаратын тұлғаларымен қымбат.

Сауалнаманы жүргізген Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 маусым 2020 ж. 1 318 0