Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметіміз – оқырман үшін

Қызметіміз – оқырман үшін

Аудандық газет басылым оқырман­дарымен тығыз қарым-қатынас жасап, әріптестік байланыс орнатуды жолға қойды. Қазіргі таңда шығармашылық топ мүшелерінің айлық жоспары да оқырмандардың ұсыныс-пікірі негізінде бекітілуде. Бұл біздің қызметіміздің басым бағыты оқырман игілігіне арналғанын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, ойлы оқырман – басылым тірегі.
Баспасөзге жазылу науқанында басы­лымның тұрақты оқырмандары ерекше белсенділік танытуда. 2020 жылдың ІІ жартыжылдығына аудандық газетке жазылушылардың қарасы қалың. Олардың ішінде көршілес ауданның тұрғындары да бар. Олар біздің аудандық газеттің жаңалықтарын электронды сайтымыздан көріп, оқып, енді қағаз түріндегі нұсқасын қолға ұстап оқымақ ниетте. Бұл бірлесе атқарған еңбектің жемісі.
2020 жылдың І жартыжылдығында аудандық газет 3661 данамен таратылып жатқаны белгілі. Бұл өткен баспасөзге жазылу кезеңімен салыстырғанда 18,3% артық. Яғни баспасөз маманы мен таратушылардың жұмысында ілгерілеу бар. Алдағы уақытта да басылым таралымын көбейту бағытында нақты жұмыстар жүргізіле бермек.
Атап өту керек, редакция бастамасымен еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар аудандық газетке демеушілер көмегімен жазылуда. Олардың саны бүгінде 165-ке жетті, яғни 165 оқырманның мекен жа­йына аудандық басылым жазылды. Осы ретте кәсіпкер азаматтарға, басқа да жекелеген жанашырларға алғысымызды білдіреміз. Басылымға көрсеткен қолдауы – қазақ баспасөзіне көрсеткен қолдауы деп қабылдаймыз.
Тағы да бір айта кететін жайт, «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы баспасөзге жазылу науқаны барысында оқырмандар үшін жаңа мүмкіндік жасауды қолға алды. Егер, Сіз аудандық газетке жазылғыңыз келсе, жұмыстан немесе басқа да жағдайлардан редакцияға келуге қолыңыз тимесе, онда редакцияның баспасөз маманына хабарлассаңыз, маманның өзі түбіртек толтыру үшін мекен-жайыңызға барады. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді әрі келіп-кету шығыныңызды қысқартуымен де тиімді. Ол үшін 8–777–155–94–53, 21–5–73 хабарласуыңыз қажет.
Жоғарыда айтылғандай, аудандық газетке Қызылорда қаласымен бірге көршілес Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудан­дарының тұрғындары да жазыла алады. Олардың мекен жайына басылым аптасына екі рет барады. Бүгінде қала мен аудандарда біздің тұрақты оқырмандарымыз бар. Мәселен, күні кеше Арал ауданындағы Абай ауылынан Азамат Мұхтарұлы есімді оқырманымыз газетке жазылды. Мұнан бөлек Жаңақорғанның Төменарық елді мекенінен Ерлан Байзақов есімді азамат басылым оқырманы атанды. Осы секілді мысалдарды Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Шиелі аудандарынан келтіруге болады.
Баспасөзге жазылу барысында қолдау көрсетуші барлық азаматқа алғыс айтамыз. Біздің қызметіміз – оқырман үшін. Оқырманнан ұсыныс түссе, сол тақырыпта шығармашылық топ мүшелері қалам тербеуге дайын. Сондықтан оқырмандарды бірлесе еңбек етуге шақырамыз. Біз біргеміз!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
30 мамыр 2020 ж. 922 0