Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жергілікті газетке жазылдыңыз ба?

Жергілікті газетке жазылдыңыз ба?

«Телефон шыр етеді,
Сонда менің жүрегім дір етеді...» деп басталатын Фариза Оңғарсынованың өлеңі бар. Редакторлық қызметке кіріскенде жұмыс телефоны шыр ете қалса, жүрегім дір етіп, тұтқаны қорқа соқтап көтеретінмін. Себебі, артымызда 3090 оқырман бар болатын... Бұл түсіне білгенге зор жауапкершілік, әрі жұмыс телефонының шырылдауының астарында оқырманның ойынан шығу, талап-тілегін тыңдау, ұсыныс-пікірін ой елегінен өткізіп, мақалаға арқау ету секілді тиянақтылықты талап ететін дүниелер жататыны да белгілі.

Редактордың жұмыс телефоны аптаның сейсенбі және сенбі күндері көп шырылдайды. Себебі, осы күндері жергілікті газет басылып шығады. Басылымды асыға күтетін тұрақты оқырмандар таңертеңгі сағат 10.00 шамасында «Газетіміз әлі келмеді ғой... Неге кешігіп жатыр?» деп хабарласады. Мұндайда дереу баспасөз бөлімінен мәселенің мәнісін анықтап, жылдам жауап береміз. Газеттің кешеуілдеп таратылуы таратушылардың жұмыс ауқымдылығына келіп тіреледі. Бірақ, сейсенбі күні шыққан газетті сей­сенбіде, сенбі күні шыққан газетті сенбіде оқырмандардың мекен-жайына жеткізу тұрақты бақылауға алынған. Сағат 10.00-де хабарласатын тұрақты оқырмандарға мұны түсіндіріп, газетімізді асыға күткеніне шынайы алғысымызды білдіреміз.

Сейсенбі мен сенбіде хабарласатын оқырмандар «Бүгінгі газетке шыққан мақаланы оқыдық, жақсы жазылыпты» деп пікір білдіреді. Мұндай пікірді естігенде төбеміз көкке жетіп, қуанып қаламыз. Оқырман бағасынан асқан әділ баға жоқ екенін алға тартып, мақала авторының мерейін өсіріп, апталық жиналыста еңбегін шығар­машылық топ мүшелеріне үлгі етеміз. Сондай-ақ, сол күнгі көңіл-күйіміз көтеріңкі болады. Себебі, оқырманның біздің жазған дүниемізге мән беріп, зейін қойып оқуы, оған жақсы пікір білдіруі шығармашыл адамға шынайы қуаныш сыйлайды. Жұмысқа деген құлшынысымызды арттырады. Міне, жұмыс телефоны осындай мәселелер мен жаңалықтарды жеткізіп, оқырман мен редакция арасындағы тығыз байланысқа дәнекер болып келеді.

Бірде аптаның сәрсенбісінде жұмыс телефонына ауданның Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері хабарласты. Ол сейсенбі күнгі аудандық газеттің әлі келмегенін айтып, себебін сұрады. Дереу таратушыға хабарласып, мән-жайды анықтадық. Бір күнде 30-35 шақырым жаяу жүріп, басылымды әр үйге тарататын таратушы маман өз қынжылысын білдірді. Айтуынша, әлгі ардагердің есігінің алдында үлкен екі ит жатады екен. Иттен қорыққан таратушы маман газетті белгіленген орынға салуға жүрексініп, екі күн бойы қайта айналып аталған көшеге барыпты. Екі күнде де қабаған иттерді көріп, басылымды белгіленген орынға кейінірек салармын деп сөмкесіне салып алыпты. Бұл жағдайда қандай шешім қабылдауға болады?! Мен ауданның Құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагеріне қайта хабарластым. Тұтқаны көтере сала басылымның қашан келетінін сұраған ардагерге «Газетті оқығыңыз келсе, иттеріңізді байлап қойыңыз. Болмаса, газетке жазылған қаржыңызды қайтарып береміз, таратушымызды ит қауып алғанын қаламаймыз» дедім. Ол кісі өз қатесін түсініп, иттерін байлап қойды. Тұрақты оқырман да, таратушы маман да риза. Бұл да жұмыс телефоны арқылы шешілген түйіннің бірі.

Қазір екінің бірі «What Saap» (Ватсап) желісін қолданады. Қалта телефонына орнатылған аталған желіде статус деген бөлім бар. Ол жерге сурет немесе мәтін жазуға болады. Бірақ, статусқа орналастырған ақпаратты нөмірі телефоныңызда сақталған адамдар ғана көре алады. Өткен аптада «What Saap» желісіндегі статусыма «Сіз «Тіршілік тынысы» газетіне жазылдыңыз ба?» деп сұраулы сөйлем жазған едім. 483 адам «Иә» деп жауап берді. Осыған қарап 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған баспасөзге жазылу науқаны нәтижелі қорытындылатын шығар деп ойладым. Осы ретте, газеттің бүгінгі нөмірін қолға алып, басылымдағы мақалалар мен ақпараттарды оқып отырған оқырман қауымға да «Жергілікті газетке жазылдыңыз ба?» деп сұрақ қойғым келеді... Сонымен бірге, газетке жазылып үлгермеген азаматтарды басылымға жазылуға шақырамын.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

14 қараша 2020 ж. 417 0