Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рухани азықтан ажырамайық

Рухани азықтан ажырамайық

Қоғамда қалыптасқан ахуалға байланысты түрлі науқан орын алады. Саяси науқан, егін науқаны, ал бізде баспасөзге жазылу науқаны. Жылына екі мәрте болатын науқанның екіншісі аяқталуға жақын. Жаңа жылдың қарсаңында баспасөзге жазылуды қорытып, келесі жылдың таралымын нақтылайтын уақыт та таяу.

Қазір баспасөзге жазылуда белсенділік таныта­тындардың қатары да артып келеді. Бірнеше жүз данаға артқан аудандық газеттің жұмысы да оның оқырманына байланысты. Соңғы кезде газет таралымын арттыруға байланысты бірнеше жоба іске асты. Барлық жобаның мақсаты – газет оқырмандарының сұранысына сай қызмет көрсету.

Газет – рухани азық. Газет оқыған адамның көкірегі ояу, көзі ашық болады. Елдегі, қала берді әлемде орын алып жатқан жағдайдан хабардар болып отыру үшін ақпарат алу көзі қажет.

Расында, қоғамда газет оқымайтындардың саны басым. Неге десеңіз көпшіліктің пікірі газет оқуға уақыттың жоқтығын алға тартады. Ал жастар жағы газеттің электронды нұсқасын оқиды. Күнделікті жаңалықтардың барлығы газет сайтында жарияланатындықтан, аталған форматқа сұраныстың басым болатыны да түсінікті. Дегенмен рухани азықты қағаз түрінде шығатын газеттен іздейтіндер саны аз емес. Солардың қатарына барлық 4 мыңға жуық газет оқырманын қосуға болады.

Жалпы, таңертеңгілік жұмыс уақыты басталғанда, әсіресе, газет шыққан күні жұмыс телефонына дамыл болмайды. Телефонның арғы жағындағылар газеттің таңертеңнен бас­тап неліктен қолға тимей жатқанына шағымданады. Бұл бір жағынан қуанышты жағдай. Себебі газеттің жаңа санын асыға күтіп отырғандар газет жұмысына шынайы бағасын беруге асығады. Ал оқырмандардың ойынан шығу – әрбір тілшінің міндеті.

Қолына қалам ұстаған журналист оқырманның жүрегін жаулап алуы үшін барын салады. Өзекті мәселелерді орайын келтіріп жазуға, қоғамдық пікір қалыптастыруға тырысады. Мақаланың өміршеңдігі де журналист қозғаған тақырыптың дұрыс жазылуында деп ойлаймын. Нағыз маман ең алдымен оқырманға түсінікті тілді таңдап, мәселенің мәнісін шеберлікпен ашып беруге тырысады. Бүгінде аудандық газетте жарияланып жүрген мақалалар дәл осындай мазмұнда деп нық сеніммен айтуға болады.

Себебі, тарих шежіресіне айналған, сексен жылдан астам тарихы бар аудандық «Тіршілік тынысы» газеті оқырмандар арасында өз орнын алды. Бұған газет редакциясының ұжымы үлкен үлес қосты. Сондықтан барша оқырмандарымызды, тілекші жандарды аудан айнасынан қол үзіп қалмауға шақырамыз. Біз Сіздермен біргеміз!


Бибісара ЖАНӘЛІ

05 желтоқсан 2020 ж. 333 0